×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Бекетаев пен Байжановтың беріктігі сыр бергенде...

21.10.2023, 20:39
Фото: Ulysmedia.kz

Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік қызметтен кеткен Марат Бекетаев ақыры құқық қорғаушылардың құрығына түсіп тынды. Қызығы сол, экс-министр заң үстемдігін қамтамасыз етуге тиіс ведомствоны басқарған еді, деп жазды Ulysmedia.kz.

Болашағынан зор үміт күттірген

«Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген халық тәмсілі Әділет министрлігінің бұрынғы басшысына қарата айтылғандай. Пародокс дерсіз, бірақ шындығы осы. Күдікті атанып отырған азамат кеше ғана еліміздің халықаралық деңгейдегі құқықтық мәртебесін қорғап, Стати сынды атышулы істерді мемлекеттің пайдасына шешуге барын салып жүргендей кейіп танытқан-ды.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, экс-министр лауазымды өкілетін асыра пайдалану фактісіне байланысты күдікке ілініп отыр.

«Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге қатысты жыл сайын келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қолдап, мемлекетке ірі көлемде зиян келтірген», делінген ведомствоның ақпаратында.

Күдікті азаматтың аты-жөні жазылмағанымен бірқатар отандық БАҚ кейбір дереккөздерге сүйеніп, оның Марат Бекетаев екенін көрсеткен. Мұны басқа да тәуелсіз журналистер мен медиа платформалар қуаттап отыр.

Әдетте спорт мен өнерде ерекше дарыны бар тұлғаларға қатысты «болашағынан зор үміт күттірген» деген сөз тіркесі жиі қолданылады. Бұл орайда «Ұлысмедиа» бір кездері келешегінен зор үміт күттірген «шенеуніктің» қызметтік мансабына қысқаша шолу жасап, есте қалған оқиғаларды тізбектеп өтуді жөн санады.

Еңбек кітапшасы жұрт қызығарлықтай

Марат Бекетаев Сыртқы істер министрлігіне 2001 жылы келіп, алдымен Дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі департаментте сектор меңгерушісі қызметін атқарды. Бұдан кейін дипломатиялық корпусқа қызмет көрсететін басқарманы басқарды.

2003 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне ауысып, басқарма басшысы мен төрағаның кеңесшісі лауазымына дейін көтерілді. 2004 жылы Ақпарат және тестілеу орталығы директорының орынбасары, сондай-ақ «Еуразия мемлекеттік қызметкерлер оқыту орталығының» директоры болды.

Үкіметтегі еңбек жолы 2006 жылы вице-премьердің және премьер-министрдің кеңесшісі қызметінен басталады. Араға бір жыл салып, ол Әділет министрінің орынбасары креслосына жайғасып, үш жыл өткеннен кейін аталған ведомствоның жауапты хатшысы атанды.

2015 жылы Бекетаев президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып, сондай-ақ күтпеген жерден әрі қысқа уақытта Әділет министрінің «тағына» отырады. Тұтастай алғанда, сол аралықтан бастап Қаңтар оқиғасына дейін оның есімі даудан арылмай, БАҚ беттерінен жиі байқалып жүрді. Әсіресе Стати ісіндегі сәтсіздігі қоғамның назарына ілігіп, жиі талқыланатын. Сот дауларына жұмсалған қыруар қаражат та ескерусіз қалған жоқ. Көпшілік оның қызметтен шеттетілуін ұзақ күтті.     

Экс-министрдің қамқоршысы кім?

Әйтсе де Бекетаев қызметтен кеткенімен қамқоршылардың көңілінен кетпеудің тәсілін шебер меңгергендей. Айталық, ағайынды Статилермен арадағы даулы іс арқылы бұрынғы жоғары мемқызметкер жылына шамамен 300 мыңдай доллар тауып отырған деседі.

Оның бас шаһардың көшелерінде көлікті мас күйінде тізгіндегеніне де фемида өкілдері ләм-мим дей алмаған. Тіпті ұсынылған аудио және бейнематериалдарға қарамастан сот шенді тұлғаның мастығын дәлелдейтін сараптаманың жоқтығын алға тартып, «әкімшілік құқық бұзушылық құрамның болмауына байланысты» деген желеумен аталған істі жылы жаба салуды құп көрген.

Аталған шенеуніктің мемлекеттік қызметте жүріп, дәл бұлай оспадарлық танытуы тегін емес. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, оның қамқоршысы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Самат Әбіштің өзі болған көрінеді.  

Бұрынғы заң өкілдерінің байланысы

Осы ретте 2011-2015 жылдар аралығында Әділет министрлігінде таяуда есімі көпке танылған Бас прокурордың орынбасары болған Ұлан Байжанов та еңбек еткенін айта кетейік. Бұл кезеңде ол Бас прокуратура аппаратының басшысы және оның Еуропа елдері мен халықаралық ұйымдардағы арнайы өкілі болып жұмыс істеді. Міне дәл осы аралықта екі шенді азамат халықаралық істерге бөлінген мемлекеттің қаражатын заңды жолмен жымқырудың амалын ойластырса керек.  

Байжанов Бас прокурордың орынбасары және арнайы комиссия басшысының орынбасары ретінде бір жылға жетер-жетпес уақыт қызмет етті. Оның бұл орыннан кетуінің нақты себебі айтылмады. Алайда көпшілік мұны экс-фемида өкілінің Франциядағы Шен-сюр-Лемандағы жылжымайтын мүлкімен байланыстырып отыр. Женеваның жағасында орналасқан 15 сотық жерді құрайтын зәулім үй 2 млн еуроға сатылымға шығарылыпты. Байжанов өз кезегінде оны несиеге сатып алғанын, сонымен қоса бизнеспен айналысып жүргенде бар тапқан-таянған ақшасын жұмсағанын жеткізді. Өзің сүттен ақ, судан тазамын деген азаматтың сөзіне әріптестері сене қоймады. Нәтижесінде қызметтен қуылды.   

Таңғаларлығы да сол, лезде ауқаттылардың қатарына қосылған Байжанов мемлекеттік қызметпен қош айтысуды шешіп, тек 2002 жылы бірден Бас прокурордың орынбасары болып оралған. Енді құқық қорғаушылар мәселенің ақ-қарасын ажыратып, заң үстемдігін іс жүзінде орнатса деген ниеттеміз.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ

 

Серіктес жаңалықтары