×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

"Бәрін тіркеп, маған баяндаңыз": Тоқаев мектептегі буллинг пен зорлық-зомбылық жайлы

05.10.2023, 11:40
фото: ашық дереккөзден

Республикалық педагогтер съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел мектептеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі мәселесіне айрықша тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мемлекет басшысы мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиістігін айтты.

«Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе, көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс», – едді президент.

Сондай-ақ, президент оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отырғанын атап өтті.

«Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін баруда. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев соңғы уақытта зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер көбейгенін айтты.

«Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз», – деді президент.

Еске салайық, жуырда елордадағы №14 мектепте оқушы қоршауы жоқ баспалдақтан құлап, комаға түскені хабарланған. Кейін мектеп басшылығының үстінен іс қозғалғаны белгілі болды.

Сондай-ақ, бұдан әлеуметтік желіде «Триумф» тұрғын үйі кешенінің 12-ші қабатынан 14 жастағы бала секіріп кеткені жайлы ақпарат тарады. Бастапқыда баланың буллингке ұшырағаны айтылған болатын. Кейін туыстары мәлімдеме жасап, бала буллингтен өз-өзіне қол салмағанын, жазатайым оқиға болғанын хабарлаған еді.

 

Серіктес жаңалықтары