2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елдің банк секторының активтері ағымдағы жылғы тамызда 0,3%-ға немесе 148 млрд теңгеге ұлғайып, 46,7 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2,3%-ға 25,4 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 11,5%-ға өсу).
“Ұлттық валютадағы кредиттер 2,0%-ға 23,7 трлн теңгеге дейін, соның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты 3,1%-ға әлсіреуі аясында валюталық қайта бағалау нәтижесінде шетел валютасындағы кредиттер 6,4%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы тамызда 1,5%-ға 8,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 1,0%-ға өсті) Бұл ретте дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы тамызда 1,9%-ға 10,1 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 4,8%-ға өсу). ШОБ субъектілеріне қарыздар 2,0%-ға 6,6 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 9,0%-ға өсу), ірі бизнеске берілген қарыздар 1,7%-ға 3,5 трлн теңгеге дейін өсті”, – делінген хабарламада.
2023 жылғы тамызда бизнес субъектілеріне 1 433 млрд теңге сомаға жаңа қарыздар берілген. Ағымдағы жылғы 8 айда бизнес субъектілеріне 9 341 млрд теңге қарыз берілген, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 18,0%-ға артық.
“Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық қарыздардың 3,1%-ға 9,2 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2023 жылғы тамызда 2,7%-ға ұлғайып, 16,7 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан 17,9%-ға өсу). Кредиттік портфельдің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банк секторында мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыздар (NPL 90+) деңгейі несие портфелінің 3,4%-ын немесе 921 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтар бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге)”, – деп мәлім етті агенттік.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы тамызда заңды тұлғалар депозиттерінің 1,7%-ға 14,4 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 0,9%-ға 30,9 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Жеке тұлғалардың депозиттері бір айда 0,1%-ға 16,6 трлн теңгеге дейін өсті.
“Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы тамызда 1,6%-ға 23,2 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер 1,3%-ға 7,8 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі 2023 жылғы 1 қыркүйекте 25,1%-ды құрады (2023 жылдың басында – 31,6%). Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2023 жылғы тамызда 14,6%-ды (2023 жылғы шілдеде – 14,6%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,9%-ды (2023 жылғы шілдеде – 13,9%) құрады”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, тамыз айында қазақстандықтарға берілген несиелердің жалпы көлемі шілдедегі рекордтық көрсеткішке жақын болды – шамамен 1,4 трлн теңге.