Көкшетауда бір жарым жыл бұрын қаза тапқан сарбаздың денесі эксгумацияланды. Алмас Шахимовтың туыстары істі жабу туралы шешіммен келіспеген болатын. Ulysmedia.kz тілшісі қайғылы рәсімге қатысып, мәселенің мән-жайын анықтап қайтты.
Сіздің ұлыңыз – батыр
Рахимовтардың жалғыз ұлы Алмас осыдан бір жарым жыл бұрын ҚР Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде қайтыс болған еді. Алмас әскерге баруға өзі ниеттеніпті. Осылайша, былтыр мамыр айында он тоғыз жасар бала Алматы облысына Отан алдындағы борышын атқаруға аттанады. Өкінішке қарай, бірнеше айдан кейін үйге табытпен оралды.
Әскери бөлім басшылығының айтуынша, өлімнің себебі: жазатайым оқиға. Болжам бойынша, шаңды дауыл кезінде полигонда шатыр құлаған. Алмас қатарластарын құтқаруға ұмтылып, ақыры оған металл конструкция құлап, оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Кейін марқұмға жауынгер достарын құтқарғаны үшін арнайы медаль қарастырылды. Оны әскери бөлім басшылығы Көкшетауға әкеліп, Алмастың отбасына табыстауға келгенінімен марқұмның туыстары марапатты қабылдаудан бас тартты.
Күмәнді һәм «тұманды» ой
Қайтыс болған батырдың ата-анасы «әскери аңызға» сенбеді. Себебі, жігіттің денесінде көп жарақаттар болған. Кейін сарапшылар жиырма екі жараны санады. Оның ішінде бас миы мен бірнеше дене жарақаттары бар. Бірақ жарақаттардың қайтыс болғанға дейін немесе одан кейін пайда болғаны туралы сұраққа жауап іздеген ешкім жоқ.
Сонымен қатар, сот-медициналық сараптама жәбірленушіге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін жоққа шығарды. Қорытындыда мойын ілмегінің ізі туралы бірде-бір сөз айтылған жоқ. Тергеушілер туыстарының басқа зақымданулар туралы дәлелдеріне назар аудармады.
Алмастың әжесі Кульмайда осы уақыт аралығында тағы бір кешенді сот-медициналық және медициналық-криминалистикалық сараптама жүргізілгенін айтады. Бірақ туыстары нәтижелермен келіспесе де, Алмас Шахимовтың қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс тоқтатылған.
Сарбаздың туыстарының қолында жарақаттардың суреттері пайда болып, марқұмның отбасы президентке және бас прокуратураға істі жаңадан тергеу жөнінде жүгінді. Ақиқатқа қанық болу үшін туыстары эксгумацияға шешім қабылдады. Десе де, рұқсат құжатын олар бірнеше ай күтуге мәжбүр болды.
Эксгумация
Сегізінші желтоқсанда қатты аязға қарамастан эксгумация жүргізілді. Зиратқа тәуелсіз сарапшы шақырылды. Жәбірленушілердің адвокаты мен тергеушілердің бұл ащы оқиғаға түсініктеме беруге батылы бармады.
«Бірінші сараптамаға сәйкес, тек үш пышақ жарақаты, бүйрекке және ішкі қан кету тіркелді. Ал сынықтар мен жарақаттар туралы ештеңе жазылмаған. Бір жылдан кейін күтпеген жерден қолымызға фотосуреттер түсті. Онда сүйектер мен иықтардың сынуы, қабырғалары сынуы байқалады. Оны тұншықтырып өлтірген немесе асып қойған. Бұған мойнындағы іздер дәлел бола алады. Сондықтан біз эксгумацияға қайта шешім қабылдадық. Бізде үш сарапшы бар. Біз оны өлтірді деп санаймыз. Әскери прокуратураға, бас прокуратураға жүгіндік. Еш нәтиже жоқ. Олар істі жабуға тырысты. Ал біз әділдікке қол жеткізгіміз келеді», - деді қаза тапқан сарбаздың әжесі Кульмайда Туғанбаева көз жасын сүртіп.
Оның айтуынша, бүгін бұл отбасы тағы бір қайғылы жағдайға тап болды. Шындықты білу үшін балаларын суық қабірден қазып алды...