×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

МАЭК-тегі апат: өңірде төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін

14.08.2023, 17:18
фото: ашық дереккөзден

МАЭК-те орын алған апат салдарынан өңірде энергия тұтынуды шектеу бойынша уақытша шаралар енгізілді.  Бұл туралы Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте аймақ басшысының бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«МАЭК» ЖШС-де электр энергиясының жалпы өндіріс қуаттылығы 545 МВт құрайды. Алайда, екі электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы қазіргі таңда 245 МВт-қа дейін қысқарған.

- Облыс басшылығының төрағалығымен құрылған жедел штабқа уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірді. Олар электр энергиясын өшіру бірінші кезекте өнеркәсіптік объектілерге әсер ететіні туралы шешім қабылдады. Бұл шешім тұрмыстық энергия тұтынушыларына ыңғайсыздық тудырмау үшін қабылданып отыр. Кейбір кен орындары генераторлармен жабдықталған, ал басқала нысандарда жағдай қиынырақ. Сонымен қатар, ауруханалар, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандар электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Біз тұрғындардан арандатушылыққа бой алдырмауды, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз, - деді «Маңғыстау өңірлік электр желісі компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов.

Ал облыс әкімінің бірінші орынбасарының сөзінше, өңірде төтенше жағдай енгізу мәселесі қаралып жатыр.

- Әзірге бұл шара тиісті нәтиже бермейді деп есептейміз, өйткені ТЖ режимі тек мемлекеттік сатып алуға қатысты шектеулер енгізуге мүмкіндік береді. Орын алған жағдайда бізді жүйелік оператор - «KEGOC» АҚ қолдап отыр, ол бізге 80 мВт - қа дейін алуға көмектеседі, - деп түсіндірді Жұмабай Қарағаев.

Қазіргі уақытта  өңірде электр энергиясын беруді жедел қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Әкімдік тұрғындарды осы жағдайға түсіністікпен қарауға, электр энергиясын үнемді тұтынуға шақырды.

Еске салайық, өткен демалыстарда МАЭК-те тағы да апат болды. Салдарынан үшінші энергоблок өшіп қалды. Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды. 

Одан бұрын,  3 шілдеде МАЭК-те №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын. Апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы да тоқтады. 

МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.

Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.

Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов Атырау зауытындағы апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді.

13 шілдеде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) тексерудің алдын ала қорытындысы жарияланды.

Дәл сол күні “ҚазМұнайгаз” басшысы мен Энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды.

Серіктес жаңалықтары