2023 жыл күтпеген үкіммен аяқталған атышулы сот процестерімен есте қалады. Айыпталушылар қатарында көбіне-көп «Ескі Қазақстанның» көрнекті өкілдері – бірінші президентке жақын жоғары лауазымды шенеуніктер бар. Бірақ ерекше жағдайлар да болды ...
Қоғамды дүр сілкіндірген «ең-ең...» деген сот процестерін Ulysmedia.kz тілшісі еске түсірді.
Мәсімов ісі: «құпия» грифімен
«Қаралы қантардан» кейін бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов қамауға алынды. Қазақстандықтар үшін бұл таңқаларлық жағдай еді, өйткені бұған дейін «қара мұрттының» дәурені жүріп тұрғаны соншалық, оған ешкім тіс батыра алмастай көрінетін.
Кейін белгілі болғандай, ол өзінің орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осиповпен бірге 2022 жылдың қаңтарында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты болып шықты. Оған мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді және билікті асыра пайдаланды деген айып тағылды.
«Мәсімов ісі» бойынша сот өткен жылдың қараша айында басталып, жабық есік жағдайында өткен. Бас прокурор Берік Асылов бұл атышулы іске қатысты там-тұм ақпарат бергендей болды. Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Мәсімов қызметкерлерге департамент ғимараттарын тастап кетуді бұйырған.
«Тәртіпсіздіктің ең шарықтау кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары бойынша департаменттерінің жеке құрамының барлығы дерлік өз ғимараттарын тастап кетті», - деді Бас Прокурор Мәжіліс отырысында.
Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың 5 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Әнуар Садықұловтан жеке құрамның ғимараттан шығуға дайындығы туралы жазбаша бұйрық келіп түскен.Сонымен бірге комитет мүшелері Мәсімовтің тапсырмасымен Алматы қаласы мен Қызылорда облысы бойынша ҰҚКД-нен кеткен. Бұдан бөлек Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының бұйрығымен Алматы және Жамбыл облыстары полиция департаменттерінің ғимараттары қараусыз қалдырылған.
Берік Асыловтың айтуынша, осындай бейберекетсіздік кесірінен жаппай тәртіпсіздікті басу үшін дер кезінде шаралар қабылданбаған. Алматы мен Талдықорған екі күн бойы қарулы топтың қол астында болды.
2023 жылдың 24 сәуірінде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары: Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Сот оларды ҚР Қылмыстық кодексінің 175-баптың 1-бөлігі («Мемлекетке опасыздық»), 179-баптың 3-бөлігі («Билікті күштеп басып алу»), 362-баптың 4-бөлігінің 3-тармағы («Билік және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп таныды.
«Үкімдерді біріктіру арқылы Кәрім Мәсімовке мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтындай етіп, оған қоса негізгі үкім – 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.
Әнуар Садықұлов 16, Дәулет Ерғожин 15 және Марат Осипов үш жылға бас бостандығынан, сонымен бірге, төртеуі де атақтары мен мемлекеттік наградаларынан айырылды. Мемлекет пайдасына 10 миллиард теңге, 24 миллион доллар өндірілді.
Ал биыл 16 маусымда Кәрім Мәсімов, Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осипов және олардың қорғаушыларының арыздары бойынша «Аса құпия» санатына жатқызылған қылмыстық іс Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциясында қайта қаралды. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың Мәсімовке, Садықұловқа және Ерғожинге қатысты үкімін жазаны өтейтін мекеме түрі бойынша қатаң режимдегі мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырды. Сотталғандардың жағдайын жақсартатын заңның кері күші бар және соттар қолдануы міндетті екендігі атап өтілді. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды, ол заңды күшіне енді.
Гүлмира Сатыбалданың ісі:
Жаңа заманның тағы бір «ақжолтай» хабары Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалдының ұсталуы болды. Бұдан кейін оның бұрынғы әйелі Гүлмира да ұсталды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің хабарлауынша, Гүлмира Сатыбалды 2021 жылы өзге шенеуніктермен бірге 747 миллион теңгені қолды қылды деген күдікке ілінген. Сәуірде мәселе төңірегіндегі жайттар анық бола түсті. Назарбаевтың бұрынғы келіні қысқы Универсиада нысандарын жөндеуге арналған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Ал қыркүйекте Гүлмира Сатыбалданың ісі озбырлық пен адам ұрлығына дейін «кеңейді». Прокурор Азамат Сәрсембаев сотта айтқандай, Гүлмира Сатыбалды өзінің қаржылық көмекшісі Айгүл Мекешеваны Maxi Bottlers компаниясын тартып алу жоспарына араластырған. Сәтті аяқталған «операциядан» кейін оған компанияның 75% акциясын беріп, бұған қоса 5% акция түріндегі сыйақыға уәде берген кәсіпкер әйел кенеттен шешімін өзгерткен. Г.Сатыбалды 75 пайыз акцияның барлығын өз қолына алуды ұйғарған. Бірақ келісім тоқтап, Гүлмира сыбайласын ұрлауды ұйымдастырады. Оның бұйрығымен бетперде киген үш адам Мекешеваны үйінің жанында күтіп, көлікке күштеп отырғызып, Жандосов ауылына алып кеткен.«Ол жерде Мекешева үйдің жертөлесіне қамалған. Және оны қорқытып, компанияның барлық акциясын тегін беру туралы құжаттарға қол қойғызған. Жәбірленушінің ұрлаушылардың талабын орындаудан басқа амалы қалмаған. Қорқытулардан кейін, ол бұл оқиға жайлы ешқайда арызданбаған, ал содан кейін «Қаңтар оқиғасы» басталып, дүние кезек дегендей, шындықты айтатын сәт туған.
Желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тергеуді аяқтап, 2023 жылдың қаңтарында сот процесі басталды. Наурыз айының басында сот Гүлмира Сатыбалдыны үйқамаққа шығарудан бас тартты, себебі прокурордың айтуынша, сотталушы бұған дейін Қазақстан шекарасынан шығып кетпек болған. Егер сот отырысының басында Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі өз кінәсін мойындамаса, кейін ол сөзін өзгертіп, кінәсін ішінара мойындады. Ол тіпті жәбірленушімен медиациялық келісімге келген.
Айтпақшы, бұған тағы бір жәбірленуші – кәсіпкер Тұрсын Алагөзов келіспеді, ол Гүлмира Сатыбалды өз өкілдері арқылы одан Galanz Bottlers компаниясының 43 пайыз акциясын тартып алды деп мәлімдеді. Алагөзов акцияларды қайтаруды, сондай-ақ 5 млрд теңге көлемінде моральдық шығынды төлеуді талап етті. 4 мамырда астаналық сот Гүлмира Сатыбалдыны «озбырлық» және «адам ұрлау» баптары бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Мұхамедиұлының ісі: «Алтын адам» кінәлі емес!
20 маусымда қазақ Фемидасы латынамерикалық телехикаялар секілді атышулы әрі ұзаққа созылған бір іске нүкте қойды. Бұл өткен жылдың мамыр айында «Антикор» қызметкерлері «Алтын адамның әлем мұражайлары арқылы шеруі» көрмесі кезінде 146 миллион теңге ұрланды деген күдікпен ҚР Ұлттық музейінің шенеуніктеріне қатысты тергеу жүргізілетінін жариялаған кезде басталды. Бұл ретте музейді сол кезде басқарған экс-Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының денсаулығына байланысты ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Бірақ мамыр айының аяғында экс-министр сауығып шыққаннан кейін ол қамауға алынды.
Ал 2023 жылдың сәуірінде елордада Арыстанбек Мұхамедиұлы мен тағы үш адамның – оның орынбасарының, сондай-ақ «Экспонат» мердігер ұйымы директорының орынбасары мен есепшісінің ісі бойынша сот процесі басталды. Айыптаушы тарап Мұхамедиұлы сыбайластарымен алдын-ала келісім бойынша Үндістанда «Алтын адам» көрмесіне 350 миллион теңге жұмсалғаны туралы жалған есеп дайындады деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. Прокурорлардың айтуынша, көрме өткізілмеген. Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптың бәрін жоққа шығарды. Сотталушы 16 маусымдағы соңғы сөзінде соттан өз ісін «Алтын адам көрмесінің ісі» деп атамауды, өйткені осы арқылы Қазақстанның абыройына нұқсан келетінін ескертті. Мұхамедиұлының бұлай деуіне аталған жәдігердің еліміздің нышаны болып табылатыны себеп болған.
Алайда прокурорлар экс-министрді 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот Арыстанбек Мұхамедиұлын Қылмыстық кодекстің бұған дейін айыпталған екі бабы – «Аса ірі көлемде алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлауды ұйымдастыру» және «Қаржыны иемдену немесе жымқыру» бойынша кінәлі деп таныды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте, сондай-ақ соттарда, ұлттық компанияларда және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынды. Экс-министр мемлекеттік наградаларынан, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағынан да айырылды.
Мұхамедиұлының сыбайластары 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ судья Арыстанбек Мұхамедиұлының ұрланған 155 миллион теңгенің 111 миллионын мемлекетке қайтарғанын атап өтті.
Боранбаевтың ісі:
2023 жылдың наурыз айының соңғы күні Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 соты Назарбаевтар отбасының тағы бір мүшесі – Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа қатысты үкім шығарды. Қайрат Боранбаевтың қызы Алима Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шыққан.
Қоғам Г.Сатыбалданың тұтқынға алынуын әділдіктің салтанат құрғаны деп есептесе, Қ.Боранбаевтың ұсталуына таңданған еді. Еңбек жолын жаттықтырушы-мұғалім болып бастаған Қайрат Советайұлы бизнестің шыңына аспаннан салбырап түсе салған адам емес. Ол Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені тізімінде 14-орын алып, спортқа қамқорлық жасады, ҚР Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті, «Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы, УЕФА одағының вице-президенті болды. Еуропалық футбол қауымдастығының әділ ойын және әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі комитетінің және УЕФА Балалар қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі болды. Сондай-ақ Қазақстандағы, Ресейдегі және Беларусьтегі McDonald's франчайздары, қазақстандық Almaly Asset Management Company холдингінің бас директоры, «AsiaGazChundzha» ЖШС құрылтайшысы және т.б. бар.
Кенеттен ... Өткен жылдың 15 наурызында ҚМА қызметкерлері белгілі қазақстандық кәсіпкердің ұсталғанын хабарлады. Онымен бірге қылмыстық қудалау шеңберіне «AsiaGasChundzha» компаниясының тең құрылтайшысы Роман Наханов пен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та кірді. Олардың барлығына сұйытылған газды сатып алу кезінде 14,5 млрд теңгені жымқырды және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деп айып тағылды.
Боранбаев сотта тағылған айыптың мәнін түсінбейтінін және өз кінәсін мойындамайтынын айтты, өйткені «Ол AsiaGazChundzha мен QazaqGaz арасындағы келісімді коммерциялық және заңды деп санайды, мүмкін осы орайда қателескен болармын», дейді Қ.Боранбаев.
Прокурор Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, сонымен қатар кәсіпкерді барлық мемлекеттік наградасынан айыруды, мүлкі мен қаражатын бұғаттауды талап етті. Сот прокурордың өтінішін толық қанағаттандырды. Дариға Назарбаеваның құдасының мүлкі мен 4 миллиард теңгеге жуық ақшасы тәркіленіп, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа режимдегі колонияда өтейді.
Алайда қыркүйекте апелляциялық сот жазаны жұмсартып, мүлкін тәркілеумен қатар, жазасын алты жыл деп өзгертіп, оны жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды. Ал бір айдан кейін сот жазаны толығымен бас бостандығын шектеу түріне ауыстырды.
«РОП операторының» ісі: Әлия қайда тығылды?
Ағымдағы жылдың қараша айында жылдың ең кереғар сотында «ROP операторы» ісіне нүкте қойылды. 2023 жылы қазақстандықтар елордалық Фемиданың «әділ» төрелігіне таңдай қағумен болды. Өйткені сот ісінде кейбір беделді тұлғалардың есімі әдейі аталмады. Рет-ретімен баяндайық. 2021 жылдың соңында кәдеге жарату ақысының мөлшерлемесі мен көлік бағасына наразы болған қазақстандықтар көліктерді қайта өңдеу төлемін алып тастауды талап етіп петицияға қол қойды. 2022 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің тергеуі басталды. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер «Оператор РОП» ЖШС-нен 180 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың ұрлануының алдын алғанын хабарлады. Айыптау орындығында бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, РОП операторының бұрынғы директоры Медет Құмарғалиев, қаржы директоры Рустам Темірбек және бұрынғы бас директор Светлана Коротенко болды. РОП операторының құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Руслан Шәмшиев сотқа жетпей, өз кабинетінде суицид жасады.
Тергеушілердің мәліметі бойынша, 2016 жылдан бері Экология вице-министрінің атсалысуымен барлық айыпталушы РОП қызметіне түскен қаражаттан аса ірі көлемде ақша ұрлаған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 26,8 млрд теңге. Ал Пірімқұлов кабель және сым өнімдерін өндірушілер мен импорттаушыларға кеңейтілген міндеттер енгізген заңсыз бұйрыққа қол қою арқылы 325 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Іс материалдарынан белгілі болғандай, дәл осы кезеңде «Оператор РОП» ЖШС басшылары экс-вице-министрдің атсалысуымен серіктестік шотынан тағы 180 миллиард теңгені жымқырмақ болған. Ұрлықты еншілес компания Қазақстанда қоқыс жағатын алты зауыттың құрылысы жүріп жатқан кезде жасауды жоспарлаған. 2022 жылға арналған инвестициялық саясатты іске асыру шараларына құрылысты қаржыландыру негізсіз енгізілген. Бұл ретте мемлекет электр қуатын негізсіз өскен тарифпен 15 жылға сатып алуға кепілдік беріп, сол арқылы жеке компанияға миллиардтаған табыс келетін еді.
Ағымдағы жылдың шілде айында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұловқа, «Оператор РОП» ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасы Медет Құмарғалиевке, бұрынғы бас директор Светлана Коротенкоға және компанияның бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбекке үкім шығарды. Олардың барлығы кінәлі деп танылды, бірақ алғашқы үшеуі 7 жылға, ал Темірбек бір жылға бас бостандығынан айырылды. Күлесің бе, жылайсың ба, айыпталушылардың барлығы тергеуде бірауыздан РОП операторының нақты қожайыны бірінші президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева екенін айтқан.Бірақ оның «РОП операторы» ісіндегі рөлі туралы көптеген айғаққа қарамастан, тергеу де, сот та Назарбаевадан ешқашан жауап алған жоқ. Ал «Оператор РОП» ЖШС құрылтайшысы ретінде, «ұзынқұлақтың айтуынша, Әлия Назарбаеваның үй қызметшісі Шнар Мұқтарованың есімі аталады. Ол ұзақ уақыт БАӘ-де болды, бірақ өткен жазда ол отанына экстрадицияланды. Экстрадициялаудан кейін ол келтірілген шығын есебінде 920 миллион теңге төледі.
17 қарашада «РОП Оператор» ЖШС ресми құрылтайшысы Шнар Мұқтароваға үкім шықты. Ол ҚК-нің 28-бабының 3-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, сонымен қатар 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Мұқтароваға тағайындалған жаза ҚК-нің 63-бабының негізінде бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған мерзіміне шартты деп есептеледі.
Әлтаев ісі: бұған Мырзахметовтың қатысы қанша?
Қараша айында астаналық сотта тағы бір атышулы іс бойынша үкім шықты. Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырумен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ бұл жағдайда қазақстандықтарды айыпталушының тұлғасы емес, оның әлі сотқа жетпеген «Мырзахметов ісіндегі» рөлі қызықтырды. Еске салайық, биыл мамырдың 10-ы күні «Атамекен» ҰКП -ның бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовті туысқанын сотталудан қорғап қалу үшін аса ірі көлемде пара берді деген күдікпен ұстаған болатын. Демек, Әлтаев ісінде Мырзахметов куә болған.
Ал Әлтаевтың өзі, тергеушілердің айтуынша, «өз ұйымының мемлекеттік тапсырыстарды алуына жағдай жасап, жалпы қамқорлық жасаған». 45 жастағы Нұржан Әлтаев «Нұр Отан» партиясынан алтыншы шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. 2020 жылы Қазақстанда кезектен тыс парламент сайлауы алдында ол оппозициялық партия құру ниетін жариялады. Ол билік басындағы партиядан шығарылып, депутаттық мандатынан айырылды. Кейінірек ол партияны тіркеуге кедергі келтірді деп билікті талай рет айыптаған.
Сот отырысында Әлтаев өз кінәсін мойындамай, өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс пен үкімді «саяси» деп атады. Алайда сот оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде (жалпы режимдегі колония) өтеу туралы үкім шығарды. Ол сондай-ақ Әлтаевтан жапа шеккендер үшін болжамды пара сомасын – 50 млн 116 мың теңгені «заңсыз алынған мүлік ретінде», тағы 840 теңгені – сараптама жүргізуге кеткен процессуалдық шығын және 83 340 теңгені өтемақы қорына мәжбүрлі төлем ретінде өндіруді ұйғарды.
Жыланбаев ісі: қаш, Марат, қаш!
Қараша айының соңында Астананың ауданаралық қылмыстық соты «саяси іс» бойынша тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясының жетекшісін соттады. Марат Жыланбаев 3 жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысу, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын және телекоммуникация желілерін пайдалану құқығынан айыра отырып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
- Марат Жыланбаев еліміз аумағында тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының қолдаушысы бола отырып, ҚДТ басшысымен және оның шетелдегі штабымен байланыста болып, олардан Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылымын күштеп өзгерту туралы бұйрықтар мен нұсқаулар алып, мақсатын жүзеге асырған. Атап айтқанда, сотталушы ҚДТ штабының үйлестірушісімен алдын ала сөз байласу арқылы шетелде жасырынып, экстремистік әрекеттерді жүзеге асыру үшін пайдаланылатынын біле тұра қаржылық, ақпараттық және басқа қызметтерді ұйымдастырған, делінген соттың шешімінде.
Марат Жыланбаев – билікті сынап жүрген марафоншы. Ол әлемдегі ең үлкен шөлдерді жүгіріп өткен жалғыз адам. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Халықаралық ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы және жүлдегері. Ол марафондық жүгіруден 7 әлемдік рекорд орнатып, оның барлығы да Гиннестің рекордтар кітабына енген. Былтыр «Ар-Бедел» қоғамдық қоры белсендінің мәлімдемесінен кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысын қорлады деген айыппен Жыланбаевты сотқа берген еді. Жыланбаев сотта жеңіске жетті.
Жыланбаев биылғы жылдың мамыр айынан бастап уақытша ұстау изоляторында отыр. Оның соты жабық есік жағдайында өтті. Серіктестері мен қорғаушылары бұл шешімге қарсы шығып, оны қолдау үшін жүгіруден іс-шара ұйымдастырды. Олардың көпшілігі осы әрекеті үшін қамауға алынды. Жыланбаевтың өзі де үкімге қарсылық білдірді: ол аштық жариялап, тіпті аузын тігіп тастады. Бірақ бұл наразылықтар кері әсер еткенге ұқсайды. Сотта прокурор айыптауды қолдап, соттан үш жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, түпкілікті 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот «сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді» деп тапты. Нәтижесінде оппозиционер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258-баптың 2-бөлімі және 405-баптың 2-бөлігі («Сот тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландыру және оған қатысу») бойынша кінәлі деп танылды.