×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Газа секторы: Кресшілер жорығында алынбаған соңғы қамал

Коллаж: Ulysmedia.kz

Адамзат Украинадағы соғыстан есін жинай алмай жатқанда қайта тұтанған Палестина-Израиль қақтығысы әлемнің күн тәртібіндегі тағы бір өзекті мәселеге айналды. Бұл жолғы шиеленіс бұрынғыдан өзгерек. Құлаққа түрпідей тигенімен дәл осылай айтпасқа лажы жоқ. Эскалация аймағындағы мыңдаған баланың өлімі ахуалдың қаншалықты күрделі әрі оның ауқымы мен сипаты бөлек екенін айғақтайды.   

 

Бәрі неден басталды?

Алдымен аталған жағдайдың қалай өрбігенін хронологиялық тұрғыда тізбектесек. 7-ші қазанда палестиналық Хамас «Әл-Ақса дауылы» операциясына кірісіп, шамамен 5-ға жуық зымыранды Израильге қарай атқылаған. Осы шабуылдан кем дегенде 1400 адам өліп, оның ішінде 500 бала болған. 200-дей адам кепілге алынды. Көп ұзамай израильдік тарап Газа аймағын әуеден жаппай атқылай бастап, қазір Цахал (Израильдің қорғаныс күштері) әлі де бұл қарқыннан таяр емес. Палестинаның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша автономияда 5 мыңнан астам адам қаза тапқан. Олардың 2055-і бала. 15 мыңнан аса палестиналық жарақат алды. Қираған ғимараттардың үйінділерінің астында әлі кем дегенде мыңнан артық адам жатыр. Хамас өкілдері 30-дан астам израильдік баланы кепілде ұстап отыр.

Израильдегі Nova фестивалінде қаза тапқандар/Getty Images

Израильдің әуе күштерінің соққыларынан зардап шеккендердің арасында бала көп. Орта есеппен күніне 110 палестиналық бала ажал құшып келеді. Айтуға ауыз бармайды, бірақ сонда әр 15 минут сайын бір-бір жас ұрпақтың өмірі қиылады екен.   

Қоршаудағы анклав

Газа – Жерорта теңізінің жағасында орналасқан. Заңды түрде жартылай мойындалған Палестина араб мемлекетінің екі бөлігінің бірі болып саналады (екіншісі – Иордан өзенінің батыс жағалауы). Аталған анклав шамамен 360 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Бұл Астананың тең жартысына жетер-жетпес. Әйтсе де Газа –  әлемдегі халық көп қоныстанған жерлердің бірі. Қазір онда 2,3 млн адам тұрып жатыр. Олардың дені Ислам дінін ұстанатын палестиналық арабтар.

1967 жылдан бастап осы өңір Израильдің бақылауына өткенімен жергілікті халыққа басқыншы мемлекеттің азаматтығы берілмеген. Палестиналық азаматтықты да алу мүмкіндігі қарастырылмапты. 2005 жылы Израиль Газадан кетсе де 2007 жылдан бастап аймақты толығымен қоршауда қалдырады. Әуе және теңіз жолдарын жаппай бақылауда ұстап, импорт пен экспортты шектеп тастайды. Мұндағы кедейліктің бірден-бір себебі осыда жатыр. Сондықтан да Палестина халқы БҰҰ-ның гуманитарлық көмегі есебінен өмір сүріп келеді.

 Газа секторының картасы/guide-israel.ru

Баланы мәйітіндегі жазуына қарап таниды

Жоғарыда айтылғандай, 2,3 млн халықтың жартысына жуығы балалар. Қазір олардың басым бөлігі БҰҰ қарасты мектептерде, уақытша баспаналарда тұрып жатыр. Тек 7-ші қазанның өзінде Израиль әуе күштерінің ауқымды соққысының салдарынан 182 бала қаза тапқан. Тұтастай бір отбасы құрбан болып жатқан жағдай аз емес.  

Осы орайда батыстың БАҚ өкілдері Газадағы бірнеше аурухананың дәрігерлерімен әңгімелесіп қайтқан еді.

Айталық, «Әл-Ақса шейіттері» ауруханасының жедел жәрдем бөлімінің басшысы Абдул Рахман Әл-Масридің пікіріне сүйенсек, қазір ата-аналар арасында балаларының есімдерін олардың денелеріне жазу үрдісі белең алыпты. Көпшілігі бұл қадамға бомбылаудың нәтижесінде опат болатын туғандарының мәйітін анықтау үшін барып отыр. Ата-аналар қарша борайтын зымырандардың кесірінен өмірлері үзіліп жатқан ұрпақтарының мүрдесін таба алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. Дәрігерлердің айтуынша, бұрын-соңды мұндай жағдай тіркелмеген.    

«Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен бала қаншама?! Бас сүйегі опырылып жатқандар да жетерлік. Олардың кім екенін анықтау мүмкін емес. Сол себепті денедегі жазу арқылы жеке басты анықтауға болады», дейді әбден шарасыз күйге түскен дәрігерлер. 

AP Photo/Ali Mahmoud

Жарақат алғандар дәлізде жатыр

Аталған сектордағы ауруханаларда дәрі-дәрмек, су және электр энергиясы таусылуға жақын. Ал жүздеген жаралы палестиналық медициналық көмекке зәру. Медициналық персонал балаларға операцияны анестезиясыз жасауға мәжбүр екенін жеткізді. Өкініштісі сол, дәрігерлер аса қажетті дәрі-дәрмексіз және генераторлардағы энергия төмен жағдайда өмірі қыл үстіндегі азаматтарға шұғыл көмек көрсетіп жатыр.   

«Әлемдегі бірде-бір аурухана мұндай жаралыларды қабылдай алмайды. Мұндай жарақаттарға арналған палаталар да, аурухана төсектері де бізде қарастырылмаған. Жаралы адамдар операция бөлмесінің тура дәлізінде бірінің үстінде бірі жатыр», деді Дейр-Әл-Балахтағы «Әл-Ақса шейіттері» ауруханасының бас директоры Ияд Исса Абу-Захер.

Жағармайсыз инкубаторлар да сөніп қалуы мүмкін. Ал қазір онда 130-дай шала туылған нәресте жатыр. Бұған қоса бүйрек жетіспеушілігі бар 1100-ге жуық пациенттің, оның ішінде 38 баланың диализ аппаратысыз өмір сүруі қиын.

Қазанның 7-не дейін Газа аймағына күніне орта есеппен 600 жүк көлігі гуманитарлық көмек жеткізетін. 7-20 қазан аралығында бірде-бір көлік секторға келген жоқ. Тек екі апта өткеннен кейін ғана Мысыр жақтан гуманитарлық көмек тиелген 34 жүк көлігі өңірге келді. Бұл әдеттегі тасымалдардың тек 1%-ы ғана.  Оның өзінде бензинді жеткізе алмаған. Жергілікті аурухана басшыларының айтуынша, қолда бар жағармай қоры мен резервтегі генераторлар 24 сағатқа ғана жеткілікті.

Кез келген баланың өмірі маңызды

Таңғаларлығы сол, анклавтағы тұрғындардың жартысына жуығы (47,3%) 18 жасқа толмаған. Өйткені көпшілігі зейнет жасына жетпей не соғыста қаза табады немесе денсаулығы сыр беріп, қайтыс болады. Сонымен бірге жұптасып отбасы құрып жатқандардың саны артып, демографиялық ахуал жоғары.

«Газа ешбір адам өмір сүре алмайтын тозаққа айналады». Бұл – Цахал резервінің генерал-майоры Гиора Эйландтың сөзі. Цахал қолбасшыларының мұндай пікірі Пулитцер сыйлығының иегері, NewYork Times-тің саяси шолушысы Николас Кристофты біраз абдыратып тастады. Әскерилердің пікірінен төбе шашы тік тұрған сарапшы Хамастың зұлымдығы да ақтауға келмейтінін айтып, алайда қарсы тарап құбжыққа айналмай, салқынқандылық танытуға тиіс деп санайды. Дәл осы мәнердегі пікірді Израильге жасаған сапары кезінде АҚШ-тың президенті Джо Байден де айтқан-ды.

Газадағы мектеп оқушылары, 2018 жыл/AFP/Getty Images

«Кеуделеріңізді ашу, ыза қысып тұрғанын жақсы түсінемін. Көптеген америкалық мұны түсінеді. Бірақ мынаны ескеру қажет. 11-ші қыркүйектен кейін Құрама Штаттар да ашуланды. Біз әділдікті орнаттық. Бірақ сонымен бірге қателіктерге де жол бергенімізді мойындаймыз», деді Д.Байден.

Хамастың кепілдегі адамдарды босатқанына қарамастан Цахал Газа аймағын атқылауды бәсеңдетер емес. Тель-Авивтің әрекетін одақтас елдер де түсіне алмай әлек. New York Times хабарлағандай, ресми Вашингтон Израильдің қолға алған амалынан мардымды нәтиже шығатынына күмәнмен қарап отыр.

Әлемдік алпауыттар бұл жағдайды осылай дәрменсіз күйде бақылап отыруды жалғастырып жатқанда палестиналық ұрпақтың өмір деген үміті сағат сайын сөне берері сөзсіз.    

Серіктес жаңалықтары