28 қыркүйекке қараған түні сағат 2:43-те Ташкенттің Сіргелі ауданында «Inter Logistics» компаниясының қоймасында жойқын жарылыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Gazeta.uz-дің жазуынша, жарылыстан кейін қоймада өрт шыққан. Зардап шеккендер бар.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан жақын маңдағы үйлер, сауда және басқа да орталықтар айтарлықтай зардап шеккенін көруге болады. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Елдің төтенше жағдайлар министрлігі жарылыстың ұшақ апаты салдарынан болғаны жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігі жарылыс салдарынан зардап шеккендер арасында ауыр жарақат алғандар жоғын хабарлады.
Жарылыстың себебі белгісіз. Мамандар зардап шеккендер мен зақымданған нысандар санын анықтап жатыр.