Түркістан облысындағы емдеу мекемелерінің бірінде науқас дәрігердің біріне себепсіз пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақсукент ауылындағы жекеменшік емханада болған оқиғаға қатысты куәгерлер бұл азаматтың бастапқыда сабырлы болып, кезегін күтіп тұрғанын, кенет ашулана бастағанын айтады. Алайда төбелестің не себептен шыққаны әлі белгісіз. Әйтеуір, пациент пышағын суырып алып, рентгенолог дәрігерге шабуыл жасаған.
Зардап шегуші дереу ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, пышақ зардап шегушінің жүрегіне жақын тұсқа тиген.
“Іш қуысына енетін жара қай кезде де өмірге елеулі қауіп төндіреді, өйткені ол кез келген мүшені немесе тамырды зақымдауы мүмкін. Бұл жағдайда жара жүрекке өте жақын болды, бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта жәбірленушінің жағдайы тұрақтанды, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ”, – деп Сайрам орталық аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі Абдулхамид Әбдішқұров растады.
Науқасты полицейлер ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде ер адам алдымен аурухананың медицина қызметкерлеріне балағат сөздер айтып, кейін дәрігерлердің біріне шабуыл жасаған видео пайда болған еді.