Қыркүйекте Қазақстан үкіметі мен «Ресей Сбербанкі» АҚ цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісім бекітті. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Көпшілікке еліміздің «Сбербанкті» таңдауы түсініксіз, дейді ulysmedia.kz.
Сарапшылар мәліметінше, «электрондық үкіметтің» дамуы бойынша рейтингте Қазақстан белсенді өсім қарқынын көрсетіп отыр, ал Ресей позициясы нашарлауда. Қазақстан 2020 жылы позициясын 10 сатыға жақсартып, 29 орынға орналасты. Ал Ресей индексі 4 позицияға төмендеп, 36 орынға жайғасты, дейді Ranking.kz.
2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы аясында «электрондық үкіметті», ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылым және ақпараттық қауіпсіздікті дамытуға 2021 жылы - 79 млрд тг, 2022 жылы - 61,8 млрд тг, 2023 жылы - 42,5 млрд тг қарастырылған. Меморандум аясында «ҰАТ» АҚ Сбербанктен мемлекеттік кепілдікпен $500 млн - 200 млрд тг астам кредит алмақ.