×
446.49
475.38
4.79
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
446.49
475.38
4.79

Лагерлердегі былық: Денсаулық сақтау министрлігі 3 жыл бойы тексеру жүргізбеген

10.08.2023, 15:03
Коллаж: Ulysmedia.kz

Денсаулық сақтау вице-министрі - бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова балалар лагерлерінде санитарлық бұзушылықтар неге жиі анықталатынын және бейінді министрлік неге оны қадағаламайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОКҚ брифингінде біздің тілшіміздің сұрағына жауап бере отырып, Есмағамбетова Қазақстандағы лагерлердің 80%-ы шағын бизнес субъектілері екенін айтты. Оларды тексеруге 2020 жылдан бастап мораторий енгізілді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі үш жылдан бері санитарлық нормалардың сақталуына жоспарлы тексерулер жүргізіп жатқан жоқ.

- Олар тек жоспардан тыс тексеріледі. Жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін азаматтың өміріне немесе денсаулығына төнетін нақты фактілер негіз болып табылады. Тек осы жағдайда ғана прокуратура жоспардан тыс тексерулер жүргізуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді ол министрліктің дәрменсіздігін.

Есмағамбетованың айтуынша, биыл ведомство лагерлерге рұқсат беру бақылауын жүргізуге, яғни пайдалануға берілгенге дейін ғимараттарды тексеруге мүмкіндік алды.

Бұл мәселені шешпейтін көрінеді, өйткені бұзушылықтар көбіне лагерлер ашылғаннан кейін анықталады.

- Әр лагерь өз жұмысын бастамас бұрын санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуы керек. Осы кезеңде біз объектінің талаптарға сәйкестігін — ғимараттың, жиһаздың, сумен жабдықтаудың, кәріздің болуын қарастырамыз. Бірақ оның қызметін тексеру мүмкін емес, тамақтану, демалу, медициналық қызметтерді ұйымдастыруды тексере алмаймыз. Нысанның жұмысы басталғанда жоспардан тыс тексерулер барысында ғана тексеруге болады, - деп толықтырды Есмағамбетова.

Ол Мәжілісте заң жобасы бар екенін айтты, оған сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі лагерлердің жұмысы кезінде де тексерулер жүргізуге мүмкіндік алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда ведомство олардың қызметін тоқтата алады.

Бас санитарлық дәрігер шулы оқиғалардан кейін прокурорлар 170 лагерді тексере бастағанын, онда көптеген бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

- Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы алған кезде нысанның қуаты 150 балаға есептелгенін мәлімдеп, небары 150 төсек, ыдыс-аяқ және т.б. көрсетеді. Алайда лагерь ашылғаннан кейін бір маусымда 300 балаға қызмет көрсетілгені анықталады. Қауіпсіздікке, сумен жабдықтауға, канализацияға және тамақтануға байланысты барлық бұзушылықтар содан туындайды. Жарамсыз үй-жайларда немесе тіпті еденде сақталатын өнімдердің сапасын растайтын құжаттар жоқ, ал қызметкерлерде медициналық тексеруден өтпеген болып шығады, - деді ол.

Есмағамбетова лагерлерге қатысты әкімшілік жазалау шаралары қабылданып, тексеру материалдары сотқа берілетініне сендірді.

Еске салайық, бұдан бұрын Алматы маңындағы лагерге жіберілген оқушылардың сауна аумағына орналастырылғаны анықталған еді.

Қала әкімдігі қызмет көрсетуші компанияны сотқа беретінін мәлім етті.

Сондай-ақ, бұған дейін Ақмолада лагерлер аумағынан ішімдік бөтелкелері, темекі бумалары және қару табылғаны хабарланған.

Ал Алматы облысында 22 балалар лагерінің 8-і өз қызметін уәкілетті органдардың рұқсатынсыз, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы ережелерді бұзу арқылы жүзеге асырғаны белгілі болды.

 

Серіктес жаңалықтары