×
491.88
585.83
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
491.88
585.83
6.36

Қазақстан энергетикадағы қордаланған мәселелерді қалай шешпек?

Бүгін, 11:35
Қазақстан энергетикадағы қордаланған мәселелерді қалай шешпек?
Ulysmedia.kz коллажы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың “энергетика саласында мұнайдан басқа мақтанар ештеңеміз жоқ па” деп сынға алуы елде ұзақ жылдар бойы энергетикалық саясаттың дұрыс болмағанын көрсетіп берді. Электр және жылу генерациясы шикізат экспортын бірінші орынға қойған саясаттың көлеңкесінде қалды. Президенттің бұрынғы министрлерді «өзіне сенімді дилетанттар» деп атауы тегін емес. Қазақстан бүгінде 3,7 млрд кВт/сағ электр энергиясын импорттауға мәжбүр, одан бөлек электр желілері мен жылу магистральдары әбден тозып, құрудың аз-ақ алдында тұр. Бұл ахуал ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. 

«Жамау» саясатының тұзағы

Салаға бөлінген 1 трлн теңгенің 900 млрд-тан астамы ескі қазандықтарды жөндеуге жұмсалған. Ал жаңа генерация салуға небәрі 140 млрд теңге бағытталған. Бұл Энергетика министрлігі жаңа қуат көздерін салудан гөрі, кеңестік кезеңнен қалған инфрақұрылымды «жамап-жасқауды» таңдағанын аңғартады.

Мұндай тәсіл саланың дамуын тежеп, технологиялық жаңғыруды, соның ішінде жасанды интеллект енгізуді де кейінге ысырып келді. Қазір министрлік дағдарысқа қарсы режимге өткен. Апта басында таныстырылған Ұлттық жоспар жобасы – соңғы онжылдықтардағы нақты қуат көздерін құруға бағытталған алғашқы ауқымды бастама. Құжатта 7,2 ГВт жаңа қуат генерациясын салу көзделген. Сарапшылар мұны қазіргі энергия тапшылығына берілген жүйелі жауап деп бағалайды.

Жаңа энергетикалық карта және «таза көмір» стандарты

Құны 8 трлн теңгеден асатын Ұлттық жоспар Курчатов, Екібастұз, Семей, Көкшетау және Өскеменді стратегиялық нүктелер ретінде айқындайды. Басты шарт – Мемлекет басшысы талап еткен «таза көмір» стандарты. Яғни, жаңа станциялар заманауи тазарту жүйелерімен жабдықталуы тиіс.
Президент жылу электр орталықтарының жағдайы мен жобаларды іске асыру мерзімдерінің созылуын бірнеше рет сынға алған. Алматы ЖЭО-ларын газға көшірудің ұзаққа созылуы, Көкшетау, Семей және Өскемендегі жаңа станциялар құрылысының баяулауы соның дәлелі. Бұрын «Самұрық» қоры жауапты болған жобалар ұзаққа созылып, инфрақұрылым тозған.

Сарапшылардың пікірінше, басқарудағы формализм мен кәсіби инженерлік жұмыстың жетіспеуі энергетиканы тығырыққа тіреген. Қазіргі жағдайда мұндай тәсіл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді.

Инвестицияға – сүзгі, жемқорлыққа – тосқауыл

Министрлік ірі инвестицияларды қорғау үшін қаржылық ашық тетіктер енгізуді жоспарлап отыр. Инвесторлар тендер арқылы іріктеліп, қатаң инвестициялық келісімдер жасалмақ. Экологиялық талаптарды сақтау келісімшарттың міндетті шартына айналады.

Бұл модель кездейсоқ ойыншыларды шеттетіп, саланы кәсіби деңгейге қайтаруды көздейді. Әр теңге нақты технологиялық нәтижемен бекітілуі тиіс деген ұстаным алға шығып отыр. Президент өткен қателіктерді түзетуге басымдық беруді тапсырды. Егер бұл талаптар толық орындалса, энергетикада есеп пен жобалық тәртіп қайта орнығуы мүмкін. Ал олай болмаса, жылдар бойы жиналған мәселелер технологиялық серпіліске кедергі болып қала береді.

Серіктес жаңалықтары