×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тоқаев Марокко Короліне көңіл айтты

09.09.2023, 16:08
Тоқаев Марокко Короліне көңіл айтты
Ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Марокко Королі VI Мұхаммедке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Король VI Мұхаммедке Марракеш-Сафи аймағында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтты.

“Орны толмас қазаның қайғысымен бөлісе отырып, барша қазақстандықтардың атынан және жеке өз атымнан Сізге және бүкіл бауырлас Марокко халқына көңіл айтамын», - делінген жеделхатта.

Жер сілкінісін Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы тіркеді, оның ошағы 10 шақырым тереңдікте болды. Жер асты дүмпулері елдің солтүстігіндегі Рабаттан басталып, оңтүстігіндегі Сиди Ифниге дейін эпицентрден 400 шақырымнан астам жерде сезілді.

Марокко Ұлттық геофизикалық институты жер сілкінісінің күші 7 балл болғанын және оның эпицентрі Марракештен 80 шақырым жерде орналасқанын хабарлады. Бұл жер сілкінісі ауыр зардаптарға, соның ішінде адам өліміне әкелді. Бастапқыда бес адам қайтыс болды деп хабарланғанымен, кейін құрбандар саны 632 адамға дейін өсті.

Жойқын жер сілкінісі Марракеште және басқа аудандарда бірнеше тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттардың қирауына себеп болды. Соның салдарынан инфрақұрылымға, соның ішінде ұялы байланыс пен электр қуатына да зақым келген.

Қазіргі уақытта құтқару қызметтері үйінділерді тазарту жұмыстарын күшейтуде, ал билік бұл табиғи апаттан келтірілген материалдық шығынды белсенді түрде бағалауда. Марракеште зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін көше ауруханасы салынып, мамандар тұрғындарды ауруханалар үшін қан тапсыруға шақыруда.

Үндістан мен Еуропалық Одақ Мароккоға осы табиғи апаттың зардаптарын жою үшін қажетті көмек пен қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.