×
446.49
475.38
4.79
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
446.49
475.38
4.79

300 мың қолданушысы бар: оқушыларға математиканы үйрететін бірегей платформа пайда болды

06.10.2023, 17:12

Қазір бүкіл әлемде математикаға қызығушылық өте жоғары. Ғылымдар патшасы – математиканы қолданбайтын сала жоқ. Қазақстандық мұғалім Асқар Болат оқушыларға осы білімді жетік меңгеруге көмектесетін  ІТ платформа ойлап тапты.

Qalan.kz деп аталатын платформа  оқушылар мен мұғалімдер арасында танымалдыққа ие болуда. Қазіргі таңда 300 мыңнан астам қолданушысы бар. 1-11 сынып оқушыларына есеп шығаруға көмектесетін платформа  онлайн кері байланыс жүйесі, персоналды оқыту, жасанды интеллект, машиналық оқыту секілді жаңа технологияларды қолданады. Соның арқасында  оқушылардың есепті соңына дейін шығару көрсеткіші 85 пайызға жеткен.

Математика мұғалімі Асқар Болат мектепте жұмыс істегенде көптеген проблеманы байқаған. Атап айтқанда, академиялық адалдық, оқушылардың бағдарламадан қалып қою, түсінбей қалу секілді мәселе көп. Осындай олқылықты азайтып, барлық балаға математиканы 100 пайызға меңгертуге болатын жүйе ойлап табуды армандаған. Сөйтіп, 2018 жылдан бастап, әдістемелерді зерттеп, ІТ-технологияның көмегімен оқытудың алгоритмін жасап шыққан. Кейін бұл идеяны серіктесі ІТ маманы Қуаныш Нәбиев бағдарлама тілінде жүзеге асырған.   

«Мектепте сабақ бере жүріп, балаларға математиканы 100 пайызға  меңгертуді армандадым. Қайткенде де бала тақырыпты тез түсініп алатын жүйе жасаймын деген мақсат қойдым. Неше түрлі сынақтар жасай жүріп, ІТ, педагогика мен математиканы біріктіру арқылы онлайн платформа жасау идеясы келді.  Серіктесім Қуаныш Нәбиев платформаның кодын жазды.   Порталда есеп құрастырып, тестілеп отырдық.  Бір сөзбен айтқанда, математиканы оқытудың әдістемесін дайындап, оны жан-жақты шыңдадық. Тек платформаны әзірлеудің өзіне үш жылдай уақыт кетті. Есептердің бәрін дерлік өзіміз құрастырдық», – дейді ұстаз.

 Платформаның негізгі ерекшелігі -  баланың біліміне диагностика жасау және персоналды оқыту. Әр баланың өз үлгерімі мен біліміне сәйкес есептер беріліп отырады. Диагностика баланың қай тақырыпта қалып қойғанын анықтаса, персоналды оқыту соған сай  бағыттамалы тапсырмалар береді. Яғни, іс жүзінде көбірек есеп шығартуға көңіл бөлінеді. Егер есепті шығара алмаса, шешуін көре алады. Егер одан да түсінбесе, видео түсіндірмені қарай алады. Осылар көмектесе алмаса, мұғалімге хабарласып, онлайн көмек сұрайды. Қате жіберген жағдайда айып есебін алады. Платформа сол тақырыпты есте сақтап, кейін қайталап беріп отырады. Тағы бір ерекшелік - баланы ынталандыру мақсатында  кэшбек жүйесі бар. Жыл басынан бері есепті соңына дейін шығарған оқушыларға 110 мың теңге кэшбек төленген.

 «Жүйеде 30 күнге есеп беріледі. Оны орындамай қоюға болмайды, қателессе де, қосымша есеп шешсе де, соңына дейін жеткізу керек. Күнделікті тапсырманы соңына дейін жеткізген балаға ақшалай сыйлық беріледі. Жүйе әділетті болуы үшін сыйлық қорын құрдық. Мысалы, 100 баланың елуі есепті соңына дейін шығарса, өзіне де, орындамағандарға да тағайындалған ақша үздіктерге үлестіріледі. Бұл балаға екі жақты мотивация болды. Күнделікті есебін шығаруға және ақша табуға ынталандырды», – деді платформа авторы.

Жоба Өзбекстан және Ресей нарықтарына да шықты. 2022 жылы Qalan.kz-тің орыс тілді нұсқасы жасалды. Платформадағы есептер орысшаға аударылып, орысша өнімді ТМД нарықтарына шығарылды. Қазір  қолданушылардың  үштен бірі  орыстілді оқушылар. Биыл РФ-ның Қазан қаласындағы «Иннополис» деген білім қаласына тіркеліп, ресейлік нарыққа енгізіліп жатыр. Екінші бағыт – Өзбекстан.

«Өзбекстанның білім нарығы қазір қарқынды даму үстінде. Біздің зерттеуімізге қарағанда, Өзбекстандағы халықтың білімге көңіл бөлуі алдыңғы жылдарға қарағанда жылдам өсіп келе жатыр. Кейбір халықаралық тәуелсіз зерттеулер бұл көрсеткіштің бір жылда 10-12 пайызға дейін өскенін көрсеткен. Бұл Өзбекстанның өзіне және біздің аймақ үшін өте жақсы жаңалық», – дейді Асқар Болат.

Жобаның атауы ерекше. Неге Qalan.kz деп аталады деген сұраққа Асқар Болат былай жауап берді:

«Қазір нарықта study, education, school деген атауы бар математика орталығы көп. Біз қазақы атау іздедік. Абай Құнанбайұлының «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген өлеңіндегі «қалан» сөзі ұнады. Жалпы математикада іргетастың берік қалануы маңызды. Біздің оқу орталығымыздың мақсаты – оқушыға математика саласында берік іргетас қалап беру».

Qalan.kz – Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатқан жоба. Болашақ үшін білімге салынған ең тиімді инвестиция. Сондықтан жобаның жоспары  көп, мақсаттары ауқымды. Алдағы уақытта жасанды интеллекті көмегімен жобаны дамиды. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін мобильді қосымша  іске қосылады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған ғылым-білім туралы «Әл Жәбірдің атасы» және «Қалан, балам» атты екі журнал шығармақ.  Келесі жылы географиясын кеңейтіп, Ресей мен Өзбекстаннан кейін Қырғызстан, Түркия және Әзербайжан нарықтарына шығуды көздеп отыр. Ал ұзақ мерзімді болашақта Қазақстанның ғылым-білімнің қайта жаңғыртуға   үлес қосуды мақсат тұтады. 

«Тарихқа зер салсақ, ғылым мен білімнің бастауы, ұлы ойшылдар мен ұстаздардың көпшілігі өзіміздің Орталық Азия аймағынан шыққанын ұмытпауымыз керек. Мысалы, әл-Фарабиді, әл Хорезми, Ұлықбек, әл-Бируни секілді ғалымдар ғылым-білімнің негізін қалады. Алаш қайраткерлері де қазақтың оқыған, білімді халық болғанын көкседі емес пе? Ғылым мен білім біздің қанымызда бар қасиет. Бұған қазір толық мүмкіндік туып тұр. Болашақта адами капитал бірінші орынға шығады. Азаматтардың білімін көтеріп, ғылымға көңіл бөлсек, Қазақстанымыз қарыштап өркендейді деп сенемін. Біздің міндетіміз  ғылым-білімнің тәжін өзімізге қайтару», – деді мұғалім.

Серіктес жаңалықтары