×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Хиджаб дауы: Діни басқарма оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жасады

11.09.2023, 12:56
фото: ашық дереккөзден

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты туындаған мәселеге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек”, – делінген мәлімдемеде.

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылады.

“Бұл мәселе мүфтият қызметкерлерін де бей-жай қалдырмайды. ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз”, – дейді басқарма.

Айта кетейік, Білім туралы заңда қазақстандық оқушылар мектеп формасын киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады. Мектеп қабырғасында хиджаб киюге тыйым салу зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу орнының ішкі тәртібін сақтау мақсатында енгізілген. Мектептен тыс жерлерде бұл мәселе бойынша тыйым салулар қолданылмайды.

Ұлдарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері әлде сырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабады.

Қыздарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері не сыдырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан). Бос және ұзын қыздарға арналған шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы шарт.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бұл мәселе туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев  жекелеген азаматтардың мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру туралы талабына қатысты пікір білдірген

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров кез келген діни шектеулер конституциялық құқықтардың бұзылуына алып келетінін мәлімдеген.

Ал оның әріптесі Ардақ Назаров Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салып, оның әрбір азаматы заңға бағынуы керегін айтты.

 

 

Серіктес жаңалықтары