Әділет министрі Азамат Есқараев Қазақстанда мұсылман дәстүрлері бойынша тұрмысқа шығып, ер азаматпен қарым-қатынасын тек мешітте тіркейтін қыздар өз құқықтарын қалай қорғай алатыны жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министр Қазақстан зайырлы ел екенін атап өтті.
"Біз заңды сақтауымыз керек. Некеге тұру үшін мемлекеттік органдарға жүгіну керек. Бұл некеге тұрған адамның құқығы мемлекет тарапынан қорғалуы үшін жасалады. Бұл тұрғыда, егер адам некені тіркемеген болса, онда ол тәуекелге барады. Қыздар өздерін қауіпсіз сезінуі үшін ресми түрде тіркеу керек. Егер олар АХАЖ-ға барудан бас тартса, бұл көп сұрақ туғызады. Олар саналы жаста үйленеді. Неліктен адам өзінің қарым-қатынасын ресми түрде тіркегісі келмейтінін түсіну керек", - деді министр.
Айта кетейік, биылғы жылдың алғашқы 6 айында елімізде 53,8 мың неке тіркелді. Некелесу коэффиценті 1000 адамға шаққанда 5,46 құрады. Сондай-ақ осы кезеңде 8,1 мың неке бұзылды (АХАЖ деректері бойынша, некені бұзу туралы сот шешімін есепке алмағанда). Ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 0,83 құрады.