×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

"Әлі күнге дейін нәтиже жоқ": Тоқаев министр Сүлейменованың жұмысына шүйлікті

11.07.2023, 13:45
Коллаж: Ulysmedia.kz

Мемлекет басшысы Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қаланы сумен қамту мәселесіне айрықша назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Астананы сумен қамтамасыз ету өте маңызды міндет. Жаздың басында су тапшылығы қатты сезілді. Бұған тұрғындар наразылық білдіргенін білесіздер. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингке шықты. Бұл – елорда өмірінде болып жатқан келеңсіз оқиғалар.

Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек», - деді президент.

Тоқаев елорданың Астана су қоймасына толық тәуелді болып отырғаны қауіпті екенін айтты.

«Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық», - деп ескертті мемлекет басшысы.

Бұған қоса, президент су қоймасының ластанып жатқанын атап өтті.

«Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек.
 Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес.

Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс», - деп қадап айтты Тоқаев.

Еске салайық, бұдан бұрын белсенділер Астана су қоймасындағы экологиялық апат жайлы дабыл қаққан болатын.

Серіктес жаңалықтары