×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Сынды елемеген Қазақстан билігі АЭС құрылысы "бірауыздан" қолдау тапқанын мәлімдеді

22.08.2023, 16:08
Коллаж: Ulysmedia.kz

Энергетика министрлігі Үлкен ауылындағы жария талқылауларда жергілікті халық аймақтағы атом энергетикасының дамуын қолдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Талқылау барысында азаматтар өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да сұрақтар қоюға мүмкіндік алды. Талқылаулар аяқталғаннан кейін "Қазақстанның азаматтық альянсы" ЗТБ президенті ашықтықты және жұртшылықпен ашық диалогты қамтамасыз ету, барлық мүдделі тараптардың пікірлері мен мүдделерін ескеру мақсатында басқа да жақын өңірлерде қосымша талқылаулар өткізу туралы бастама көтерді”, – делінген ведомство хабарламасында.

Министрліктегілер талқылау қорытындысы бойынша АЭС салу туралы шешімді Алматы облысының мәслихаты қабылдайтынын атап өтті.

Ал Алматы облысының әкімдігі халық алдында энергетика министрлігінің өкілдері, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин және «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК бас директоры Саябек Сахиев сөз сөйлегенін хабарлады.

“Тыңдау барысында Қазақстанда атом энергетикасын дамыту, жоба, техникалық аспектілер, аймақтың экологиясы мен даму перспективаларына әсері, АЭС салу кезіндегі экономиканың орындылығы туралы түсіндірмелер жүргізілді. Жария тыңдау қорытындысы бойынша жергілікті тұрғындар Үлкен ауылының аумағында атом электр станциясын салуға бірауыздан «Қолдаймыз» деп дауыс берді”, – деп мәлім етті әкімдік.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы облысында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария тыңдау өтті

Тыңдаулар басталмай тұрып АЭС құрылысына наразы топ станция салуды қолдаған сарапшыға шүйліккенін хабарлағанбыз.

Көптеген қоғам қайраткерлері мен энергетиктер Қазақстанда қазір атом электр станциясын салу үлкен қателік екенін бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар, қоғамда құрылыс жобасы ресейлік "Росатомға" берілуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

"Ресей Федерациясы санкцияларға ұшырады, олар басқа елдерден көптеген жабдықтар алды. Агрессор елмен келісімге қол қою  өзімізді қауіпке итерумен тең", — дейді қоғам белсенді Мейірхан Әбдіманапов

Журналист Анар Аққозаның пікірінше, атом электр станциясын салу жобасы шикі, өйткені құқықтық база да, техникалық-экономикалық негіздеме де, қаржылық есеп-қисап та жоқ.

Ал экономист Марат Әбдірахманов атом электр станциясын салудың орнына күн батареялары мен жел генераторларын салу экономикалық тұрғыдан тиімді деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Қазақстан қарастыратын ядролық технологиялардың әлеуетті жеткізушілерінің тізіміне төрт шетелдік компания (ресейлік "Росатом", италиялық CNNC, француздық EDF және оңтүстік кореялық KHNP) кірді.

Жуырда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысының мерзімі жайлы айту ерте екенін мәлімдеген

Ал "Самұрық-Қазына" төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін көп су мен ақша қажеттігін алға тартып, шешімді әбден таразылап барып қабылдау керегін айтқан.

 

Серіктес жаңалықтары