Сотта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховқа қатысты 2 айға қамауға алу бұлтартпау шарасын таңдады.
Оны ҰҚК сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша ұстаған.
Исахов еңбек жолын полицияда бастады, кейін ҚТЖ-ға ауысты. Исахов Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында да жұмыс істеп, Өскеменде көлік және жолдар басқармасының басшысы, кейін әкімнің орынбасары болды.
Алматыда әкімдіктің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып, президент әкімшілігінде мемлекеттік инспектор дәрежесіне дейін көтерілді.
Ол 2020 жылдың ақпан айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және жол, туризм, ақпараттық қауіпсіздік және халыққа қызмет көрсету салаларын қадағалады.
Айта кетейік, өзінің айтуынша, 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Исахов соққыға жығылған.
«Сосын олар бізге шабуыл жасап, басымнан ұрды. Олар бізді ұстап, белгісіз жаққа сүйреп апарды, киімдерімізді жыртып, тепкілеп, телефонымызды тартып алды. Біздің сарбаздар мен полицейлер көзден жас ағызатын газ қолданғанда ғана құтылдым», - деді ол.
Бұған дейін Шымкентте Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы ұсталғаны хабарланған болатын.