×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Елде жұмыс іздеушілер күрт көбейді: қандай мамандар екі қолға бір күрек таппай жүр

09.08.2023, 10:53
Twitter

Шілдеде Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 98 мың бос жұмыс орнын, ал ізденушілер 93,4 мың түйіндеме орналастырды. Маусым айымен салыстырғанда бос орындар саны 8,1 мыңға (+9%), ал түйіндеме – 38,8 мыңға (+71%) өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, шілде айында жұмыс берушілер арасында біліктілігі жоқ мамандармен қатар колл-орталықтардың операторлары (2,1 мың), автомобиль жүргізушілері (1,9 мың), сондай-ақ күзетшілер (1,6 мың бос жұмыс орны) үлкен сұранысқа ие болды. Бұл ретте, маусым айымен салыстырғанда халықты әлеуметтік қорғау қызметінің мамандарына (+440 бос жұмыс орны), тігіншілерге (+251 бос жұмыс орны) және арматурашыларға (+251 бос жұмыс орны) қатысты сұраныс артты.

«Шілдеде орналастырылған түйіндемелерге келетін болсақ, олардың санының айтарлықтай өсуі біліктілігі жоғары ізденушілер тарапынан белсенділіктің артуы салдарынан болды. Жалпы, олардың саны өткен аймен салыстырғанда екі есе, яғни 22,8 мыңнан 46,8 мың адамға дейін өсті. Шілдеде жоғары білікті мамандардың түйіндемелері санының артуы байқалды, ізденушілер белсенділігінің барлық өсімінің 61%-ын құрады», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаменті директорының орынбасары Ұлпан Шегенова.

Бұл ретте шілдеде жоғары білікті мамандардың түйіндемелерінің жартысына жуығы (11,5 мың бірлік) бастауыш сынып мұғалімдері, орта мектеп мұғалімдері және пән мұғалімдері кіретін орта білім берудің педагогикалық мамандықтарынан түсті. Өткен аймен салыстырғанда аталған мамандардың түйіндемелерінің саны 7,4 мыңға артты. Осылайша, түйіндеме санын көбеюінің негізгі факторы жаңа оқу жылының жақындауы және жоғары оқу орындары түлектерінің еңбек нарығына келуі болды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласының жоғары білікті қызметкерлері тарапынан белсенділік артқан. Медбике/мейіргерлер (+1,1 мың), фельдшерлер (+702) және медицина саласындағы басқа да ізденушілер орналастырған түйіндемелер саны екі есе өсті.

Жоғары білікті мамандармен бір мезгілде жұмыс іздеушілер мен басқа да біліктілік топтарының саны артты. Мәселен, маусым айымен салыстырғанда біліктілігі орташа ізденушілерден түйіндеме саны 8,2 мыңнан 22,9 мыңға, ал біліктілігі жоқ ізденушілерден түйіндеме – 6,7 мыңнн 23,4 мыңға дейін өсті.

Өңірлер бөлінісінде шілде айында түйіндемелер санының өсуі Жетісудан өзге барлық өңірлерде байқалды (-305 түйіндеме). Бұл ретте Ақтөбе (+4,1 мың), Атырау (+3,8 мың), Маңғыстау (+3,6 мың), Қызылорда (+3,3 мың) және Абай (+1,6 мың түйіндеме) облыстарында еңбек нарығындағы ұсыныс кемінде екі есе өсті.

Шілде айында орналастырылған бос орындар санының өткен аймен салыстырғанда ең жоғары өсімі Түркістан (+5,1 мың немесе +158%), Абай (+1,9 мың немесе +98%) және Ақтөбе (+2,2 мың немесе +60%) облыстарында байқалады.

«Жас ерекшеліктері бойынша, маусым айындағыдай, жұмыс іздеушілер арасында ең белсенді топ 19-24 жас аралығындағы жастар болды, оларға барлық түйіндемелердің 27%-ы тиесілі болды. Бұл ретте зейнеткерлік жасқа дейінгі, яғни 55 жастан асқан ізденушілердің түйіндемелері 5%-ды құрады», – деді Ұлпан Шегенова.

Сұралған жалақының ең жоғары мөлшерін көбінесе өз түйіндемелерінде паровоз машинистері (орта есеппен 1,7 млн теңгеден бастап), коммерциялық кәсіпорындар директорлары (1,6 млн теңгеден бастап), сондай-ақ тау-кен ісі жөніндегі инженерлері (900 мың теңгеден бастап) көрсеткен. Өз кезегінде жұмыс берушілер инженер-гидрологтарға (800 мың теңгеден бастап), бағдарламалық қамтамасыз ететін сәулетшілерге (750 мың теңгеден бастап) және өнеркәсіптегі бөлімше бастықтарына (696 мың теңгеден бастап) ең көп жалақы ұсынды.

Серіктес жаңалықтары