×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Жылу маусымына дайындық: 4 өңір жұмыс көлемінің жартысын да бітірмеген

22.08.2023, 12:27
фото: ашық дереккөзден

Үкімет отырысында алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Елдің жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізілуі тиіс.  Алайда бұл кестеден кешігу байқалып отыр, кей жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру фактілері орын алуда. Атап айтқанда, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов проблемаларды шешу үшін «Қазақмыс», «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы», «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшыларымен және иелерімен кездесулер өткізу қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, жылу желілерін жөндеу бойынша 4 өңір жұмыс көлемінің жартысын да аяқтамаған. Бұлар – Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Абай облыстары.

Сумен жабдықтау желілері бойынша жөндеуге жоспарланған 1,5 мың км-дің тек 60%-ы ғана жөнделген. Басқа өңірлермен салыстырғанда Маңғыстау облысында, Алматы қаласында және Қызылорда облысында жұмыстың қарқыны төмен. 

“Бұдан басқа энергия өндіруші ұйымдардың жеткізілген газ үшін «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясына берешегі көп, шамамен 13 млрд теңгені құрайды. МАЭК-тің қарызы ең көбі – 10 млрд теңге, одан кейін Жайықжылуэнерго, Ақтөбе ЖЭО-сы, Өзен Жылу және Таразэнергоорталық тұр. Сондай-ақ ЖЭО-лардың «Богатырь-Көмір» компаниясына көмір үшін 6,4 млрд теңге сома берешегі бар. Оның ішінде Павлодарэнергоның қарызы ең көбі – 2,6 млрд теңге, Севказэнерго – 1,4 млрд теңге және Екібастұзжылуэнерго – 1,3 млрд теңге”, – делінген үкімет хабарламасында.

Үкімет басшысы жалпы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу барысы күнделікті маңызды мәселе екенін ескере отырып, әрбір өңірде жол картасын әзірлеп, бекіту қажеттігін айтты.

«Онда жылу желілерін дамыту, жаңа жылу орталықтарын салу мен қолданыстағы орталықтарды күрделі жөндеу жұмыстары нақты айқындалады. Сондай-ақ авариялар болған жағдайда өңірлік коммуналдық қызметтер мен Жылу орталықтарының іс-қимылының әр қадамы жазылған алгоритм бекітілуі тиіс», — деді Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ, Смайылов белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмысының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын ала жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.

«Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пункттерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Серіктес жаңалықтары