Алдағы жылға бюджет бойынша жоспар бар ма? Үкімет бюджет шығынын алдағы уақытта немен жабуды көздеп отыр? Заңсыз шығарылып елге қайтарылған сома қанша? Ол сома қайда жұмсалады? Бұл сұрақтарды бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында Ulysmedia.kz тілшісі вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа қойды.
«Шынымен де тоғыз айдың қорытындысы бойынша 1,1 трлн теңге республикалық бюджетке түспей жатыр. Бұл өте бізге қиыншылық тудырып отыр. Себебі біз осы жылғы экономиканы болжаған кезде бізде мұнай бағасы жоғары болуы керек болатын. Жаңа айтып өттім, кемінде 85 доллар болуы керек еді. Енді ол қазір ғана келіп жатыр, сегіз ай бойы мұнай бағасы төмен болды», - дейді министр.
Жамаубаевтың айтуынша, биыл металл, аллюминий, мырыш, мыс бағасы әлі көтерілмеген. Республикалық бюджетке негізгі тау кен орындарын дамытатын компаниялардан, мұнай саласынан қаражат түседі.
«Осы екі саладан бізде 80 пайыз осы республикалық бюджеттің көздері. Қосылған құн салығы деп отырмыз. Бұл импорттық тауарларға салынатын қосылған құн салығы, олар бойынша да біз біраз қағылдық, бюджетке қаражат түспей жатыр. Соның барлығы айналып келгенде 1,2 трлн теңге болды. Осы тенденция жалғаса берсе, жылдың соңына дейін біздің республикалық бюджетке 2,2 трлн теңге қаражат түспей қалу қаупі бар», - дейді ол.
Үкімет енді не істейді? Жамаубаевтың айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің нақты жоспары бар. Осы 2,2 трлнның 700 миллиардына дейін тиісті салықтық кедендік әкімшілендіру саласынан қаражат алу көзделген.
«Көлеңкелі экономикамен күрестен түсіреміз. 1,3 трлн теңге бойынша - қазір Ұлттық қор Қазмұнайгаз компаниясының 20 процентке жуық акциясын орналастырады, Ұлттық қордың есебінен. Сол кезде шамамен 1,3 трлн теңге түседі. Дисконтпен орналастырады. Сөйтіп ол қаражатты біз республикалық бюджеттің кем болып жатқан жерін толықтырамыз», - дейді ол.
Үкімет осылайша, жыл соңында үкімет тарапынан әлеуметтік және басқа да міндеттемелердің барлығын толық көлемде орындаймыз деп жоспарлап отыр. Яғни ешқандай республикалық бюджетті нақтылаусыз, Парламентке шығармай немесе тапшылықты көбейтпей, сырттан алатын қарыздарды өсірмей кеңейтпей «осы мәселені шешеміз» дейді.
«Бұл шешім біріншіден ҚазМұнайгаз компаниясының акциясын өзіміздің Ұлттық қорда ұстауға мүмкіндік береді. Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық қорда көбінесе шетелдік компаниялардың акциялары мен облигациялары орналастырылған. Бұл тұрғыда өзіміздің өсіп келе жатқан ІРО-ға шығып отырған компанияның акциясын ұстау бұл Ұлттық қорға да тиімді. Келесі жолы ол SPO болған кезде бұл Ұлттық қордың қоржынындағы осы акцияларды нарыққа сатып жіберіп, дивиденд алуға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Заңсыз шығарылған активтер бойынша Жамаубаев былай дейді.
«Сырттан активтерді қайтару жұмысы монополиясыздандыру ісімен ұштасып кетті. 13 акционерлік қоғамды мемлекетке алдық. 100 млн АҚШ доллар ақша тікелей бюджетке құйылды. 2 млрд теңге бюджетке тағы түсті. Бюджетке түскен ақша білім инфрақұрылымын қолдауға арналған шотқа түседі. Оқу-ағарту министрлігімен бірге бүкіл өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептерді жөндеу жұмыстарына қаражатты бөлдік. Ол сома 96 млрд теңгедей ақша», - дейді ол.
Қазіргі қабылданған заң аясында кеше ғана комиссияның алғашқы отырысы өткен. Ұйымдастыру мәселесі талқыланған. Келесі аптада комиссияның тағы отырысы болады. Ол жерде нақты активтер бойынша талқылаулар басталады.
«Бас прокуратураның арнайы комитеті жасақталды. Бүкіл құжаттарды отырыстарда бірте-бірте шығарады. Әр отырыста үкіметтің баспасөз қызметі немесе Бас прокуратура комитетінің ақпараттары арқылы сіздер қаншама қаражат немесе бағалы қағаздар, мүліктер қайтарылғанын біліп отырасыздар. Заңда көрсетілген: қаражат арнайы шотқа түседі. Ол қаражат республикалық бюджет комиссиясы арқылы тиісті әлеуметтік-экономикалық жобаларға жұмсалады», - деген ол заң күшіне енгелі заңсыз қайтарылған активтер бойынша нақты қаншама сома қайтарылғанын ашып айтпай, құзырлы органдарға сілтеді.