"ҚазМұнайГаз" алдағы жылыту маусымында Petrosun компаниясы «әлеуметтік мазут» көлемін 154 мың тоннаға жеткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл әлеуметтік-өндірістік объектілер мен мекемелердің қажеттіліктеріне қарай жеткізуге жоспарланған отынның жалпы көлемінің 59%-ын құрайды.
“ҚР Энергетика министрлігі бекіткен «2023-24 жж күзгі-қысқы кезеңде әлеуметтік-өндірістік объектілер мен мекемелерге мазутты жеткізу үшін облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларын мұнай және мұнай өнімдерінің негізгі ресурстарын ұстаушыларға бекіту кестесіне» сәйкес және жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сай әлеуметтік отынның жалпы көлемі 262 мың тоннаны құрады. 2022-2023 жж. жылыту маусымында солтүстік өңірлердегі қатты аяздан ЖЭО тоқтаған кезде PETROSUN Энергетика министрлігінің бастамасын қолдап мазутты үздіксіз жеткізіп тұрды. Апатты жағдайда жылумен жабдықтау ұйымдарының халін түсінген компания төлем мерзімін кейінге шегеруге келіскен. Осы кезеңде PETROSUN тұтынушыларды 146 мың тонна "әлеуметтік мазутпен" қамтамасыз еткен. Бұл жеткізілуі тиіс жанармай көлемінің 68% құрады”, – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "ҚазМұнайГаз" және Petrosun Қазақстандағы бензиннің көтерме нарығын монополиялағаны хабарланған болатын. Бұл туралы жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және 2022 жылғы монополистік қызметті шектеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есептен мәлім болды.