×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертті

13.09.2021, 14:41
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертті
фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,50%-ға дейін көтерді, деп хабарлайды ulysmedia.kz ведомствоға сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,50% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,50%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,50% болады. 

Шешім жаһандық сұраныстың қалпына келуі шығару мүмкіндіктерінен жоғары болған кездегі азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік инфляциялық өсу үрдістерінен туындаған экономикадағы басым проинфляциялық қысымға негізделді. Ішкі маусымаралық күтпеген өзгерістер тұтынушылық сұранысты белсенді түрде қалпына келтіретін сол қысымды, сондай-ақ электр энергиясына, газ бен ЖЖМ бағасының өсуін күшейтеді. Нәтижесінде жылдық инфляция 8,7%-ға дейін жеделдеді. Инфляциялық ая тамызда 8,8%-ды құраған халықтың жоғары инфляциялық күтулерінен де күшейе түсуде.

COVID-19-дың қайта өршуі әлемдегі іскерлік белсенділікті бәсеңдетіп, проинфляциялық процестерді күшейте отырып, жаһандық жеткізілім мәселелерін ушықтырды. ХВҚ болжамдары бойынша, биылғы жылы вакцинация мен ынталандыру шаралары аясында әлемдік экономика бірте-бірте 2022 жылы баяулай отырып, тез қалпына келуін көрсетеді. Қазақстанның сауда серіктестері болып табылатын елдер экономикаларының өсуі бойынша халықаралық ұйымдардың болжамдары ЕО және Ресей бойынша жақсарды, ал Қытай бойынша аздап төмендеді. Жаһандық инфляциялық қысым азық-түлік өнімдеріне, шикізатқа, металдар мен автомобильдерге бағаның ұлғаюы аясында жоғары деңгейде қалуын жалғастыруда.

Азық-түліктің жоғары әлемдік бағаларымен инфляциялық үрдіске қосылатын үлес қалыптасады. Бұған – 2021 жылғы тамызда ФАО азық-түлік бағалары индексінің жылдық көрсетуде 32,9%-ға өсуі дәлел. Осының аясында бүкіл әлем бойынша өндірушілер жеткізілімдер мен логистика, шикізат және дайын өнімнің жоғары бағаларының проблемалары туралы хабарлайды. Осылайша, Baltic Dry Index құрғақ жүкті тасымалдау құнының индексіне сәйкес контейнерді жөнелту құны 2019 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,4 есе, 2020 жылғы мамырмен салыстырғанда – 7,4 есе өсті. Осыған сәйке елдердегі инфляцияның жалпы деңгейі монетарлық биліктің нысаналы бағдарынан асып, өсуді жалғастыруда. Мәселен, АҚШ-та 2021 жылғы шілдеде инфляция 13 жыл ішіндегі ең жоғары мәнге – 5,4%-ға, Еуроаймақта – 2021 жылғы тамызда 10 жыл ішіндегі ең жоғары мәнге 3%-ға, Ресейде – 2021 жылғы тамызда 5 жыл ішіндегі ең жоғары мәнге – 6,7%-ға жетті. Осыған байланысты әлемнің ірі реттеушілерінің өкілдері активтерді сатып алу бағдарламасын ертерек тоқтатудың мақсатқа лайықтығы туралы мәлімдеп отыр, ал дамушы елдер монетарлық талаптарды күшейту циклына кірісті. Бұл ретте, АҚШ ФРЖ мен ЕОБ тарапынан монетарлық ынталандыруларды қысқарту қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың өсуіне алып келуі мүмкін.

Нәтижесінде тамызда 11,4%-ға жеткен азық-түлік инфляциясы баға өсуінің негізгі қозғаушы күші болып қала береді. 2021 жылғы сәуірден бастап инфляцияның орташа айлық мәні соңғы 20 жылдағы орташа мәннен асып түседі, бұл жаз айларына тән емес. Жылдық азық-түлік инфляциясының қазіргі жеделдеуіне көкөністер (26,1%-ға), атап айтқанда ұзақ сақталатын көкөністер бағасының күрт өсуі (картоп – 29,7%-ға, сәбіз – 68,2%-ға, қызылша – 124,0%-ға) елеулі үлес қосты. Жаңа егін түскенге дейін ішкі қорлардың сарқылуы жағдайында бұл өнімдерге бағаның ай сайынғы өсуі жазғы кезеңге тән емес рекордтық мәндерді көрсетті. Жем-шөп дақылдарының қымбаттауы салдарынан өндірушілер бағасының өсуінен туындаған ет және ет өнімдері бағасының өсуі (9,5%-ға) байқалады. Жалпы әлемдік үрдістен кейін әлемдік нарықтағы ұсыныстың қысқаруынан туындаған өсімдік майына (күнбағыс майы – 66,8%-ға, зәйтүн майы – 9,0%-ға) бағаның жедел өсуі жалғасты.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция ЖЖМ бағасының (13,1%-ға), киім-кешек пен аяқ киім бағасының (6,5%-ға) өсе түсуі нәтижесінде 2021 жылғы тамызда 7,3%-ға дейін үдеді. Өзіндік құнның өсуі және экономикалық белсенділіктің қалпына келуі ЖЖМ бағасының өсу факторлары болып табылады, ал киім-кешек пен аяқ киім бағасы импорттық тауарлар бағасының өсуіне және тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне байланысты өсуде.

Ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 2021 жылғы тамызда 6,6% болды. Ақылы көрсетілетін қызмет бағасының өсуі электр энергиясы бағасының өсуі (10,1%-ға) нәтижесінде реттелетін коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне (6,3%-ға өсті) байланысты болды. Сервистік инфляция құрылымында да көлік қызметінің қымбаттағаны (4,1%-ға), атап айтқанда тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі аясында әуе көлігі (21,3%-ға) және бірқатар реттелмейтін қызмет бағасының қымбаттағаны байқалады.

“Экономикалық белсенділік экономиканың көптеген салаларының қалпына келуі аясында серпінді өсу қарқынын көрсетуде. 2021 жылғы 7 айда ІЖӨ-нің өсімі жылдық көрсеткіш бойынша 2,7% болды. Салалардағы сұраныстың қалпына келуі, өндірістік қуат көздерінің жүктемесі мен өндірілген өнім көлемінің ұлғаюы жалғасуда. Нақты сектор кәсіпорындарының біріктірілген бағасын бағасын білдіретін композиттік озыңқы индикатор 2021 жылғы 2-тоқсанның қорытындысы бойынша 100,1-ге дейін көтерілді және Ұлттық Банктің пікіртеріміне сәйкес 2021 жылғы 3-тоқсанда 100,2-ге дейін өсуін жалғастырды. Сұраныстың қалпына келуі экономиканың өсуіне айтарлықтай үлес қосуда, оны тұтынушылық кредиттеудің жедел қарқынымен бірқалыпты деңгейде болған азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының өсуі есебінен 2021 жылғы қаңтар-тамызда 6,1%-ға өскен бөлшек сауда айналымының оң серпіні  растайды.  Бұл ретте жоғары ішкі сұраныс 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта 27,3%-ға өскен тұтынушылық тауарлар импортының ұлғаюына әсер етеді. Халықтың нақты табысының оң серпіні сұранысқа қолдау көрсетуде. Мысалы, 2021 жылғы екінші тоқсанда инфляциялық процестердің одан әрі жеделдеуіне қарамастан, нақты кіріс 1,5% болып, өсуін жалғастырды. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру шеңберінде 2021 жылы 4,55 трлн теңгеге жеткен Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемі қосымша проинфляциялық қысым көрсетуін жалғастыруда”, – делінген ақпаратта.

Жалпы әлемдік мұнай нарығын дамыту перспективалары өзгеріссіз қалды. 2021 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша Brent сұрыпты мұнай бағасы дельта штаммының таралуына және жаһандық экономикалық өсу қарқынының баяулауына байланысты 4,4%-ға төмендеді. АҚШ-тағы мұнай қоры төмендеуді жалғастырды (төмендеу тамызда 13,8 млн баррельді, шілдеде 13,1 млн баррельді және маусымда 26,9 млн баррельді құрады), алайда өзгерістер қарқыны баяулады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің жаңартылған болжамдарына сәйкес 2021 жылы мұнайға сұраныстың өсуі бұрын болжанғаннан төмен болады. Жыл соңына дейін мұнай нарығы салыстырмалы түрде теңдестіріледі деп күтілуде. Бұл ретте 2022 жылдан бастап ОПЕК+ елдерінің ай сайын өндіруді тәулігіне 400 мың баррельге ұлғайту және АҚШ-та мұнай өндіруді ұлғайту туралы уағдаластығына байланысты мұнай бағасы түзетуге арналған алғышарттар жасай отырып, мұнай ұсынысы сұраныстың өсуінен асып түсетін болады. Осы үрдістерді ескере отырып, базалық сценарий бойынша болжамның басты алғышарты 2021 жылдың қалған айларында және болжамды кезеңнің соңына дейін мұнай бағасы бір баррель үшін  60 АҚШ доллары болып табылады.

Базалық сценарий бойынша ІЖӨ-нің өсуі бойынша болжам 2021 жылдың соңына дейін аздаған төмендеу жағына қарай қайта қаралды, бұл экономиканың бұрын күтілгеннен біршама баяу қалпына келуіне байланысты. 2021 жылы Қазақстанның ІЖӨ өсімі 3,5-3,8% деңгейінде күтілуде. Нақты кірістердің қалыпты өсуімен бірқалыпты деңгейде болатын, белсенді түрде қалпына келтірілетін тұтынушылық сұраныс негізгі қозғаушы күшке айналады. ІЖӨ-нің өсуі сыртқы сұраныстың және энергия ресурстарын өндіру көлемінің ұлғаюы салдарынан нақты экспортпен де қалыпты деңгейде болады. Өз кезегінде, ішкі тұтынушылық белсенділікті қалпына келтіру және инвестициялық белсенділіктің болмашы өсуі нәтижесінде импорттың ұлғаюы ІЖӨ-нің өсуіне тежеуші әсер ететін болады.  

2022 жылы экономиканың өсуі 4,1-4,4% деңгейінде болжануда, бұл алдыңғы бағалауға қарағанда сәл жоғары. Экономиканың өсуін жеделдету пандемияның экономикалық белсенділікті әлсірететін ықпалымен және ОПЕК+ шектеулерінің біртіндеп әлсіреуі нәтижесінде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің ұлғаюымен қатар жүретін болады.

Инфляция бойынша базалық болжамды жаңарту кезінде ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыру үшін Үкімет мақұлдаған Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені назарға алынды. Жедел шаралар қабылдау Үкіметтің бағалауы бойынша биылғы жылдың соңына қарай азық-түлік инфляциясын 8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жылдың соңғы 4 айындағы инфляцияның тарихи серпінін, сондай-ақ Инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін іске асыру тиімділігінің дәрежесін ескере отырып, 2021 жылы жылдық инфляция 7,5-8,5% шегінде қалыптасады. Базалық сценарийде инфляциялық процестер жыл соңына дейін ағымдағы серпінді сақтайды және жылдың қорытындысы бойынша инфляция болжамды көрсеткіш аралығының жоғарғы шегіне жуық қалыптасады. Инфляцияны болжау аралығының төменгі шегі Үкіметтің Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін тиімді іске асыруы шеңберінде инфляцияны төмендету әлеуетін ескере отырып айқындалған. Базалық мөлшерлеме жөніндегі кейінгі шешімдер, оның ішінде инфляцияға қарсы іске асырылған шаралардың тиімділігін бағалау ескеріле отырып қабылданатын болады.

2021 жылғы жоғары база есебінен шығуға байланысты 2022 жылы инфляция 4-6% нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне қарай бәсеңдей бастайды. Сыртқы инфляциялық қордың жеңілдеуі және биылғы жылы әлемдік азық-түлік бағасының айтарлықтай өсуінен кейін олардың болжамды төмендеуі аясында инфляцияның бәсеңдеуі орын алады. Бұл ретте 2022 жылы дезинфляциялық процестер көбінесе биылғы жылы Қазақстандағы дәнді-дақылдардан күтілетін жинап алу түсіміне, жаһандық жеткізу тізбегіндегі қалпына келуге және 2022-2023 жылдары ішкі экономиканы фискалдық ынталандыру деңгейіне тәуелді болады.

Ұлттық Банк инфляцияға қарсы шараларды іске асырудың тиімділігін және АҚШ ФРЖ мен ЕОБ тарапынан монетарлық ынталандырудың қысқару тәуекелдерін бағалай отырып, дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Бұл шаралар Ақша-кредит саясатының 2030  жылға дейінгі стратегиясына сәйкес 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге төмендетуге ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылғы 25 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.