×
448.89
477.93
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.89
477.93
4.76

"Адам шошырлық": Земфираның Қазақстандағы кештерін ұйымдастырушы айыптауларға жауап берді

23.08.2023, 14:39
Коллаж: Ulysmedia.kz

Еліміздің екі қаласында ән кешін өткізген ресейлік әнші Земфира концерттердің ұйымдастырылу деңгейін сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әнші Instagram желісіндегі жазбасында "Қазақстан" атауын кіші әріппен жазып қойған.

"Үш түрлі концерт, ой көп. қазақстандағы ұйымдастыру адам шошырлық, кәсіпқойлықтың арқасында алып шықтық", - деп жазады әнші.

Земфираның жазбасына көп қазақстандық пікір қалдырып, мемлекетіміздің атауы кіші әріппен жазылғанына наразылық білдірген.

Кейінірек әнші әлеуметтік желідегі жазбасын өңдеп, ешкімді ренжіткісі келмегенін айтты.

"Қазақстан, сіздерді ренжіткім келмеді. Жазбаны асығыс, тыныс белгілеріне мән бермей жаздым. Кешірім өтінемін. Менің тамаша тыңдармандарым бар. Оның ішінде Қазақстан да қалыс қалған емес. Расымен, керемет қарсы алды", - деп жазды Земфира.

Земфираның еліміздегі концерттерін ұйымдастырумен айналысқан агенттіктің басшысы Дана Орманбаева әртістің айыптауларына жауап берді.

Оның айтуынша, оған Ташкент, Алматы және Астанада іс-шаралар ұйымдастыру туралы ұсыныс Дубайдағы Земфираның концертінен кейін түскен.

"Неліктен әнші Ташкенттегі концертті бірден тоқтатты? Жауап берейін: барлық үш ұсыныс бір уақытта жіберілді, әр қала үшін - барлығы егжей-тегжейлі және тармақтар бойынша түсініктемелермен жазылды. Ташкентке қатысты ұсыныста зал нақты сипатталған. Әңгіме "Халықтар достығы" сарайы туралы болды: тек отыратын орындар (!). Барлық үш ұсынысты әнші бекітті. Әртістің жеке аккаунттарында хабарландыру жарияланған күні ол жарты сағаттан кейін Ташкенттегі концерт туралы хабарландыруды алып тастады", - деп жазды Орманбаева.

Ол әртіске Ташкент әуежайында қызмет көрсетуде қиындықтар туындағанын, алайда бұл мәселе де шешілгенін айтты.

Алматыда өткен концерт күні дайындық таңертеңнен бастап жүргізілген. Земфираның менеджерлері бұл процесті суретке немесе видеоға түсіруге тыйым салыпты. Алайда, біраз уақыттан кейін әлдекім видеоны желіге жүктегені белгілі болған.

"Еске саламын! Осы себепті концерт өтпей қалуы мүмкін еді. Біз видеоның қай нүктеден түсірілгенін жедел анықтадық, сол сәтте сол аймақта болуы мүмкін барлық қызметкерлерден сұрастырдық. Барлығы бұл фактіге қатысы жоқ екенін айтты. Андрей құқық бұзушыны табуды талап етіп, концерттің өтией қалуы мүмкін екенін ескертті. Біз ішкі қауіпсіздік камераларын ақтарып, суретке түсіріп, видеоны желіге жүктеген адамды таптық. Ол Земфираның командасындағы достарының бірі болып шықты", - деп атап өтті Орманбаева.

Ұйымдастырушының сөзінше, Алматыдағы концерт кезінде шағымданатын ештеңе болған жоқ.

"Концерттен кейін әнші кешке арнайы ұшып келген достарымен бірге ұзақ уақыт киім ауыстыратын бөлмеде болды, содан кейін қонақүйде кездесуді жалғастырды. Кездесу таңғы беске дейін созылды. Менеджменттің өтініші бойынша біз алкогольді қосымша жеткіздік. Олар да түсіністікпен қарады. Бұл оқиға райдер мен міндеттеме туралы емес, біздің қонақжайлылығымыз туралы", - деп қосты ол.

Астанадағы концертке дайындық қызу жүрген. Бәрі уақытылы және сапалы жасалды, деп сендірді Орманбаева.

"Концерттегі дыбыс. Жабдықтан бөлек, дыбыс пен жарықтың сапасына негізінен кез-келген өнерпаздың командасының мамандары әсер етеді. Земфираның үш адамы бар. Әнші өзінің ортаңғы саусағын («fuck» )көпшілік айтқандай бізге емес,  жеке дыбысшысы Александр Астаховқа  көрсетті. Кейбір мәліметтер бойынша, Александр Астанадағы концерттен кейін бірден жұмыстан шығарылды. Айта кету керек, Земфира тек дыбыс үшін ғана емес, жарық үшін де қатты ұрысқан. Сол күні кешке оның барлық командасы сөз естіді", - деді Орманбаева.

Ол әртістің командасында тұрақтылық, бірлік және корпоративтік мәдениет жоқ екенін атап өтті.

"Қош бол, қымбатты Земфира! Сіз, сөзсіз, аңызсыз және бірегейсіз, бірақ шынымен адам шошырлық  нәрсе – сіздің менеджментіңіз және оны мойындау керек. Мұндай "мамандардың" уақыты өтті. Біз көптен бері адамдарға деген сүйіспеншілікпен жұмыс істеп келеміз және сахнада кім өнер көрсетсе де, ешкіммен ондай қарым-қатынас жасамаймыз: жұлдыз болса да,  енді бастаған әнші болса да. Бізде бірыңғай стандарт бар. Біз сіздің Қазақстанға келуіңізді ешқашан ұмытпаймыз", - деп жазды Дана Орманбаева.

Ол сондай-ақ Земфираның командасы отырған киім бөлмесінің видеосын жариялады. Кадрлардан сынған бөтелкелер және еденде шашылып жатқан тамақ қалдықтарын көруге болады.

Айта кетейік, Земфираның концерті 18 тамыз күні Алматыда, 20 тамызда Астана қаласында өтті. Елордадағы кешінде жанкүйерлері "Cоғысқа жол жоқ" деп ұрандаған болатын.

Земфира – соғысқа ашық қарсы шыққан және Украинаны қолдаған Ресейдің санаулы әртістерінің бірі. Ол соғысқа қарсы "Не стреляйте" әнін шығарды.

Оның танымал әндерін ТМД жұртшылығы тегіс біледі. Әсіресе, "Хочешь?", "Искала", "Снег" әндерінің шоқтығы биік.

Соғысқа қарсы ұстанымына байланысты Земфираның әндері Ресей Федерациясындағы радиостанциялардың эфирінен алынып тасталды, кейінірек ол "шетелдік агенттер" тізіміне енгізілді.

БАҚ-тың хабарлауынша, әнші Ресей Федерациясының Әділет министрлігінің үстінен "иноагент" мәртебесін беруді заңсыз деп тану жөнінде арызданған, бірақ сот оның арызын қанағаттандырмады.

Серіктес жаңалықтары