×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

«Керемет болар еді»: министр Жақыпова ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге көтеру жайлы

26.09.2023, 16:11
фото: ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге көтеру туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министр келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болатынын еске салды. Ол бұл сома шекті екенін,  яғни, жұмыс берушілер қызметкеріне осыдан төмен айлық төлемеуі тиіс екенін түсіндірді.

“Сондықтан біз бұл мөлшерді ең төменгі стандарт деп қабылдауымыз керек. Ол барлық қазақстандық 85 мың теңгеге өмір сүріп жатыр дегенді білдірмейді”, – деп атап өтті Жақыпова.

БАҚ өкілдері министрдің депутат Ринат Зайытовтың ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге көтеру туралы мәлімдемесіне қатысты ойын сұрады.

«Қазақстанда ең төменгі жалақыны 300 мың теңге етіп белгілесек, әрине керемет болар еді. Дегенмен, біз шағын және орта бизнес жайлы да ойлауымыз керек. Атап айтқанда, олар 300 мың теңгеден төмен айлық төлемеуі керек және бұған қоса әлеуметтік төлемдер жасайды. Сондықтан ол кәсіпкерлерге ауыр тиеді. Бұл ретте 85 мың теңге қызметкердің қандай да бір біліктілік талабына қарамастан төленетінін айта кету керек», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандықтар еңбек министрлігінің 85 мың теңгеге (кітапханашылар айына осындай жалақы алады) өмір сүруге болады деген мәлімдемесіне шүйліккен.

Депутат Ринат Зайытов еңбек вице-министрінің сөздерін сынға алып, қазіргі бағамен есептегенде Қазақстанда ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керегін айтты.

Сондай-ақ, бұған дейін халыққа 85 мың теңгеге өмір сүруді ұсынған вице-министрлер 1 млн теңге жалақы алатыны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары