×
522.49
601.07
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.49
601.07
6.47

Қазақстан Орталық Азия барысы болуға дайын ба немесе Трамптың 5 президентті жинаудағы көздегені не?

Бүгін, 17:25
Қазақстан Орталық Азия барысы болуға дайын ба немесе Трамптың 5 президентті жинаудағы көздегені не?
Ulysmedia.kz коллажы

Ертең, қарашаның алтысында, АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда Орталық Азиядағы бес мемлекеттің президенттерімен кездеседі. Бұл оның жаңа президенттік мерзіміндегі АҚШ пен өңір елдерінің алғашқы саммиті болмақ. Кездесу Америка тарапынан жаһандық жеткізу тізбектері, маңызды пайдалы қазбалар мен Еуразия арқылы өтетін сауда жолдарына деген қызығушылық артып тұрған шақта өтеді.

«Орталық Азия – АҚШ» саммиті күнде өтіп жатқан кәдуілгі шара емес, жоғары деңгейдегі кездесу. Тойдың болғанынан боладысы қызық дегендей, әлем елдері осынау кездесуге бар назарын салып отыр. Бұл тек Уашиңтонның ғана емес, әлем елдерінің Орталық Азия елдеріне деген көзқарасы дұрысталып келеді деген сөз. Осы келіссөздер қалай өтетініне көп нәрсе байланысты, өйткені оның қорытындысы бойынша өңірде үлкен өзгерістер болғалы тұр. Яғни, дүние бөлінісінде күштер арасындағы тартысжаңаша сипат алуы мүмкін.

Экономикалық мүдде

АҚШ жайдан-жай кездесу ұйымдастырмайды, бас пайдасын жақсы біледі. Орталық Азия стратегиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге экономикалық жағынан да зор мәнге ие. Логистика, сирек металлдар, энергетика және жаңа транзиттік бағыттар – мұның бәрі әлемдегі АҚШ секілді экономика алыбының ұзақмерзімді стратегиялық мүддесіне кіреді.

Вашингтон серіктестікті нығайтуды және мұны жүйелі түрде жүзеге асыруды көздейді. Яғни, бос мәлімдемелер мен кеңестерден нақты іске көшуді қалайды. Оның ішінде инвестициялар, көлік жобалары, энергетикалық және технологиялық ынтымақтастық механизмдерін іске қосу да бар.

Транзиттік ел болудан да жоғары мүдде

Саммит аясында Орта дәлізге (Middle Corridor) ерекше назар аударылады. Бұл бағыт аймақтық логистиканың шеңберінен шығып, жаһандық транзиттің балама арнасына айналуға сұранып тұр. Мұнда жеке капитал мен оның маңызды минералдарға инвестициялары шешуші рөл атқарады.

Қазақстан үшін Вашингтон саммиті – жаңа мүмкіндіктер әлеміне ашылған терезе іспетті. Біз енді тек шикізат экспорттайтын немесе транзиттік аймақ қана емес, технологиялық, инфрақұрылымдық және инновациялық әлеуеті бар мемлекет екенімізді дәлелдеуіміз керек. Бізде цифрландыру жылдам дамып келеді, жаңа буындағы ауыл шаруашылығы өркендеп жатыр, индустриялық тізбектер мен заманауи сауда модельдері қалыптасуда.

Көшбасшы болуға кім лайық?

Әркім көрпені өзіне қарай тартады. АҚШ секілді алпауыт өңірге назар аударғанда, көшбасшылыққа талас болмай тұрмайды. Бәрінің көкейін тескен бір сұрақ бар, ол – Орталық Азияның орталығы қай ел болады, Қазақстан ба, әлде Өзбекстан ба?
Өзбекстан – белсенді және амбициясы жоғары ойыншы, бірақ реформалар ол жақта енді ғана басталып жатыр. Ал Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан не ресурстық, не саяси тұрғыдан шектеулі, не басқа сыртқы бағыттарға тәуелді. Сондықтан олар өңірлік тәртіпті айқындауға таласпайды.

Қазір Қазақстанның артықшылықтары айқын:

• өңірдегі ең әртараптандырылған экономика;

• түрлі ықпал орталықтарымен жұмыс істейтін мойындалған дипломатиялық мектеп;

• Ресей, Қытай, Батыс және Ислам әлемі арасындағы тепе-теңдікті сақтаудағы тәжірибе;

• әлемдік бағыттарға әсер етіп отырған Орта дәліз инфрақұрылымы;

• өңірде де, шетелде де мойындалған жұмсақ күш (soft power).

Қазақстан әрдайым аймақтық тұрғыда ойлап, тепе-теңдікті сақтай білетін ел ретінде әлемде құрметке ие.

Аянып қалар нең бар

Мүмкін Қазақстан Орталық Азияның орталығы бола ала ма? деген сұрақты ашық қоятын сәт келген шығар. Ол тек мәлімдеме жасап қана қоймай, нақты стратегияны іске асыруға дайын ба? Вашингтонда өз мүмкіндігін, қарым-қабілетін көрсете ала ма?

Бұл – тарихи сәт. Мүмкіндіктер берілген мезет. Бірақ оны ұтымды пайдалана алмасақ, өзіміз ғана кінәлі боламыз. Себебі көп дүниені барында бағалай алмайтын әдетіміз бар, сол жағы қорқытады. Әйтпесе, құм шайнап, тас түкіретін, нені болса да, игеріп кететін қасиет қанымызда бар емес пе?

Серіктес жаңалықтары