×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

"Астық қайта көктеп кетті": Биыл Қазақстанда егін түсімі көңіл көншітпейді

19.09.2023, 10:03
"Астық қайта көктеп кетті": Биыл Қазақстанда егін түсімі көңіл көншітпейді
фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл дәнді дақылдардың өнімділігі төмен екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министрдің сөзінше, күз басында 3 аптадан аса жауған жауын диқандарға кесірін тигізген.

«Бұл жаңа түсімнің сапасының нашарлауына, астықтың өніп кетуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға және дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне әкелді», - деді ол.

Ауа райынан зардап шеккен өңірлерде шығынның ауқымын айқындау үшін жұмыс комиссиялары құрылыпты.

«Жұмыс комиссиялары еліміздің зардап шеккен аймақтарына барып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізді. Әкімдіктердің деректері бойынша 2,7 млн гектарда немесе 15% алаңда дәннің өніп жатқаны байқалады. Орташа өнімділік өткен жылғы деңгейден гектарынан 2,7 центнерге төмен екендігін айта кету керек. Қазіргі таңда облыстарда барлық егін жинау техникасы жаппай егістіктерге шықты, егін жинау жұмыстары жалғасуда», - деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің мәліметінше, биыл егін ору науқаны былтырғыдан қарағанда 32 пайыз баяу жүріп жатыр. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 6,9 млн гектар немесе 40% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналған. 6,6 млн тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарынан 9,5 центнерді құрады. Ал былтыр осы уақытта осыған ұқсас кезеңінде 11,6 млн гектар алқап немесе 72,8% жиналған.