Өткен аптада Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркі елдерінің ортақ әліпбиі жөнінде сөз қозғады. Түркияның Жоғары білім кеңесі ұйым хатшылығына ұсыныс бергенін айтты. Латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшудің өзі созылып кеткен уақытта ортақ түркі әліпбиі жайлы әңгіме осылайша түркі ұйымының ең жоғары деңгейінде көтеріліп жатыр.
Түркі елдері қаншалықты консенсусқа келіп, ортақ әліпби жасай алады? Оған қай тіл негіз ретінде алынуы мүмкін? Ортақ әліпбиді ұсынған Ердоған нені көздейді? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтарды саясаттанушы Жанат Момынқұлов пен Риззат Тасымға қойып көрді.
ОРТАҚ ӘЛІПБИГЕ ӘЛІ ЕРТЕ
Жанат Момынқұловтың сөзінше, былтыр түркі мемлекеттері ғалымдарының қатысуымен ортақ әліпби бойынша кездесулер өткен.
– Сол жерде бір ортақ шешім шықпаса, негізі бұл әліпбиге әлі ерте. Ол түгілі Қазақстанның латын әліпбиі бірнеше рет нұсқасы өзгерді. Бірінші рет бір шикі жобасын талқылап, қаужай тұрсын деп лақтырды. Талқыладық. Екінші нұсқасы сәл дұрыстау болды. Соған сай көптеген ұйымдар мен органдардың ресми атауын да ауыстырып қойдық. Айтыстарына қарағанда ол да соңғы нұсқа емес сияқты ғой. Соғыс жағдайында Қазақстанда оны қозғамайды ғой. Латын әліпбиі мәселесі менің ойымша, қалды. Тоқаевтың кезінде оған өте алмайтын сияқтымыз, – дейді ол.
Саясаттанушы Ердоғанның қозғауына «популистік жағынан хайп болды» деп баға береді. Екіншіден, бұл жоба түріктерге керектігін айтады.
Жанат Момынқұлов
– Түріктерге мұндай мәселені қозғай берген дұрыс. Айналдырып әкеліп, түріктердің әліпбиіне жақындатқысы немесе сонымен бірдей еткісі келеді. Өткенде «Қазақтанның латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің үшінші нұсқасы шығатын болыпты, ол түрік әліпбиіне жақын болады екен» деген жаңалық шыққан, - дейді ол.
Шығыстанушының сөзінше, Өзбекстанда латын әліпбиі жобасы сәтсіз болған. Олар қазір латын мен кирил қарпін қатар қолданып жүр. Сайттарында да солай. Жанат Момынқұлов ең жақсысы, әзербайжандар латын әліпбиіне жақсы өтіп кеткенін атап өтеді. Түрікмендерді де сол қатарға қосады.
ИДЕАЛ ТАҢДАУ – ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫНЫҢ ТІЛІ
– Тіл жағынан алған кезде ұқсастық көп болғанымен, сонымен қатар айырмашылық та көп. Қазақ пен түрік тілінің айырмашылығы жер мен көктей. Негізі түрік тілі түрікмен мен әзербайжан тілінің ортасынан шыққан. Түрікмен тілі қыпшаққа да, оғызға да ұқсайды. Түріктердің фонетикасы Балқан тілдерімен араласып, еуропаланып кеткен. Одан бөлек, арабтанып, парсыланып әбден трансформациядан өткен. Мүлде басқа фонетика. Біздің қазақ тіліне фонетика жағынан ең жақын тіл – қырғыз бен өзбек, қарақалпақ тілі. Осы үшеуі қатты ұқсайды. Өзбектің құрылымы бізге өте жақын. Өзбек тілінде қыпшақ элементтері көп. Ортақ жобаларды өзбектермен істеуге болады. Қырғыздар – үйретсең де, үйретпесең де бір-бірінен қаша алмайтын елдер. Бірақ қырғыздар саяси жағынан құйтырқы. Күтпейтін жаңалықтары көп. Орысша айтқанда непредсказуемый, - дейді Жанат Момынқұлов.
Саясаттанушы ортақ әліпби саяси жағынан құрал екенін айтады. Осы арқылы түріктердің ықпалын арттырып, ішкі аудиторияда дауыс жинау көзделгенін атап өтеді. Десе де, Жанат Момынқұлов түбі бір әліпби болады дегенге сенім барын жеткізеді.
– Түріктің әліпбиіне ұқсас әліпби жасап қойсақ, арасында қ сияқты әріптерді, әзербайжан немесе түрікмен әліпбиіндегі әртүрлі таңбалармен белгілесе болады. Ортақ тіл жасау - реал негізі. Бірақ ол үшін тараптар бір-бірімен келісуі керек. Егер тараптар келісіп, түрік әліпбиі негізінде ә, қ әріптерін қосып, жасаса ортақ тіл шығып тұр. Техникалық тұрғыда түк қиын емес. Бір комиссия жасақталса, олар бір нұсқасын жасап, бір-екі жыл талқылап, одан кейін пісіп-пісіп сол әліпби түбі келеді. Қазақстан өз әліпбиін жасап алмай жатып, ортақ әліпбиге өте алмайтынымыз анық. Кейбір ғалымдарымыз өзбек тілі ортақ тілге ұқсайды дегенге келтіреді. Соған келісем. Көзқарасым – бір тірі немесе өліп бара жатқан бір тілді таңдау керек. Идеал жағдайда, әрине, ол тіл қырым татарларының тілі деп таңдар едім. Себебі ол тіл біздің тілге де, түрік тіліне де ұқсайды. Бірақ мен араб элементтерінен тазартып, өзбек тілін алар едім. Өйткені оны бәрі түсінеді. Ортақ әліпбиді олар форма жағынан анық түрікке байлайды. Ал тілдік негіз жағынан барлық тілдің фонетикалық дыбыс ерекшеліктерін қамтиды, - деп түйеді Жанат Момынқұлов.
«ӘЗІРГЕ САЯСИ ШЕШІМ ТАБАДЫ ДЕУ ҚИЫН»
Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы, саясаттанушы Риззат Тасым түркі әлеміне ортақ әліпбиді енгізу мәселесі мұның алдында идея жүзінде айтылып келсе енді қағаз жүзінде іске асыру ниеті барын атап өтеді. Оның сөзінше, Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясында 156 тармақтың екеуі – 121 және 122-ші тармақ тікелей ортақ әліпбиді енгізуге қатысты болған. Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдарының ұсынысы бойынша, ортақ әліпбиді енгізу жөніндегі комиссия құру жөніндегі шешім қабылданған.
Риззат Тасым
– Бірақ осы орайда айта кетеріміз, бұған дейін түрлі конференциялар, отандық және түркі әлемі ғалымдарының ортақ әліпбиге қатысты тұжырымдамалары ұсынылса, әзірге бұл саяси шешім табады деу қиын, – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде ТМҰ-ға мүше елдердің үшеуі және бақылаушы елдер де латын негізінде әліпбиді қолданады. Сондықтан, “бұл шаруа алдағы уақытта орындалуы ықтимал, алайда ол ұзақ уақытты алуы мүмкін” деп болжайды ол.
– Түркі әлемінің келешегі 2040 концептуалды құжатының өзінде түркі дәуірінің негізі ортақ түркі бірегейлігін қалыптастыру мәселесі көтеріледі. Сондықтан, осы 100 жылдықта бұл шаруа іске аспаса да, кейін болашақта міндетті түрде жүзеге аса бастайтын секілді. Өйткені бұған негіз бар. Алдағы уақытта әліпбиге, ортақ тілге қатысты мәселелелер ұрпақаралық жоба болғандықтан, әлі де пісіп жетілуі керек. Алдағы 50 жылда тікелей көшу бойынша, қадамдар жасалатынына күмәнмен қараймын. Себебі бұл мәселе әлі айқындалмаған. Ал кейін бұған негіз бар. Мұны құр әңгіме ретінде қарастыру қате. Екінші бір мәселе, ақпараттық қауіпсіздікке де үлкен қатысты. Біз бұл арқылы ортақ ақпараттық кеңес құру арқылы әр мемлекет ақпараттық қауіпсіздігін де қамтамасыз ете алады. Алдағы уақытта ғалымдар да үлкен жұмыс атқаруы керек. Өйткені саяси шешім қабылданарда міндетті түрде әр елдің спецификасы ескерілуі тиіс, – деп түйеді Риззат Тасым.
Еске сала кетейік, 1991 жылы Стамбулда өткен «Қазіргі түрік әліпбиі» атты симпозиумда бір топ ғалым түркі елдерінің ортақ пайдалануы үшін «Ортақ түркі әліпбиі» деп аталатын әліпби жүйесін жасаған болатын:
Алайда ғалымдардың айтуынша, бұл әліпби ортақ әліпби қызметін атқара алмай отыр. «Ортақ түркі әліпбиі» жүйесі бойынша түркі халықтары өздерінің әліпбилерінде осындағы таңбаларды пайдалануы және бірдей дыбысты бірдей таңбамен таңбалауы тиіс болған. Бірақ мына кестеге назар салатын болсақ, түркі елдері латын негізді әліпбилерін қабылдағанда бұл айтылған шарттарға бағына қоймаған.