×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Біреу тоңып секіреді, біреу...: БҚО билігі мұнайдан түскен миллиардтарды қайда жұмсап жатыр

27.07.2023, 15:29
Біреу тоңып секіреді, біреу...: БҚО билігі мұнайдан түскен миллиардтарды қайда жұмсап жатыр
Коллаж: Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz инвесторлардың өңірлерді дамытуға берген миллиардтаған долларлары қайда жұмсалып жатқанын анықтауды жөн көрді. Бұған ТШО-ның Атырауға қалай ақша жұмсайтынын айттық, ал бүгін біз әлемдегі ең ірі Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнын  игеру жөніндегі оператор - Батыс Қазақстан облысындағы "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясының аймаққа қаржылық ықпалы жайлы сөз етпекпіз.

ҚПО – бұл консорциум, яғни компанияны әр түрлі көлемде иеленетін және сәйкесінше акциялар санына байланысты пайда табатын әр түрлі елдерден біріккен компаниялар тобы. Бірінші орынды ағылшын алыбы Shell және итальяндық "Эни" компаниясы бөлісті, әрқайсысы 29,25 % үлеске ие, жалпы үлестері - 58,5% акция. Бұған қарамастан ҚПО халық арасында әлі де италиялық компания болып саналады және бас директорлар лауазымына үнемі этникалық итальяндықтар болды: Дамиано Ратти, Ренато Маролли, Джанкарло Руй. Екінші ірі акция ұстаушы – американдық Шеврон – 18%, ресейлік "Лукойл" 13,5% үлеспен үшінші орында. Ал Қазақстанның атынан өкілдік ететін "Қазмұнайгаз" небары 10% үлеске ие.

ҚПО мұнай мен газды тек айдайды және шикі күйінде шетелге жөнелтеді, облыс аумағындағы өнім қайта өңделмейді, БҚО тұрғындары пайдаланатын барлық дерлік жанар-жағармай Атырау МӨЗ-ден келеді. Егер көлемдер туралы айтатын болсақ, тек 2022 жылы өңірден 7,5 млрд доллар немесе 3,4 триллион теңгенің мұнайы сыртқа кетті – бұл мемлекеттік кірістер комитетінің деректері.

Салық төлеуден басқа, ҚПО тағы бір міндеттемені орындауы тиіс – жыл сайын әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 30 млн доллар немесе 13,5 миллиард теңге бөлуі қажет. Шикі мұнайды сатудан түскен табыспен салыстырғанда болмашы сома, тіпті саудаланғанның 1%-ына да жетпейді. Алайда бұл ақшаның өзі діттеген жеріне жетіп жатқан жоқ.  Атап айтқанда: оларды жұмсау кезінде ашықтық жоқ, экологияны бүлдіргені үшін өтемақы ретінде бөлінген ақшаның қалай және не үшін жұмсалып жатқанын халық білмейді, өйткені бәрін облыс әкімдігі шешеді.

Әкімдіктің шешімдері халықтың көңілінен шығып жатқан жоқ, өйткені инвестор қаржысына пайдасыз нысандар салынып жатыр. Өңірде қаржы салуды қажет ететін бағыттар жеткілікті. Мәселен, "Атырау-Орал" трассасының жағдайы мүшкіл, ешқашан тазаланбайды, онда жыл сайын ондаған адам көз жұмады. Орал су арнасына да қыруар қаржы қажет – жазда қала тот басып, әбден тозған құбырлардың салдарынан сусыз отырады. Аймақта электрмен жабдықтау да өте нашар – ауа-райы сәл бұзылса, тұрғындар жарықсыз қалады.

Әуежай

Әкімдіктің халық күн көре алмай отырғанда “қызыл-жасылға” құмарлығы таң қалдырады. Мәселен, үш жыл бойы "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." қаржысына Орал әуежайы салынды. Шынында да, ескі әуежай жөндеуді қажет етті және оған салынған инвестиция компания қаражатын игеру тарихындағы ең сәтті жоба болуы мүмкін еді. Алайда бұл жоба да шикіліксіз болмады. 2019 жылы жоба құны 1,5 миллиард сомаға бағаланған. Бірақ құрылыс кезеңінде ши шығып, қаржыны 2,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға тура келді. Ақырында жоба құны 6,6 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар, коронавирустық пандемияның ортасында, ескі терминал бұзылып, жаңасы әлі салынбаған кезде, жолаушылар қыстың суық түндерінде металл-пластикалық вагондарда рейстерін күтуге мәжбүр болды. Айтпақшы, бір жылға жуық уақытқа созылған әуежайдың құрылысы аяқталғаннан кейін, бірнеше белсенді – мүмкіндігі шектеулі жандар әуе айлағы инклюзивтілік қағидаттарына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Жобаның тағы бір құтұрқылығы – жаңғырту жұмыстары басталғанға дейін әуежай Bek Air апатынан кейін жойылған жеке компанияға тиесілі болды. Қайта құру алдында айлақ "Ақжайық" квазимемлекеттік ӘКК-ге берілді. 2023 жылдың басында мұнай дивидендтері есебінен жаңартылған әуежайдың 49% үлесі қазір ресейлік олигарх Виктор Вексельбергке тиесілі екені белгілі болды. Билік инвестор Орал қаласынан әуе рейстерінің жаңа бағыттарын ашады деп сендіріп отыр. Бірақ әзірге Орал қаласынан Алматы, Астана, Ақтау, Атыраудан басқа, Майндағы Франкфурт қаласына және Түркия мен Египетке ғана ұшуға болады.

Атамекен сарайы

Архитектура тұрғысынан мүлдем сәтсіз әрі қала тұрғындарының санына сай келмейтін "Атамекен" мәдениет сарайы да бір жарым жыл бұрын ҚПО қаржысына салынды. Жобаның құны – 9,5 миллиард теңге. Айта кетейік, 1120 орындық сарай коронавирус өршіп тұрған кезде ашылды, бұл қала тұрғындарының наразылығын тудырды, өйткені ол 7,2 млрд теңгеге салынған 200 орындық модульдік ауруханадан да қымбат болды."Атамекенде" қазір аймақтық оркестрлер мен аса танымал емес топтардың концерттері өтеді, басқа кезде бос тұрады.

Қадыр Мырза Әлінің музей-үйі және АХАЖ

Мұнай алпауытының қаражатына салынған тағы бір нысан –  Қадыр Мырза Әлінің музей-үйі де архитектурасымен таңғалдыра қойған жоқ. Ол 2015 жылы 750 миллион теңгеге салынған, 1000 адамға арналған. Ғимараттың өзі шыны амфитеатр түрінде және архитектурасы жағынан тартымсыз материалдардан жасалған және өте көлемді – шамамен 4 мың шаршы метр. Мұражайды қала тұрғындары мен туристер арасында танымал деу қиын. Бірақ бір нәрсе анық – бір тұлғаға арналған тақырыптық мұражай үшін нысанның көлемі өте үлкен. Облыстық мұражай немесе кем дегенде қалалық мұражай болса – әңгіме басқа.

Қадыр Мырза Әлі мұражайынан Тұңғыш Президент Назарбаев алаңы арқылы сәл өткенде неке сарайының ғимаратын көреміз. Ол да ҚПО ақшасына алынған. 8,3 миллион теңгеге салынған нысан "Салтанат Сарайы" мейрамханасына жалға беріледі, ғимараттың қалған бөлігі – неке тіркеу залдары. 

Теннис корты

"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." облыс аумағындағы спорттық нысандарға да ақша салып келеді. Мәселен, 2014 жылы құны 1,6 миллиард теңге болатын  ауқымды теннис орталығы салынды. Орталықтың ауданы 5,6 мың шаршы метрді құрайды. Төрт ішкі корт, трибуналары бар және оның айналасы абаттандырылған. Салтанатты спорт ғимараты ашылғаннан кейін бірден екі мәселе туындады. Біріншіден, Халықаралық теннис федерациясы кортты өз талаптарына сай емес деп таныды, екіншіден, Орал қаласында осы элиталық спорт түрінен жаттықтырушылар табылмады және оларды Ресейден алып кетуге тура келді.

Тағы бір проблема – теннис орталығын ұстау шығындарының тым көптігі. Сондықтан ол жекенің қолына берілді. 2021 жылы спорт орталығы 697 миллион теңгеге аукционға қойылды, яғни алты жыл ішінде оның құны миллиард теңгеге төмендеген.

"Жасыл жобалар"

Мұнай алпауытыны жыл сайын Green Forum өткізеді, онда әртүрлі сарапшылар экология, атмосфераға шығарындыларды азайту туралы айтады. Иә, иә, консорциум өзін қоршаған орта тазағылы үшін күрескер ретінде көрсетуге тырысады. Алайда ҚПО-ның инвестициялары есебінен іске асырылған жобаларға қарасақ, олай деу қиын. Мәселен, 2016 жылы Орал қаласында Шаған өзенінің оң жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. Атап айтқанда, өзеннің арғы жағындағы жайылмалы ормандар велосипед жолдарын салып, спорттық тренажерлар орнату үшін оталды. Жобаның құны – 2,6 миллиард теңге.

Экологтар дабыл қақты: ағаштарды кесу өзенге жақын көлдердің кебуіне, құрғақшылыққа және құстар мен жануарлардың жойылуына әкеледі. Бірақ билік құлақ аспады. Мамандардың айтқаны айдай келді – көлдер қазірдің өзінде кеуіп үлгерді.

25 шілдеде жарияланған "Көлгіновтің сенімді адамдары: БҚО-ға бөлінген миллиардтарды кім "игеріп" жатыр" атты мақаламызда "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясының 192 миллион долларлық жаңа траншын кім және қалай басқаратыны жайлы жазғанбыз. Біз инвестордың қаржысын БҚО-ның бұрынғы әкімі, экс-вице-премьер Алтай Көлгіновтің сенімді адамдары ұршықша иіріп отырғанын анықтадық.

Әзірге материалдағы дәйектерді ешкім жоққа шығарған жоқ.