Бұл сұрақ бүгін Су ресурстары және ирригация министрі болғалы алғаш рет журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізген Нұржан Нұржігітовке қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Трансшекаралық өзендер мәселесі бізде өте өзекті екені айтылып жүр. Қазақстанға Ертіс, Іле өзендері бойынша Қытаймен, Жайық бойынша Ресеймен, Қырғызстанмен де келісу керек болады. Су дипломатиясына үлкен сын. Қаншалықты осы мәселеде құзыреттімін деп ойлайсыз ба? Су саласындағы проблемаларды реттей аласыз ба? Президент сізді не үшін тағайындады? Қалай ойлайсыз?» - деп сұрақ қойылды жаңа министрге.
Бұл сауалға жауап берген Нұржан Нұржігітов:
«Тағайындағанда өз көзқарасым – кәсіби деңгейіне қарай, жұмыс тәжірибесіне қарай. Егер ол өз жұмысын тиімді түрде атқарып жатса, әрине, ол сондай болуы керек. Су дипломатиясына байланысты үйренетін өте көп. Оны жасырмаймын. Міндетті түрде өте көп пікір алмасу керек. Өте көп. Саладағы ардагерлермен, ғалымдармен өте көп пікір алмасып жатырмыз. Жалғыз министр болып шешім қабылдаймын деген жоқ. Қандай шешім қабылдасақ та, Қазақстан үшін тиімді болуы керек», - дейді ол.
Жаңа министр журналистердің алдына шыққанда өз міндеті жайлы айтып, су ресурстарын көбейту, трансшекаралық өзендер мәселесімен, су қоймалары бойынша жұмыстармен айналысатынын мәлім етті. Айтуынша, қазір су саласындағы ғалымдармен жиі кездесіп, мәселені зерттеп жатқан көрінеді. Қазір жаңа министрлікті құруда штат санын қарастырып, Экология министрлігінде еңбек еткен мамандарды жаңа ведомствоға тартып жатқан көрінеді. «Кәсіби білікті болса жұмысқа аламыз» дейді.
Ал «Жамбыл облысынан командаңызбен келдіңіз бе?» деген сұраққа Нұржігітов былай дейді.
«Міндетті түрде командалық ауысымдар болмайды. Бүгінгі күні менімен бірге тек көмекшім келді. Өзіңіз білетіндей, заң аясында ол реттелген. Сондықтан міндетті түрде меритократия принципі сақталады».
Журналистер сонымен қатар, «Ресейден бізге Жайық арқылы бес жылда келетін суды Ертіс арқылы бір жылда қайтарып отырмыз, су саласын басқаратын министр ретінде мұны әділестіздік деп ойламайсыз ба?» деп те сұраған.
Нұржан Нұржігітов мұндай ұсыныстар келіссөз арқылы ғана шешілуі мүмкін екенін айтып, алдыңғы жауабындай қысқа қайырды.
«Әрине, Ертіс пен Жайық мәселесін екі бассейндік инспекция қарайды. Бәрі келіссөз арқылы шешіледі. Тағы да қайталаймын, қандай бір шешім қабылдасақ та, Қазақстан үшін тиімді шешім қабылдаймыз. Сондықтан кездесулер де сол бағытта өтеді», - деді ол.
Ведомство басшысы Ресей-Қазақстан арасындағы су қатынасына баға бере алмайтынын мәлім етеді.
«Оған біз баға бере алмаймыз. Себебі қазір біз қандай да бір шешім болса да, Қазақстан үшін шешім қабылдауға тырысамыз», - деді министр.
Ал «министр ретінде суды үнемдеу үшін қандай ақыл айтасыз?» деп сұраған журналиске «кранды ашық қалдырмауға» кеңес берді.