×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Өзін-өзі өртеймін деп қорқытты: Оралда жетімдер жатақхананы неге босатқылары келмейді

12.09.2023, 09:29
Өзін-өзі өртеймін деп қорқытты: Оралда жетімдер жатақхананы неге босатқылары келмейді
ulysmedia.kz

Орал қаласында "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінде тұратын балалар үйінің түлектері наразылық акциясын өткізді. Олар жатақхананы жөндеу кезінде баспаналарын тастап кетуге келіскісі жоқ. Балалар үйінде өскендер қайтадан алданып, далада қаламыз ба деп алаңдайды. Уақытша тұруға ұсынылған баспана да олардың көңілінен шықпады. Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнына барып қайтты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жетімдер 23 жасқа толғанға дейін балалар үйінен кейін жасөспірімдер үйінде тұра алады. Алайда қазір онда заңға сәйкес пәтер ала алмаған әлдеқайда ересек адамдар да тұрып жатыр. Олардың көпшілігі балаларымен бірге жасөспірімдер үйін паналап отыр.

Жөндеуді сұрады, бірақ…

"Шаңырақ" ғимараты қараусыз қалып отыр: инженерлік коммуникациялары нашар, шатыры тозған, қабырғалары қақырап кеткен – тұрғындар әкімдікке ұзақ уақыт жалынып жүріп, жөндеуге қол жеткізді. Алайда жөндеу жұмыстары басталатын кезде олар ұсынылған шарттарға риза болмады. Бүгін жетімдерге түнгі сағат 12:00-ге дейін жатақхананы босатып,  уақытша тұрғын үйге көшуі керектігі жөнінде хабарлама келді.

- Бастапқыда келіскен кезде бізге көп нәрсе уәде етілді. Мысалы, жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғаннан кейін емес, жазда жасалады делінді. Қыс тақағанда адамдарды қалай қууға болады? Олар мердігерді таңдай алмағандарын және соттасқандарын алға тартады, бірақ олардың соттарында біздің не шаруамыз бар?, - дейді "Шаңырақ" тұрғыны Антонина.

Ол әкімдік жөндеуден кейін өз бөлмелеріне оралатындығы туралы төрт жақты шарт (шаңырақ тұрғындары, әкімдік, білім басқармасы және мердігер арасында) түрінде кепілдік бергенін айтты.

- Сондай-ақ, осы шартта жөндеу мерзімдері белгіленуі тиіс еді. Бірақ қазір бізге қайта көшу кепілдігінсіз уақытша баспана беру туралы хабарлама жіберілді. Кез келген заңгер бұл қағаз бізге ештеңеге кепілдік бермейтінін айтады, – деп Антонина наразылығының себебін түсіндірді.

Қолайсыздыққа үйренген

Оның айтуынша, шаңырақтықтарды үш мекенжайға орналастырады: техникумдар жанындағы екі жатақханаға және "Самал" балалар лагеріне – өткен жылы Ресейден келген босқындар сонда жіберілген.

- Балалар лагерінде электр розеткалары жоқ. Біз қалай тамақтанамыз, қайда ұйықтаймыз? Не шай қайната алмаймыз, не электр плиткаларын қоя алмаймыз. Лагерь қала сыртында, автобус сағатына бір рет қана жүреді, біз бәріміз жұмыс істейміз, ал балалар оқиды. Қалаға қалай жетеміз? Сонымен қатар бір бөлмеде екі түрлі отбасы болады – мен балалармен және ағаммен және тағы бір әйел балаларымен, – дейді Антонина.

Жетімдер бұл қолайсыздықтардың бәріне көз жұмып, жөндеу біткенше шыдауға дайын еді, бірақ әкімдіктің жасөспірімдер үйіне қайта оралу туралы кепілдігінсіз жатақханадан кеткілері келмейді.

Наразылық кезінде аулада полиция қызметкерлері мен ішкі саясат басқармасының өкілдері болды. Алайда, олар жетімдермен байланысқа шықпады, не болып жатқанын өзара талқылап тұра берді, журналистермен де сөйлесуге асықпады.

Кейбір тұрғындар билікпен дауласпай, берілген баспанаға көшуге келісті, бірақ соңына дейін тұруға шешім қабылдағандар да болды. Жатақхананың үш тұрғыны шатырға көтеріліп, ғимаратты өртеп жібереміз немесе облыс әкімі бұл іске араласпаса және жөндеуден кейін осында оралатынына жеке кепілдік бермесе, өз-өзіне қол жұмсаймыз деп қорқытты.

Келісім қайда?

- Бізге нақты келісімшарт болады деп уәде берді, алайда бізді тағы алдап отыр. Менің келісімшартым қайда? Менің жоғалтатын ештеңем жоқ, уәделерге тойдым – 13 жыл бойы жетім ретінде мемлекеттен баспана алу үшін кезекте тұрдым, ақыры не болды? Менің үйім қайда? Егер мен өлсем, олардың бәрі кінәлі болады", - деп айқайлады ер адам.

- Мал екеш малдың өзіне күніне үш рет тамақ береді. Мұнда бізді мал құрлы көрмейді. Біз мұнда жетіскенімізден жүрген жоқпыз. Тамақтары тоқ, көйлектері көк деп ойлайды. Облыс әкімі келгенше біз бұл жерден түспейміз, - деді оған әйел.

Жетімдердің шешімі полицейлерді ашуландырды – олар алдымен жігіттерден ақымақтық жасамауды және шатырдан түсуді сұрады, кейіннен  олар біреуге белсенді түрде қоңырау шала бастады.

Осыдан кейін құтқарушылар мен "Жедел жәрдем" көлігі келді, сәл кейінірек қала әкімі Миржан Сатқанов, БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Жанболат Жаншин және білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева келді.

Наразылық білдірген адам шатырдан түсіп, олармен сөйлесуге келісті. Ол қолына скотчпен орап алған пышақты тамағына тақады.

Әкім қандай уәде берді

“Шаңырақ” тұрғындарымен сөйлескеннен кейін Орал әкімі егер олардың жатақханада тіркеуі болса, заң бойынша ешкімнің оларды қуып шығатын құқығы жоқ екенін түсіндірді. Алайда оның жауабы наразылық білдірушілерді қанағаттандырмады, олар кепілдік хатын талап етті. 

- Мұндай жағдайдың орын алғаны – әкімшіліктің кінәсі, олар тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізбеді. Бүгін олар барлық бөлмелерді аралап шығуы керек, ал әкімдік өз кезегінде "Шаңырақ" тұрғындарына қайта қоныстануға кепілдік беретін хат дайындайды", - деп уәде берді қала басшысы.

Миржан Сатқанов өз уәделерін орындай ма – уақыт көрсетеді. Жетімдердің бір бөлігі өз заттарын жинастырып, жасөспірімдер үйінен кетті, олар билікке тағы да сенді.