×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Шаруаларды не алаңдатады?

21.11.2023, 13:05

Отандық шаруалардың мәселесі шаш етектен. Субсидияның рахатын сезініп жүрген ірі шаруашылықтар он сиыры арам қатса да «садақа» дер, ал ортаңқол және шағын шаруашылықтарды алаңдатқан проблема аз емес. Бір ғана кепілдік заттың болмауы немесе арзанға бағалануы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін сезінуге мүмкіндік бермей отыр.

Қыстан қысылмай шыға ма?

«Жығылғанға жұдырық» демекші, биыл жазда еліміздің кейбір өңірінде қуаңшылық орын алып, шаруаларды әбден састырды. Күзде астықты аймақтарда жауын бір айға жуық толастамай, ору жұмыстарына кедергі келтірді. Осылайша, мал ұстаған ағайын да, диқандарда да табиғаттың тосын сыйына бетпе-бет келіп, тығырыққа тірелгені жасырын емес. Олар Үкіметтен қаржылай көмек сұрап отырған жоқ. Екінші деңгейлі банк және агро ұйымдар алдындағы берешектер төлемін ұзартуға ұсыныс айтуда.

Десе де, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері жағдай тұрақты екенін алға тартып отыр. «Шөп жеткілікті. Төрт түлік қыстан қысылмай шығады. Астықтың сапасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеу болса да наннан тарықпаймыз», деп сенімді отыр олар. Уақыт – төреші.

Субсидия сарсаңы

Субсидия ережелерінің жиі құбылуы отандық шаруа­лар­дың дің­кесін құртып болды. Құжат жинау­мен әлек болып, одан қал­ды күні-түні ғаламторға байланған фермерлер тиісті қара­жа­тына уақтылы қол жеткізе алмай жүр.

Павлодар облысы Май ауданындағы «Бейсен» шаруа қожалығының басшылығы субсидия алуға ынтасы жоғал­ға­нын айтып отыр.

– Ақша ешқашан артық­тық етпейді ғой. Қой шаруа­шы­лығымен айналысып жүр­ген­діктен сол бағыттағы суб­­­си­­дияларға қол жеткізуге ты­­­ры­­сып көрген едім. Алай­да көсе-көлденеңдеген та­лап­­тар­дың көптігінен қо­лымды бір-ақ сілтедім. Ере­же­ге сай, қойдың әрқай­сы­сына электронды сырға тағу керек екен. Өзге де ма­шақаты аз болған жоқ. Есеп­теп қарасам, талаптарды орындауға кеткен шығын суб­сидияның қаражатымен бір­дей. Уақытымды сарп етіп, шығындалып құжат жинап сандалғанша, демеу­қар­жы­дан бас тарту әл­де­қай­да тиімді емес пе? Бұл – барлық шаруаға ортақ мәселе. Бұрын асылдандыру бағдарламасы шеңберінде әр ірі қараға 18 мың теңге субсидия қарас­ты­рылып, қаражатқа еш қиын­дықсыз қол жеткізетін едік. Жыл сайын ережелер өзге­ріп, шаруалардың жүй­кесін жұ­қартқаны рас. Айтпағым, субсидиялардың талаптары же­ңілдетілсе екен. Мемлекеттік қолдау еш­қан­дай қиындықсыз дітте­ген жеріне жету керек, – дейді шаруашылық басшысы.

Ветеринар тапшы

Еліміздің барлық ауылдарында дерлік ветери­нар мамандар алпысты алқымда­ған, зейнеткерлік жасқа аяқ бас­қан азаматтар. Тіпті алдағы он жылда ветеринарлар мен механиктер­ді табу қиынға соғады де­ген болжам бар. Жастардың ауылда еңбек еткісі келмейті­нін мойындауымыз қажет. Себебі, жалақы аз, баспана мәселесі тағы бар. Көптеген ауылдарда ветеринар мамандардың қызмет­тік көлігі тозғанын көріп те, естіп те жүрміз. Олар­ға жанар-жағармай үшін аз қаражат бөлінетіндіктен, кейде шаруалар ветеринарларды өздері та­сымалдауға мәжбүр екен. Вак­цинаны сақтау мәселесіне де мән берілгені абзал. Тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталған ғимараттардың жоқтығынан мал дәрі­сі кез келген орында сақ­та­лып, салдарынан вакцинаның қуа­ты жоғалатыны жиі айтылады. Бұдан кейін дә­рі­ні салдың не, салмадың не?!

Шаруаларды қолдауға ба­ғыт­талған бағдарламалар аз емес. Әттеген-айы сол, шалғайдағы фермерлер бұдан хабарсыз. Кейбірі бағдарламаның талаптарын толығымен түсіне алмай дал. Бірде ғаламтор мәсе­лесі қолбайлау болса, көбі бағ­дарламаның майын тамызып, жілігін шағып беретін ма­ман­дармен бетпе-бет кездесуге асық.

Біз ауыл шаруашылығы саласындағы екі-үш мәселені ғана сөз еттік. Кез келген шаруаны әңгімеге тартсаң, проблемаларды тізбелеп сайрай жөнелер. Бастысы Ауыл шаруашылығы министрлігі өтініштерге құлақ түріп, дер кезінде дұрыс шешім қабылдаса болғаны.

Оралхан ҚОЖАНОВ

 

Серіктес жаңалықтары