Бұрынғы Спорт және туризм министрінің төңірегінде айтылар әңгіме таусылды ма, таусылмады ма, белгісіз. Жанкүйерлер Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктің алдын ала алмаған экс-министрді жерден алып, жерге салған. Ақпарат айдынындағы бірнеше аптадан бергі тыныштық спортшылардың да, жанкүйерлердің де және Олимпиада медальдарына емес, оған кеткен қыруар қаржыны білгісі келгендердің де тағатын тауысты. 31 тамызда Ермек Маржықбаев министрлік тұғырынан түсірілгенде спорт басшылығында істегеніне бір жыл да толмған шенеуніктің ойда жоқта жұмыстан босатылуына Париж Олимпиадасы себеп болғаны белгілі еді. Ал өзіне артылған сенімді ақтамағаны үшін ҰОК төрағасының орынбасары қызметінен босатылғанда халықтың бұған тіпті де көзі жетті.
Сыншылар әп дегенде еліміздің Олимпиададағы жеңістерге бөлген миллиардтарын санай жөнелді және бұның соңы тергеу амалдарына ұласатынын меңзеген еді.
Ал бүгін біраз демалған Маржықпаевтың қайтадан жаңа жұмысқа кірісіп жатқаны белгілі болды – қазір ол премьер-министрдің кеңесшісі.
Алайда ол спортты жақсы көрген, мемлекеттік қызметті енді ғана бастап, жай ғана аудан әкімі болған кездің өзінде 2008 жылғы Олимпиада ойындарын көру үшін арнайы Бейжіңге барған деп еске алады қарамағында істегендер.
Туризм де Ермек Маржықпаевқа таңсық емес. Бұл саладағы бизнесін ол Зерендідегі жеке шағын кәсіпорыннан бастаған. Алайда, қазір оның Бурабайдағы «Береке-Бурабай» қонақүйлер желісіне еш қатысы жоқ – ол бұл бизнесті әйеліне жүктеген.
Президент Маржықпаевты неліктен дереу қызметінен босатқанын түсіндірмеді. Бәлкім Қазақстан құрамасының медальдық есепте 43-орынға тұрақтауы себепті мемлекет басшысының отандық спортты жандандырады деген оған артқан сенімін ақтамағанынан болса керек.
Олимпиададан кейінгі талқылау кезінде Тоқаев спорт саласында жемқорлық фактілері жүйелі түрде тіркеліп, отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің имиджіне де орасан зор кері әсерін тигізіп жатқанын айтты.
– Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт шенеуніктері спортты дамытумен емес, тіпті соңғы нәтижесінің қандай боларын ойланбастан, миллиардтаған бюджетті игерумен ғана айналысатын тәрізді.
Алайда Маржықпаев бұндай шенеуніктер қатарына қосылмады, әлде оның жаңа кеңесші қызметін тағы қалай бағалауға болады?
Президент жан-жаққа қарайламай, жүйелі, сенімді түрде алға жылжу керектігін айтқан болатын, міне Маржықпаев та дәл осы бағытпен жүруді ұйғарған тәрізді.