Мәдениет министрі Асхат Оралов көрермендер сұранысына ие, табысы жоғары фильмдерді мемлекеттік тілге дубляждау мәселесі жөнінде пікірін айтты. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
«Жыл басынан бері Қазақстанда бірнеше айтулы фильмнің премьерасы өтті. Олардың кейбірінің қазақ тілінде дубляжы болмағандықтан көрермендеріміз көре алмады. Пікірлерді бақылап отырдым – біздің министрлікке адамдардың сұрақтары бар. Біз бұл мәселені ешқашан назардан тыс қалдырмауымыз керек. Табысы жоғары фильмдер көрерменге қолжетімді болуы тиіс», – деді Мәдениет министрі Асхат Оралов.
Былтыр қазақ тілінде дубляжбен көрермен күткен үш фильмнің премьерасы өтті.
«Биыл Үкімет қаулысымен мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, бекіттік. Енді біз жыл сайын қазақша дубляжбен кем дегенде 15 фильмнің тұсаукесерін жасау міндетін қойып отырмыз», - деді министр.
Наурыз айында мемлекеттік тілге дубляж жасауға фильмдерді іріктеу ережесі бекітілген. Алдағы бірнеше жылда Мәдениет министрлігі жалпы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
«Тағы бір айта кететін жайт, қазақша дубляжда шыққан фильмдер көрерменге қолайлы уақытта көрсетілмейді. Олар бұл туралы маған әлеуметтік желілерде жазады. Мемлекеттік тілде фильм көргісі келетіндер көбіне кинотеатрға түнде баруға мәжбүр. Бұл, әрине, қате. Жеке бизнес екенін түсінеміз. Соған қарамастан, біз мемлекет тұрғысынан бүкіл әлем көретін фильм премьераларының мемлекеттік тілде және қолайлы уақытта көрсетілуін қадағалауға міндеттіміз деп есептеймін. Сондықтан бұл бағытта жеке кәсіпкерлермен, кинотеатр иелерімен жұмысты жандандыру қажет», - деді Оралов.