Қарағанды облысының аумағында табиғи өрттердің жаңа ошақтары тіркелген жоқ. Десе де, таудағы өрт ошақтарының бірінде 100-ден астам адам әлі де жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Шет ауданындағы Тау алабы аумағында 1872 га алдын ала алаңда («Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ нақтыланған деректеріне сәйкес) 1 ошақ бақылауда қалып отыр”, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Өрт сөндіру жұмыстарына 110 адам және 30 техника жұмылдырылған.
Өңірде соңғы тәулікте Ақтоғай ауданында құрғақ шөптің жануының екі оқиғасы сөндірілді. Шабанбай би ауылдық округінде өрт аумағы 10 гектарды құрап, ерікті өрт сөндіру бөлімшелерінің күшімен сөндірілді. Айыртас ауылдық округінде Айыртас ауылының өрт сөндіру бөлімшесінің күшімен 42 гектар аумақта құрғақ шөптің өрті сөндірілді.
Айта кетейік, Қарағанды облысындағы дала өртіне байланысты 3 ауылдық округте төтенше жағдай жарияланды. Атап айтқанда, Шет ауданына қарасты Талды, Ақшоқы, Ақсу-Аюлы ауылдық округтерінің аумағында қауіп деңгейі жоғары болып тұр.