Мәселеге жеке көзқарас
Сот процесі мен үкімнің қалай шыққаны туралы айтып жатуды артық санаймын. Өйткені өзге біреудің өміріне, денсаулығына қатер төндіруді еш ақтауға келмейді. Қылмыстың түбі жаза екені анық. Менің айтпағым мүлдем басқа. Өзіне бағынысты қызметкерді осыншама ашуландырып, қолына қару алуға мәжбүрлейтіндей шенеунік Берденов не айтты немесе не істеді? Міне, осы сұраққа жауап таба алмай-ақ қойдым.
Әрине, ақпараттар легі әкім орынбасары Берденовті қоғам алдында жәбірленуші ретінде көрсетуге бағытталып, біржақты нұсқалар көптеп айтылды. Мысалы, Берденов бюджет қаражатын қылғытқан Жиембайды тәртіпке шақырғысы келіп еді, алайда ол соған ашуланып, әкім орынбасарын атты деген нұсқа басқаларынан жиі айтылды. Тіпті Жиембайдың өте қомақты соманы қалтаға басып, соның ізін жасырғысы келгені де «жарыққа» шықты. Текетіреске себеп болған тағы бір жайт Жиембайдың тұрғын үйді жөндеу жұмыстарын аяқсыз қалдыруы делінеді... Бірақ сотта айыпталушы Берденовті ату себебін жұмысымен емес, үйдегі жұбайымен байланыстырып, Руслан әйеліме қырындады, соның кесірінен шаңырағым шайқалды деп ақырғ сөзін айтты.
Сонымен, жоғары мемлекеттік қызмет саласына аспаннан түскендей бір күнде келе қалған Р.Берденовтің карьерасына қалайша сызат түсті?
Жеті рет өлшеп, бір рет кес
Бұл орайда саясат сахнасына бір ғана талпыныспен шыға келген «Республика» партиясының серкелері туралы айтпай кеткеніміз жарамас. Бір қарағанда ертегідегідей «өсіп» сайлауалды науқанда электораттың сеніміне кірген жаңа партияның аяқалысы жаман еместей көрінген. Үйіп-төгіп уәде беріп, аузыңнан ақ май ағызам деп тұрып, Мәжіліс сайлауында қажетті дауыс жинады. Соның арқасында мандатқа ие болып шыға келді. Тең құрылтайшылары кіл бизнесмен, амбициясы да жоғары жастардан құралған партияға жаңа лепті күткен электорат сенім білдірді. Мандат қолға тиіп, мемлекеттік қолдауға ие болып, дауысы «жуандады». «Жаңа Қазақстанға» жаңа тұлғалар келді деп ел қалай қуанды, алайда Мәжіліске өтіп алған депутаттар елге берген уәделерін орындамақ түгілі бірінен кейін бірі орындарын босатып, жан-жаққа кетті. Депутаттық жұмыстың ыстық-суығына төзбеді ме, көшті Шүкіжанова бастады. Сайланғанына бір жыл толмай жатып, бизнеске қайта кетті. Берденов те мандаттан бас тартып, заң шығарушы органның қызметіне құлықсыздық танытқанымен, атқарушы билік бағытына ойысуды жөн санап, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Қызметке тағайындалар алдында маған сұқбат беріп, Астанадан неге кетіп жатқанын, Шымкент несімен қызықтырғанын айтып берген. Тіпті Шымкентке шаң жуытпай, Қазақстанда жемқорлықты жойған жалғыз шаһар осы деп сеніммен айтқан еді. Қаланы көркейтуге барамын деген сол сұқбатында.
Шымкенттіктер Берденовтің келуін мемлекеттік қызметтің жаңа сапаға көтерілуі деп бағалаған секілді. Аз уақыт ішінде қандай мәселелерді шешкенін білмеймін, бірақ мемлекеттік қызметтің ақыры аурухана төсегінен бір-ақ шығарды. Ол енді ел есінде шымкенттік реформатор емес, алғаш қызмет орнында атылған шенеунік ретінде сақталары сөзсіз. Оның саяси карьерасы туралы сөз бола қалса, бәрібір моральдық сұрақтардан аттап өте алмайтыны анық. Біржан салмен айтысқан Сара Тастанбекқызының: «Келгенде Жиенбайға шықпайды үнім» дегендей, енді Берденовтің Жиембайға келгенде кідіріп қалатыны сөзсіз.
Қазір бәрі ештеңе болмағандай кейіп танытуда, Берденов сауығып келеді, Жиембай жазасын өтеуге жіберілді, бірақ мәселеге басқаша қарайықшы. Бізде мемлекеттік органдардың басшылығына мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ кадрларды тағайындай салады. Елге қызмет етуге тиіс тұлғалар, жұмысын көрсетудің орнына шоу жасап кетеді. Оларға тағайындалар алдында қызметті жеке басыңның пайдасына емес, елдің мүддесіне жұмса, жауапкершілікті сезін, ар-намыс пен кәсібилікті жоғары қой деп ешкім айтпайтын сияқты.
Шымкентте болған осынау оқиға қазақстандық мемлекеттік қызметкерге берілген ескерту секілді. Баспасөз мәслихаттарын өткізіп, пресс-релиз таратуды негізгі жұмыс көретін мемлекеттік қызметкерлер енді байыппен ойланса дейсің. Елге қызмет етуге тағайындарда біліміне, жастығына ғана мән бермей, оның моральдық-этикалық ұстанымдарына да қарайлаған дұрыс болар еді.