Бұл сұрақққа Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның сөзінше, елімізде жыл басынан бері қант бағасы 11% арзандаған.
«Қант тапшылығы жоқ және болмайды. Әрине, былтыр тапшылық туды. Осыған байланысты қант зауыттарын қолдау бағдарламасы қабылданды. Бүгінде 4 зауыт 70 мың тоннаға жуық өнім өндірді. Қанттың қымбаттауына негіз жоқ», - деп жауап берді Арман Шаққалиев.
Министр ел нарығына қанттың Ресейден де әкелінетінін атап өтті. Айтуынша, бұл елдегі қант қорында тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ресей импортының өсуіне байланыста Қазақстанда қант өндірісі 79% азайғаны хабарланған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тамыз айында 9,3 мың тонна қант өндірілген. Шілдемен салыстырғанда бұл 46,7%-ға немесе 8,1 мың тоннаға аз.
Ал 2022 жылдың тамызымен салыстырғанда өндіріс 79,1% немесе 35,2 мың тоннаға құлдыраған.
Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының пікірінше, бұл маусымдық құлдырау болуы мүмкін.
Десе де, елімізге қант импорты өсуде. Жеті айдың қорытындысы бойынша оның көлемі 322,6 мың тоннаны (+18,7% немесе 50,8 мың тонна) құрады. Әсіресе, Ресей қант тасымалын үш есеге жуық, 180,5 мың тоннаға дейін арттырды.