Елорда әкімдігі 7 қыркүйекте өтетін футбол матчына байланысты қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әкімдіктің хабарлауынша, ертең "Астана Арена" стадионында сағат 20:00-де ЕУРО-2024 турнирінің іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Финляндия матчы өтеді.
"Бұл біздің команда үшін Еуро-2024 чемпионатына жолдама алу үшін шешуші матчтардың бірі болмақ. Қазірдің өзінде 30 000-ға жуық билет сатылып үлгерді. Стадионға аншлаг болады деп болжанып отыр. Ойын "Астана Арена" стадионында өтетіндіктен, Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарында кептеліс болуы мүмкін", – делінген хабарламада.
Көлік кептелісін болдырмау үшін әкімдік жүргізушілерден бағытын алдын-ала жоспарлауды сұрады.
Айта кетейік, бұдан бұрын LRT құрылысына байланысты Астанада Сығанақ көшесі қысқа дейін жабылатыны хабарланған.