«Мақаланы өшір, тақырыпты ауыстыр, суретті алып таста – әйтпесе көрсетеміз...»
Мұндай ескертуді бірнеше рет естідім. Ақыры көрсететінін көрсетіп тынды. Kyzdar.net сайты арқылы сұмдық шабуыл жасалды – менің суретім, аты-жөнім мен телефон нөмірім интим қызмет көрсетілетін сайттағы жалған анкетаға жарияланды.
Бірнеше күннен бері телефоныма тыным жоқ – ұятсыз ұсыныстар мен мазасыз қоңыраулар үздіксіз келеді. Тіпті, таныстарым мен оқырмандар хабарласып, не болғанын сұрайды. Мен бәріне түсіндірумен әлекпін. Ал бұл қылмыстың артында тұрғандар, сірә, өздерін жеңімпаз сезінетін сыңайлы – цифрлық шабуыл арқылы пиғылдылар дегеніне жетті.
Енді сұрақ туындайды: кім және не үшін мұндай арам істі ұйымдастырды? Ulysmedia.kz жұмысын тоқтату үшін кім ақша төледі? Біз кімнің жолын кестік?
Ulysmedia.kz – тек халық пен мемлекеттің мүддесі үшін өткір мәселелерді көтеретін тәуелсіз медиа. Бізді миллиондаған адам оқиды әрі қолдайды. Сол себепті бұл шабуылды – сөз бостандығына төнген қауіп, ашық қысым мен қорқыту әрекеті деп бағалаймыз.
Полицияға жүгінгеннен кейін бес күн өткенде ғана құқық қорғау органдары бұл істі киберқылмыс пен цифрлық буллинг деп танып, қылмыстық іс қозғады. Мұндай жағдай басымыздан екі жыл бұрын да өткен. Ол кезде істің қозғалуына Президент Тоқаевтың араласуы себеп болды. Бұл жолы да Мемлекет басшысы қолдау білдіреді деп үміт артамын. Өйткені мұндай қысым мен қорқыту әрекеттері Президент үнемі айтып жүрген қағидаларға түбегейлі қайшы.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мен – журналист, қоғам белсендісі әрі ең бастысы Қазақстан Республикасының азаматымын. Бүгін Сізге мәжбүрлі түрде жүгініп отырмын. Себебі мен қазірг еліміздегі кез келген әйелге төніп тұрған цифрлық зорлықтың сұмдық түрімен бетпе-бет келдім.
Осы қылмыстық істі жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймын.
Kyzdar.net сайтында жарияланған анкета – арандатушылық, жала жабу, ар-намысыма, қадір-қасиетіме, іскерлік беделіме және жеке өмірге қол сұғу. Бұл – заңсыз әрекет. Жалпы, аталған сайттың өзі де заңсыз жұмыс істеп отыр.
Бұл шабуылды мен өз кәсіби қызметіммен – тәуелсіз журналистикадағы еңбегіммен тікелей байланыстырамын. Бұл – маған және біздің редакцияға жасалған қысым мен қорқыту әрекеті.
P.S.
Полиция бұл шабуылды кім ұйымдастырғанын анықтай алар деп сенемін. Ең бастысы – жалған анкетаны құрған адамдар анықталып, заңсыз контент өшіріліп, ол сайт толық бұғатталуы тиіс.
Біздің оқырмандар: «Бас име, күрес!» деп қолдау көрсетіп жатыр. Сол үшін де Ulysmedia.kz редакциясы бұрынғыдай өз жұмысын жалғастыра береді. Еліміз үшін маңызды әрі өзекті ақпаратты жеткізу – біздің басты міндетіміз болып қала бермек.