Суицидке итермелеу, ауыр дене жарақаттары, психикалық ауруға ұшырау – мұның бәрі Қазақстан Қарулы Күштеріндегі «патриоттық тәрбиенің» құрамдас бөлігіне айналғаны қашан. Отан алдындағы әскери борыш осы аталғандарды бастан кешірмей өтелмейтін секілді.
Соғыс болып жатқан жоқ (оның бетін әрі қылсын), бейбіт заманда әскерге аяғымен аттанып, табытпен оралып жатқан қайғылы жайттарға жиі куә болып жүрміз. Әскердегі жоғары шенді азаматтардың бұл жағдайға бас қатырып жатпағанын да байқап отырмыз. Бас қатса, нәтиже қане? Ал әскерге шақыру науқанында отаншылдық туралы айтатын «уағыздары» ше? Олардың сөзі түйеден түскендей, майдалап, жаңқалап жатпайды. «Жалаңаш барып жауға ти, Тәңірім өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр» деп жыраулар айтқан ерлік жырларындай отты әрі уытты. Сонымен, әскери өмірде сарбаз не көреді, нені үйренеді?
Мерзімді әскери борышын өтеу 18 бен 27 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының ер азаматына міндет. Әскери борышты өтеу мерзімі – бір жыл.
Былай қарасаң, 365 күн деген не тәйірі? Әскерге бар, шыңдаласың, жігіт боласың. Әскерден келгеннен кейін мемлекет уәде бергендей, жоғары оқу орнына оқуға түсуге жеңілдік аласың. Бұдан бөлек, күштік құрылымдарға жұмысқа орналасам десең де жеңілдік болады.
Бірақ айтылғанның бәрі қағазға жазылғандай болса ғой, шіркін! Қағазстанда оның ауылы ерте ме дерсің. Өйткені әскерге бару түрмеге түсумен тең азап. Өйткені онда ешқандай патриот болып шықпайсың. Керісінше, осындай жүйеге көз жұмып отырған мемлекет басындағыларға тісіңді қайрап шығасың, онда да қайрай қояр сау тісің қалса.
Ондағы қоқан-лоққы, үлкендердің азаптауына әскерге барам деп құлшыныспен аттанғандардың өзі шыдай алмайды. Суицид жасайтындардың саны күннен-күнге артуда. Бірақ бұл үшін түпкілікті реформа жасалмаған. Біреуді соттайды, әрі кетсе министрді қызметінен алады. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді ғой. Әскердегі сарбаздарымыз не үшін оқ тимей өліп жатыр? Себебі неде? Оны зерттеп, қолға алып жатқан ешкім және жоқ.
Мысалдар жеткілікті
Алмас Шахимовтың өліміне қатысты іс әлі аяқталған жоқ - көкшетаулық сарбаз таңдаулы әскерлер қатарына - Ұлттық ұлан қатарына қабылданған. Өз аяғымен кеткен ұл алты айдан кейін туған үйіне табытпен оралды. Әскердегі басшыларының айтуынша, үстіне тігулі шатыр құлаған-мыс. Қаруластарын бір ажалдан құтқарып, өзі ажал кемесіне мініп кеткен жігіттің атына медаль келіпті. Ерлігі үшін дейді. Бірақ қайғыдан қан жұтқан ата-ана оған сенбейтіндіктерін айтып, медальді қайтарып берген, сөйтіп ұлдарының неден өлгенін білуді өз бетінше анықтап көрмекке бел буған.
Сот-медициналық сараптамасы марқұмның денесінен зорлық-зомбылық әрекеттерінің іздерін таппаған. Көзі қарақты, оқыған-тоқыған кәсіби мамандар марқұм денесіндегі 22 жарақат пен алқымындағы (мойын) тұншықтырудан қалған ізді байқамай қалыпты. Сонымен Алмас Шахимовтың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Істі қайта көтеріп, әділеттілікке жету үшін Алмастың отбасы президентке де, бас прокуратураға да құлаш-құлаш хат жазған. Олар эксгумация жасатуға бірнеше ай бойы рұқсат ала алмаған. Бұл оқиға қалай аяқталатыны әлі белгісіз.
Қазақстан халқын елең еткізген тағы бір қайғылы оқиға – әскерге кетіп, оралмаған Толқын Ғалымованың 20 жастағы ұлының өлімі. Арсен Ишанов Қонаев қаласында орналасқан Әуе-десанты әскерлерінің қатарына қабылданады. Ант беру рәсімінде ұлының мерейлі сәтін көрмекке барған анасы Арсенді танымай қалған. Жайдары жігіттің жүзі сынық, көңілі пәс. Себебін сұраған анасына: «бәрі дұрыс» дегенді ғана айтыпты еріннің ұшымен.
Толқынның айтуынша, ұлынан ақша талап еткен. Арсен шыдамай, суицид жасаған. Соған байланысты қылмыстық іс ашылған. Бірақ белгісіз себептермен жігітті суицид жасауға кімнің итермелегенін анықтай алмаған. Анасы тергеушілерге Арсенге туған-туыстың әртүрлі уақытта бас-аяғы 194 мың теңге ақша аударғанын банк квитанциялары арқылы дәлелдеп берсе де, бұған тергеуші де, прокурор да елең етпеген. Тіпті іске тіркемеген. Қылмыстық іс осылайша жабылған.
Толқынның айтуынша, ұлын суицидке жеткізген сержанттар осы күнге дейін сол Қонаевтағы әскери бөлімде алаңсыз қызмет етіп жүр.
Бұл тізімді әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Қазақстанда соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер көз жұмған, оның 90-ға жуығы суицидке барып, содан өлгендер. Мұны әскери қолбасшылардың өздері де жасырмайды.
270 өлімнің барлығы үлкендердің кішілерге әлімжеттігінен болғаны рас. Бірақ мұндай жағдай мүлдем болмауы тиіс еді ғой. Себебі Қорғаныс министрлігі «құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жасап жатырмыз, әр әскери бөлімде әскери полиция бар, олар құқық бұзушылыққа жол бермейді» дегендері қайда сонда?
Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Ерлан Рамазанов журналистерге «Қазақстан армиясында мұндай әлімжеттік жоқ, - деп сұқбат та берген. Сонда әскерде қынадай қырылып жатқандардың қаны кімнің мойнында?
Әскердегі әлімжеттіктің сипаты өзгерген. Қазіргі әлімжеттіктің астарында ақша жатыр, ақша.
Өлім мен өмір арпаласы
Ал комада жатса да, Ербаян Мұхтар әлі тірі. Өмір мен өлім арасында арпалысып жатыр. Жігіт ауыр соққыны қалай алды, мұны әскери бөлімдегі шенділер азаматтың отбасына түсіндіріп бере алмай отыр. Жарты жыл бұрын, әскерге алынарда сап-сау тұрған азамат дәретхана кафеліне құлап, басынан қатты соққы алған.
– Қазір мемлекет те, медицина да, әскери борышын өтеуге барған әскери бөлімдегілер де Ербаянның еміне көмектесіп жатқан жоқ. Мемлекет тіпті жөргегін де (памперс) бермеген. Ол үшін мүгедек екенін дәлелдеу керек, сотқа жүгінуі тиіс. Ал ес-түзсіз жатқан Ербаян сотқа қалай барады? – дейді анасы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, президент қорғаныс министрінің назарын армиядағы мұндай оқиғаларға жол беруге болмайтындығына аударып, тергеуді бақылауға алуды тапсырған.
Бірақ министр бұны шыбын шаққан құрлы көріп тұрған жоқ. Президент айтпақ түгілі басқа айтса да қыңқ етпейтініне қарап, өзі ет пен сүйектен жаралған жан ба екен деп күманданып қарайсың. Ербаян сауығып, аяқтан тұрса, «ә, жарайды» деп, керісінше, мүгедек болып, өмір-бақи арбаға таңылатын болса, оған да «ә, жарайды» дей салатындай. Қай сарбаздың басынан өтпей жатыр деп, жауырды жаба тоқи салу министр мырзаның әдетіне айналғандай. Оның үстіне Руслан Жақсылықовтың ұлдары әлі кішкентай ғой. Әскерге әзір шақыра қоймасын ол да біледі. Жоғары шенділердің баласы әскери борышын өтепті дегенді естігендеріңіз бар ма? Олар әскерге барса, генерал шенінде ғана баруы мүмкін.