×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

ЕАЭО елдеріндегі ескі-құсқы көліктің бәрі Қазақстанда жүр – мәжілісмен

04.10.2023, 13:01
ЕАЭО елдеріндегі ескі-құсқы көліктің бәрі Қазақстанда жүр – мәжілісмен
көрнекі фото

Бүгін Мәжілісте «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң жобасын таныстырған Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, құжат ЕАЭО-ға мүше елдерде аудиторлық қызметтің бірыңғай нарығын қалыптастыруға, реттеуге бағытталады.

Аталған келісім аясында мүше мемлекеттердің аудиторлық ұйымдарына ЕАЭО елдерінде қызметін жүзеге асыруға рұқсат етіледі.

Талқылау барысында депутат Болатбек Нәжіметдинұлы одақ келісімдерін ратификациялау кезінде ел мүддесі екінші орынға ысырылатынын айтты.

“Осындай ратификациялардың нәтижесінде біз өзіміздің ішкі нарықты түгел көрші елдерге беріп қойдық. Соңғы 3-4 жылда бүкіл одақтағы ескі-құсқы көліктің бәрі бізге ағылды, «Жигулиі»,  «Москвичі», «Волгасы» болсын.  Қазақстандағы тасымалдау нарығының 70%-дан астамы басқа елдің азаматтарының қолында”, – деді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, біз өзіміздің аудиторларға жұмыс тауып бере алмай отырып, басқа елдерге есігімізді ашып бермекшіміз.

“Ертең бұл келісімді ратификациялайтын болсақ, ішкі нарықтағы аудиторлық компанияларымыз түгел тұншыға бастайды. Сондықтан ратификациялау барысында өз нарығымызды қорғау мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Халыққа жолдауында президент те протекцияны күшейту жайлы айтқан болатын”, – деді Нәжіметдинұлы.