×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Қаңтарылған сот процесі: «Жұмбақ жан» Самат Әбіш қайда жүр

05.01.2024, 13:54
Коллаж: ulysmedia.kz.

Тәуелсіз елдің жылнамасына «Қаңтар оқиғасы» деген атпен жазылған 2022 жылдың басындағы толқулар бұдан былай мемлекеттік төңкеріс ретінде қарастырылады. Сот органдары осындай сипат бергендіктен, біз де мақаламызда оны «оқиға» дегеннен гөрі «төңкеріс» деп алғанды жөн көрдік. Сонымен «кеден кеден болды, кедергі неден болды» дегенге тоқталмас бұрын, осынау төңкерістің артында кімдер тұрғанын парықтап алғанымыз абзал. Алайда әзірге айсбергтің ұшы ғана белгілі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жыл басында, нақтырақ айтсақ, 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді сұқбат беріп, Қаңтардың халық көтерілісі емес, төңкеріс әрекеті екенін, оның артында ықпалды тұлғалар тұрғанын атап өтті. Барлығы түсіндіріліп, реттелген сияқты. Сот өтті. Кінәлілер жазасын алды. Дегенмен барлығы ма? Көлеңкеде қалғандар болуы мүмкін бе? Ulysmedia.kz «қырағы» тергеушілердің фокусына түспей қалған ең жұмбақ кейіпкер Самат Әбіш жайлы ізденіп көрді.

Сол шақтарда Самат Әбіштің ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, иерархия бойынша комитеттегі екінші адам бола тұрып, мемлекеттік төңкеріс жайлы білмей қалуы таң қалдырады. 

Самат Әбіш туралы интернет ресурстарында ешбір ақпарат жоқ. Оның қай мектепті бітіргені, немен айналысқаны, кіммен араласқаны, кіммен жанжалдасқаны белгісіз. Тіпті биліктің жоғары эшелонында жүргендердің өзі ол жайлы жарытып ештеңе айта алмайды. 

«Өзгелерден ерекшеленетіндей қарым-қабілеті байқалмаған, не байқата алмаған, шүйіркелесе кететіндей жарытып әңгіме де айта алмайтын, бұрынғы президенттің немере інісі деген аты болмаса, ешкіммен араласуға талпынбаған» деген мәліметтер ғана бар. Саясатты шемішкеше шақпаса да, елдегі ахуалға ден қойып, әліптің артын бағып отырған жандар «бұл қалай президент болғысы келіп жүр?» деп таңданса, таңданғандай. Өйткені ел ішінде сондай сыпсың әңгіме жүрмеді емес, жүрді. Айтылмады емес, айтылды. Сонымен…

Туыстық байланыстар

Жасыратыны жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билік құрған жылдары оның әулеті ерекше мәртебеге ие болды. Елбасына жақын жүрген кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, жоғары лауазымды шенеуніктер алтын астаудан ас жегені белгілі. Сондықтан Самат Әбіш туралы айтпас бұрын оның осы иерархиядағы орны қандай болғанын түсініп алған дұрыс.

Экс-президент Назарбаевтың Болат және Сатыбалды деген екі інісі болған. Сатыбалды Назарбаевтың үлкен ұлы Қайрат 1970 жылы, кіші ұлы Самат 1978 жылы дүниеге келеді. Ресми нұсқа бойынша, 1981 жылы Сатыбалды Назарбаев жол апатынан көз жұмады.  Арада тура 10 жыл өткенде марқұмның үлкен ағасы Қазақстан президенті қызметіне кірісіп, інілеріне «даңғыл жол» салып береді. 

Кейін ағайындылар елге әйгілі фамилиясын Сатыбалды және Әбіш деп өзгертті. Бірақ бұл кезде олардың президентпен туысқандық қарым-қатынасы көпшілікке белгілі болып қалған еді.     Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш өмірін мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен байланыстырды. Екеуі де ҰҚК-де қызмет етті. 

Сондай-ақ үлкен ұл квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді атқарып, бизнеспен айналысты. Кішісі мемлекеттік қызметке ден қойып, 28 жасында Тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары, ал бірнеше жылдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кадр департаментін басқардыы.

Кіші ұлдың карьерасы

2013 жылдың наурыз айында 35 жастағы Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары лауазымына, екі жылдан кейін бірінші орынбасарлыққа дейін көтерілді. Айта кетейік, 2016 жылы Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы болып тағайындалды. Яғни, 2022 жылдың қаңтарына дейін бұл екеуі 5 жыл тығыз жұмыс істеп, үзеңгілес болған. 

2022 жылдың қаңтарында елде жаппай тәртіпсіздіктер болып, 200-ден астам адам, оның ішінде қауіпсіздік күштерінің өкілдері де қаза тапты. Мыңдаған адам тұтқынға алынып, жүздеген адам күштік құрылымдардың қысымына ұшырады, тонау мен азаптау туралы хабарлар бір сәт те толастамады. Кейін Президент Қ.Тоқаев уәкілетті органдар мұқият және жан-жақты тексеру жүргізетінін айтты.

Айтты және орындады. Қаңтардың 6-сында күштік құрылымдар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті, одан кейін оның орынбасарлары Садықұловты, Ерғожинді және Осиповты ұстады. Әрине, бұл тізімде Самат Әбіштің болмауы таң қалдырды. Өйткені ол жай орынбасар емес, бірінші орынбасар тұғын. 

Мемлекеттік қызметкердің тәртіпсіздікті ұйымдастыруға ешқандай қатысы жоқ деп есептегеннің өзінде, тергеу бұл туралы қайдан білді? Ал Әбіштің адалдығына күмән болмаса, оны неге қызметінен алып тастады? Бір қызығы, Мәсімовті қызметінен босату туралы президент жарлығы 6 қаңтарда шықты, ал Әбішті 17 қаңтарда ғана қызметінен босатқан.

Саялы бәйтерек

Уақыт өте келе Самат Әбішке қойылар сұрақтар туындап, журналистер мемлекеттік органдарға өтініш-тілектерін жаудырды. Жауаптар қысқа да нұсқа: «Ұлттық қауіпсіздік органдарында Әбіш С.С.-ға қатысты қылмыстық істер тіркелмеген және  бұлтартпау шарасы қолданылмаған». 

Бірақ 2022 жылдың маусымында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Асқар Әмерханов Самат Әбішті «тергеуде» деп айтты. Кейін белгілі болғандай, ол тергеуге куәгер ретінде шақырылған.

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіргеніміз орынды болар.

«Біз мұның мемлекеттік жүйеге нұқсан келтіруге бағытталған лаңкестік әрекет екенін алға тартамыз, сондықтан біз төңкеріске қатысы бар, арандатумен айналысқан немесе оны ұйымдастырғандарды жауапқа тартуымыз қажет», - деді брифингте.

Ол сондай-ақ қазірдің өзінде қолда бар материалдардың барлығын Бас прокуратура жариялайтынын және халықтан ештеңені жасырып қалмайтынын батыл айтқан. 

Мәсімов пен оның орынбасарларының ісіне қатысты сот отырыстары жабық есік жағдайында өткенін ескерсек, президенттің бұл сөзіне күмән келтіруге болады. 

Жыртық астау немесе бағы тайған арыстан

Бір кілтипан шықпағанда, Елбасының інісі тергеудегі «куәгер» статусында қала берер де еді. Сот отырысында қаңтардағы тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар деп айыпталған ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов бұйрықты Самат Әбіштен алғанын жайып салды. 

Ысқақов қылмыстық істі «саяси астары бар» деп атап, тағылған айыпты қасақана жала жабу деп мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу Самат Әбішті, Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік департаментінің экс-басшысы Нұрлан Мәжиловті және басқа да лауазымды шенеуніктерді қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін мұны қаңтар трагедиясын ұйымдастырушы ретінде көрсеткісі келеді.

Осы мәлімдемеден кейін Ысқақовтың түсінік бергенде айтқандары «құпия» санатына жатқызылып, сот жабық режимге ауыстырылды. Оның үстіне Ысқақов пен басқа да бірқатар айыпталушы сот отырыстарына онлайн режимде қатысты, өйткені «олардың ІІМ ҚАЖК-нің №72 мекемесіне ауыстырылуы және сотқа барып-келуі қылмыстық процеске қатысушыларға қауіп төндіруі мүмкін». Сот процесінің онлайн өтуі судьяға тиімді болғанға ұқсайды. 

Неге жасамасқа?

Соған қарамастан, Ысқақовтың ақиқатты жайып салуы қоғамды дүр сілкіндірді. 2023 жылдың қыркүйегінде, қаңтар оқиғасынан кейін бір жарым жыл өткен соң, Елбасының інісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 

Бірақ оның бұрынғы әріптестеріне «жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды және билікті күшпен басып алмақ болды» деген айып тағылса, Самат Әбішке бір ғана бап бойынша – «билікті асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Ал осындай баппен айыпталып отырған адам басқалар сияқты тергеу изоляторында емес, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйқамақта отыр.Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев айтты.

Айта кетейік, тергеу фокусына Самат Әбіш қана емес, оның ағасы да түсті. Қайрат Сатыбалды інісі секілді оңай құтылмады. Ол 2022 жылдың наурызында қаңтардағы тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп емес, ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеуді аяқтағаннан кейін Антикор «жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден астам немесе 500 миллион АҚШ долларынан астам сомаға заңсыз жолмен алынған активтер мен қаражат мемлекетке қайтарылды» деп мәлімдеді.

Соңында Сатыбалды алты жылға, оның бұрынғы әйелі жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, экс-шенеунік «ұрлығы үшін жазаланды». 

Аяқсыз қалған сөйлемдер

Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары өзінің жақын әріптестерінің төңкеріс әрекетін қалай жоспарлап, қалай жүзеге асырғанын байқамай қалды дегенге сену өте қиын. Самат Әбіштің Ресей Федерациясының Сыртқы барлау қызметінің академиясын бітіргенін ескерсек, байқамадым деуіне сену қиын. 

Экс-президенттің інісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде мүлдем жұмыс істемей, жай ғана жоғары лауазымды ретінде тіркеліп тұрса, онда оның сөзіне аздап сенуге болар еді. Ағасы президент болғасын, орналастырып қойған ғой деп ойлаймыз да қоямыз. 

Бірақ қаңтар оқиғасы кезінде Әбіштің бұйрық бергенін ашық айтқан Ысқақовты қайда қоясың?! Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қандай бұйрық берді? Бәлкім, Ысқақов бұл туралы сот барысында егжей-тегжейлі айтқан болар. Бірақ сот залына кіргендердің барлығы естігенін жария етпеу туралы құжатқа қол қойғандықтан, олар да үнсіз қалды.

Оның үстіне Қ.Тоқаев та тәртіпсіздікке түрткі болғандар Н.Назарбаевқа жақын адамдар екенін ашық айтты (Президент мақаласы, «ЕҚ» газеті, 3 қаңтар, 2024 жыл. – Ред). 

«Кейін мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның ең жақын серіктерінің саяси ойындары елді құрдымға жіберуге шақ қалғанын бетіне айттым», - деді Тоқаев жақында берген сұхбатында.

Нұрсұлтан Назарбаев шынымен де туыстарының қауіпсіздігіне кепіл болып жүр ме? Әлде Самат Әбіштің артында басқа біреу бар ма? Шешілмеген жұмбақ көп... Жаңа Қазақстанның сот жүйесі бұрынғыша ескі әдіспен жұмыс істейтіндей.  Олай болса, Самат Әбіш «көлеңкеде» қала береді. 

Айта кетейік, небары 35 жасында генерал-майор шенін алған адамның интернетте бірде-бір сұхбаты, бірде-бір комментарийі жоқ.

Серіктес жаңалықтары