×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстандықтардың бәрі байып кетті ме: ресми деректер шындықтан неге алшақ

14.09.2023, 14:13
Қазақстандықтардың бәрі байып кетті ме: ресми деректер шындықтан неге алшақ
фото: ашық дереккөзден

Мамандардың есебінше, 2023 жылдың II тоқсанында қазақстандықтардың жан басына шаққандағы ақшалай шығыстары 260,8 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 15,8% көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұлттық статистика бюросы келтірген дерекке сүйенсек, аталған кезеңде халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды ақшалай табысы өткен жылмен салыстырғанда 19,1% өскен. (283,6 мың теңге).

“Өңірлік бөліністе табыс көлемінің жоғары мөлшері елорда халқында тіркелді: жан басына шаққанда 408,1 мың теңге. Екінші орында Қарағанды облысы – 368 мың теңге. Үштікте сондай-ақ Алматы бар – 363,6 мың теңге. Ең төмен көрсеткіштер Жетісу облысының тұрғындарында тіркелді: барлығы 203,2 мың теңге”, – дейді мамандар.

II тоқсандағы шығыстар бойынша алғашқы үштікте қайтадан аталған өңірлер, тек орындары ауысқан: Алматы – жан басына шаққанда 359,4 мың теңге, Астана – 345,8 мың теңге және Қарағанды облысы – 323,5 мың теңге. Шығыстардың ең азы Түркістан облысында: жан басына шаққанда 180,9 мың теңге.

2023 жылдың II тоқсанындағы Халықтың ақшалай шығыстарының құрылымында 91,8% тұтыну шығыстарына тиесілі, оның ішінде 51,9% – азық-түлікке, 22,2% – азық-түлікке жатпайтын тауарларға, 17,7% ақылы қызметтерге жұмсалған.

Мамандар ақшалай шығыстарға тұтыну шығындары, материалдық көмек, алимент, салық және басқа төлемдер, несие мен қарызды өтеу кіретінін атап өтті.

Айта кетейік, Ұлттық банк жариялаған деректер жоғарыдағы көрсеткіштен әлдеқайда алшақ. Банк дерегінше, қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы табысы 151 мың теңгеден аспайды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған.

Шенеуніктер келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге артуы нәтижесінде 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай табысы ұлғаятынына сендіріп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, жуырда мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке депутаттық сауал жолдаған Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін мәлімдеген.