×
478.93
534.96
5.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
478.93
534.96
5.16

«Айтқанының бәрі негізсіз айып»: Qazaq Stroy депутаттың сынына жауап берді

06.10.2023, 18:17
Фото: Ашық дереккөзден

Ulysmedia.kz порталына таяуда «Qazaq Stroy» компаниясынан хат келіп түсті. Компания таяуда біздің порталымызда шыққан бір мақалаға («Әйтпесе биліктен сенім кетеді: Депутат Антикор бастығынан Qazaq stroy әрекетін тексеруді талап етті) жауап жолдаған. Қос тарапқа да алаң ұсынып, объективті қарау мақсатында Qazaq Stroy компаниясының редакцияға жолдаған жауабын ұсынамыз.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы аптада Антикор бастығы Асхат Жұмағалиға депутаттық сауал жолдады. Мәжілісмен Алматы қаласындағы бүгінгі таңдағы ең ірі құрылыс компаниясы «Qazaq stroy»-дың әрекетін мемлекеттік органдар әлі күнге дейін тексермей отырғанын айтады.

Депутаттың айтуынша, «Qazaq stroy» ЖШС құрылыс компаниясының қаланың қақ ортасында 3,6 га жерде құмды-қиыршықтас қоспасын (ПГС) еш рұқсат құжатсыз, заңсыз қазып алып, мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өзі салған 128 көпқабатты үйдің құрылысына пайдаланған. Депутат Экология департаменті тексеру нәтижесінде 3,6 млрд теңге көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығынды анықтағанын айтады.

Qazaq Stroy компаниясы мұның бәрі негізсіз айып деп есептейді. Депутаттың айтқаны қоғамда резонанс туғызып, «компанияның беделіне кері әсер етті» деп есептейді.

«Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Qazaq Stroy" ЖШС карьерлерді Алматы қаласының орталығында қазғандай айыптады. Карьерлер қала орталығында емес, жаңа аудан Наурызбайда және ол қаланың шеті екенін атап өткіміз келеді. Сот және сотқа дейінгі тергеу органдары дәлелдеген фактілер бойынша Qazaq Stroy-дың карьерлерді игеруге еш қатысы жоқ. Бұл карьерлер 2-3 жыл көлемінде қазылған.  Тиісінше, олар Qazaq Stroy нысандарының құрылысы басталғанға дейін болған. Карьерлер орналасқан жер учаскелері   «Qazaq Stroy» компаниясына қатысы жоқ жеке тұлғаларға тиесілі», - дейді компания.

Компанияның хабарлауынша, карьерлер орналасқан жер учаскелерінің нақты иелерінің болуына қарамастан, тексеру жүргізу кезінде олардың ешқайсысымен сауалнама жүргізілмеген.

«Демек, бұл осы карьерлердің жанынан құрылыс жүргізген Qazaq Stroy компаниясын мақсатты түрде айыптау көзделген.  Компанияның карьерлерде қазу жұмыстарына қатысқаны туралы нақты дәлелдер жоқ. Аталған карьерлерге байланысты құрылыс салушы шығын мен пайдаға қарамастан, жоспарланған екі үйдің құрылысынан бас тартты. Мемлекеттік экологиялық инспектор Д. М. Лесбековтың әрекеттері екі рет заңсыз деп танылды. Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 01.07.2022 жылғы қаулысымен тексеру нәтижелері туралы актіні және оның негізінде жазылған бұзушылықтарды жою туралы Нұсқаманы заңсыз деп таныды. Бұл қаулы ҚР Жоғарғы сотында жойылып, басқа құрамдағы сол сотқа тағы да қарауға жіберілді. Бірақ екінші рет Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да осы тұжырыммен келісіп, 29.08.2023 жылғы қаулы бойынша экологтардың әрекеттері заңсыз деп танылады. Осы қаулы қазіргі уақытта заңды күшіне ену процесінде», - делінген жауапта.

Компания «сот істі қарау кезінде мемлекеттік инспектор Д.М. Лесбековтың тексеру жүргізу кезіндегі іс-әрекеттері басынан-ақ айыптау сипатында болғандығын анықтап, қорытындылар жасады» деп позициясын білдіреді. Ал оның тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген тұжырымдары тексеру жүргізу кезінде «объективті болмаған» деп хабарлайды.

«Нәтижесінде, тексеру  процесі заңсыз актіге негізделген және кейін жазылған нұсқамалар заңсыз болып табылады. Бұл нұсқамалар Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысы күшіне енгеннен кейін сот тәртібімен жойылады. Абзал Құспан өз өтінішінде осы сот актісінің бар екенін айтпайды және компанияны бірнеше рет құқық бұзушы деп атай отырып, "Qazaq Stroy" компаниясының кінәлі екенін айтады. Демек, ҚР депутаты Абзал Құспан ҚР қолданыстағы іс жүргізу заңнамасының нормалары туралы білмейтіні анық және осыған байланысты компанияға қарсы шығарылған азаматтық іс жүргізу тәртібімен заңды күшіне енген сот актілері қазір ҚР Әкімшілік рәсімдік-іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен қайта қаралуда деп тікелей мәлімдейді. Депутат өз жолдауында жалған ақпарат тарата отырып,  Алматы қаласы экология департаментінің заңсыз іс-әрекеттерін бүркемелеп отыр», - делінген компания жауабында.

Мемлекетке 3,6 млрд теңге келтірілген шығын туралы компания «оның себебін ескермей отыр» деп келтіреді.

«Сот актілері ұйғарым құжаттары бойынша енгізілген және Атқарушылық іс жүргізу қозғалған сәттен бастап мемлекеттік сот орындаушысы "Qazaq Stroy" компаниясының қызметін іс жүзінде банк шоттарына, компания мүлкіне тыйым салу, нотариаттық және тіркеу іс-әрекеттеріне тыйым салып,  компания басшысының шетелге шығуын шектеді. Депутат жағдайды дұрыс түсінбей «Qazaq Stroy» компаниясы жалған банкроттық жариялауға тырысты деп айыптады. Депутат 3, 6 млрд. теңге өндіріп алу туралы сөз қозғады. Алайда, бұл ретте компанияның тыйым салынған мүлкі 20 млрд теңгеден астам сомаға бағаланады. Тиісінше, компанияның банкроттығы  туралы мәселе болуы мүмкін емес», - дейді компания.

Компания «Ерлепесовке 560 000 АҚШ долларын төледі деген жалған» екенін айтады. Сондай-ақ, депутаттың «Qazaq Stroy компаниясы қауіпті карьерге 20 м қашықтықта  он қабатты тұрғын үй салған» деген айыптауына «бұл мәлімдеме жалған, өйткені үй мен карьер арасындағы қашықтық 30 метрден асады» деп жауап жолдайды.

«Абзал Құспанның уәждері күмәнді екенін айтқымыз келеді. Себебі, бұған дейін ол Qazaq Stroy-ға қарсы шешімнің нәтижесіне де әсер етуге тырысқан болатын және Жоғарғы Сотта сот талқылауының соңғы кезеңінде А.Құспан Алматы қаласының Әділет департаментіне, Бас прокурорға, Жоғарғы Сотқа бірқатар депутаттық сауалдар жолдады. Бұл әрекетті сот сотқа қысым көрсету деп қарастырды. Депутат тағы да біздің компанияны жария түрде айтыптай отырып,  мәселені объективті түрде түсінбеді. Тек бір ғана тараптың шағымына назар аудара отырып, "Qazaq Stroy" компаниясын заңсыз әрекеттер жасады деп айыптап, кінәләуі күдік туғызады. ҚР заңнамасында  жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатыны, сондай-ақ ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау құқығы көзделгенін еске салғымыз келеді», - деп түйеді жауабын Qazaq Stroy.