Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға қанша қаржы бөлінгені белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафинаның сөзінше, бұл науқанға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді.
««Сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабына сәйкес, қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бүгінгі таңда өңірлердің мәслихаттарының шешімдерімен 2,2 млрд теңге бөлініп отыр», - деді Сәбила Мұстафина Орталық сайлау комиссиясының отырысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, бұл сома алдағы уақытта өзгеруі де мүмкін. Өйткені, кейбір өңірлердің аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттан қосымша қаражат сұраған.
Еске салайық, Қазақстанда 5 қарашада аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді.
Кандидаттарды тіркеу 15 қыркүйекте басталып, сайлаудың өзіне 25 күн қалғанда – 10 қазанда аяқталады.
Сайлау науқанының негізгі мерзімінде кандидаттарды ұсынуға 20 күн, кандидаттарды тіркеуге 25 күн қарастырылған. Кандидаттарды тіркегеннен кейін бірден сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады, ол 24 күнге созылады.
Кандидаттарды ұсыну саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну арқылы жүргізіледі.