×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Балаева журналист Мұхамедкәрімнің ісіне «кірісе алмайтынын» айтты

06.10.2023, 16:15
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қамауда жатқан Думан Мұхамедкәрімнің ісі жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 

Думан Мұхамдкәрім бірнеше айдан бері Талдықорғандағы уақытша оқшаулағышта жатыр.  Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін журналистің туыстарымен тілдесіп, жағдайды білген еді. Оның әкесі “ұлымды сотсыз, тергеусіз қамауда ұстап отыр” деп есептейді.

“Ақпарат министрі ретінде журналистің ісінің жеңілдеуіне үн қосасыз ба? Ара түсесіз бе?” деген сұраққа Балаева бүгін ОКҚ алаңында жауап берді.

Біріншіден, қандай да бір іс қозғалса, оның себебі болар. Бұл мәселе бойынша сіздерден артық басқа ақпаратты мен білмеймін. Біздің мемлекеттік органдар немесе жеке адамдар құзыретті органдардың істеріне араласуға құқығы жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге біз кірісіп, ештеңе деп айта алмаймыз. Ал енді ол кісінің денсаулығына қатысты арнайы мекеменің ресми ақпараты болды. Ол орган “денсаулығына еш қауіп жоқ” деді. Сондықтан, ресми ақпарат берілгеннен кейін ол жауапты. Менің ойымша, бұл жерде уайымдаудың керегі жоқ сияқты, – дейді Аида Балаева.

Еске салайық, Думан Мұхамедкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.

15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.

2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.

26 мамырда босап шыққан Думан Мұхамедкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды

2 маусымда журналистің тергеу изоляторында тағы да аштық жариялағаны белгілі болды.

Көп ұзамай оның әкесі әкесі Алмаз Тілепов те ас-судан бас тартатынын мәлімдеді. Іле аудандық прокуратурасына барған Думан Мұхамедкәрімнің ата-анасы ұлдарының заңсыз ұсталып отырғанын, денсаулығы нашарлағанын айтып, оны босатуды талап етті.

Жуырда Думан Мұхамедкәрімнен "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша қылмыстық істе куәгер ретінде жауап алынып жатқаны хабарланған. Оның үйінде тінту жүргізілді. Кейінірек журналистің жағдайы күрт нашарлағаны хабарланған еді.

Думан Мұхамедкәрімнің Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатын мына сілтемеден көруге болады.

Серіктес жаңалықтары