Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы конфессияаралық диалогты дамытуға және өшпенділік тілмен күресуге бағытталған қарарды қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Қабылданған қарарда дін немесе наным-сеніміне байланысты адамдарға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттердің барлық түрлері айыпталады. Сонымен қатар құжатта діни рәміздерге, қасиетті кітаптарға, тұрғын үйлерге, жұмыс орындарына, мүліктерге, мектептерге, мәдениет үйлері мен ғибадат орындарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттерді айыптауға назар аударылды”, – делінген ҚР СІМ хабарламасында.
БҰҰ қарарының мәтініне діни рәміздер мен қасиетті кітаптарға сілтемелерді енгізу туралы шешім Еуропаның бірқатар елдерінде Қасиетті Құран өртеп, оны қорлау оқиғаларының тізбегі аясында қабылданды.
Қазақстан БҰҰ-ға мүше басқа 47 елмен бірге бұл қарардың теңавторы болды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде Құранның өртелуін айыптады.
Еске салайық, Швеция полициясы мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің бірінші күні, маусымның 28-і күні Стокгольмдегі мешіттің сыртында Құранды өртеуге рұқсат берген.
Ақпан айында полиция Түркия мен Ирак елшіліктерінде Құран өртейтін екі іс-шара өткізу туралы өтініштерді лаңкестік әрекеттер қаупіне байланысты қабылдамады. Кейін Швеция соты бұл шешімді заңсыз деп атады.
Қаңтар айының соңында да Данияның исламға қарсы «Страм Курс» («Қатаң курс») партиясының жетекшісі Расмус Палудан Стокгольмдегі Түркия елшілігінің алдында Құранды өртеп жіберген болатын. Осыдан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған былтыр мамырда НАТО-ға мүшелікке өтініш берген Швециядан бұл мәселеде Анкарадан қолдау күтпеуді сұрады.
Өткен аптада Құранның өртенуіне наразы болған мұсылмандар Швецияның Бағдадтағы елшілігіне шабуыл жасаған болатын.
Швецияның Иран мен Катардағы елшілері мемлекеттердің сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Дипломаттарға екі елдің Құранның өртелуін наразы екені және қасиетті кітаптың қорлаушының ісін айыптайтыны жеткізілді.
Көп ұзамай Копенгагенде Ирактың Даниядағы елшілігі ғимаратының алдында да Құран кітабын өртеу акциясы өткені белгілі болды.