×
465.38
483.58
7.69
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
465.38
483.58
7.69

Депутаттар Конституциялық сот туралы заң жобасын мақұлдады

07.09.2022, 11:39
Фото: Ашық дереккөздерден

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Конституциялық заң жобасының мақсаты - Конституциялық Кеңесті Конституциялық Сот ретінде қайта құру бөлігінде Ата Заңға енгізілген өзгерістерді іске асыру, мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту, Негізгі заң ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы, Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 68 баптан тұрады.

«Жалпы, жобаны екі бөлікке бөлуге болады: бірінші – Конституциялық Соттың және оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктері мен қамтамасыз етілуі, ал екіншісі – конституциялық іс жүргізу тәртібі.

Бірінші бөлім бойынша тоқталсақ, Конституциялық Сот биліктің сот тармағына жатпайтынын атап өткім келеді.

Өйткені бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді. Конституциялық Сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады», - деді Әділет министрі Қанат Мусин.

Оның айтуынша, Конституциялық Соттың судьялары мәртебесі Конституцияда айқындалатын жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар болады.

«Заң жобасында Конституциялық Сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер егжей-тегжейлі регламенттелген.

Олардың тәуелсіздігі мен кепілдіктері де бекітілген. Конституциялық Сот судьяларының жоғары мәртебесін ескере отырып, оларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі нормалар енгізілген.

Атап айтқанда, Сот жүйесі туралы Конституциялық заңға ұқсас, Конституциялық Сот судьяларының отставкаға шығу институтын енгізу ұсынылады.

Бұдан әрі, Конституциялық Сотты қаржыландыру тәртібін, оның аппаратының мәртебесін және осы органның қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де мәселелерді қамтитын Конституциялық Соттың қызметін ұйымдастыру мәселелері қарастырылған», - деді министр.