×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жаңа аудандар & қалалар. Олардың экономикалық әсері

11.01.2024, 14:54
Жаңа аудандар & қалалар. Олардың экономикалық әсері
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жетіген ауылы бір күнде облыстық деңгейдегі қалаға айналып шыға келді. Іргесі толып, үлкейген ауылды қалаға айналдыру жоспары бұрыннан бар-тын – кеше ақыры, президент жарлыққа қол қойып, Қазақстанда 90-шы қала пайда болды.

Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып келгелі бұрын жабылған облыстар мен аудандар қайта ашыла бастады. «Бір кезде біз де облыс едік» деп ескі күндерін күрсіне еске алатын көңілі орта жұртты жұбату да оңай екен. Жаңа аудан немесе облыс ашып бер – жұрттың өзі жиналып той жасап, думандатып, басшыларға алғыс айтып кетеді. Осыны көргеннен бе, қала  құру немесе аудан ашу биліктің «фишкасына» айналғандай әсер қалдырады. Аудан аштың – жұрт ырза, ол мырза.

Десе де, облыс немесе аудан ашудың, қала құрудың артықшылықтары мен кемшіліктері неде? Үкімет бюджет шығынын жаба алмай отырғанда бұл процес қосымша қаржылық салмақ түсірмей ме? Аталған өзгерістер сондағы қарапайым халықтың өміріне қалай әсер етеді? Ulysmedia.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Алатауға бес миссия жүктеліп отыр

Алатау – Қазақстандағы саны жағынан 90-шы қала ретінде тіркелді. Президент тікелей тапсырма бергеннен кейін үкімет Алатау қаласының бас жоспары жобасын да едел-жедел әзірлеп жіберді. Жоба қаланы 2050 жылға дейін салуды көздейді екен. Билік Алатауды жаңа Жібек жолы бойындағы жаһандық туристік орталығына, Қазақстанның жаңа тұрпатты, экономикалық дамыған өнеркәсіптік қаласына айналдыруды көздейді.

Жаңа қалаға – болашақ заманауи мегаполиске 5 миссия жүктелген. Оған сәйкес, Алатау «ойын-сауық және туризм орталығына, экспортқа бағытталған сауда-логистикалық орталыққа, өмір сүру үшін ең қолайлы, әлем деңгейіндегі мегаполиске, тұрақты инфрақұрылымы бар қалаға, қолайлы инвестициялық ауданға» айналуға тиіс. Жоспар орындалса керемет-ақ – орындалса тек.

Бұрынғы Жетіген – бүгінгі Алатау қаласы (фото: ашық дереккөзден)

Қала қауіпті аймақта орналасқан

Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл аумақ әртүрлі болжамды сейсмикалық қауіптілігі бар аймаққа жатады. Мамандардың айтуынша, ауданының көп бөлігі 8 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Оңтүстік-шығыс бөлігі тіпті 9 балдық сейсмикалық аймаққа кіреді. Мұның бәрі қала салу кезінде ескерілсе, дұрыс.

Диснейленд пен Формула-1 тасжолы салынады 

Алатауда Орталық Азияның негізгі ғылыми, білім беру хабын құру жоспарланған. Ондағы университеттер мен колледждерде оқитын студент саны 40 мыңға дейін жеткізілмек. 927 және 937 төсектік 2 көпсалалы клиника, ІТ саласындағы компаниялар жинап, инноорталық ашылады. Киностудия, музыка, блогинг, театрлар және басқа да шығармашылық кәсіптер саласында қызмет жүргізу үшін қажетті инфрақұрылым тұрғызу арқасында таланттарды тарту нүктесіне айналдырылмақ. 
Алатау қаласына көп жер беріледі. Сондықтан оның айналасында агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды дамытуға бөлінеді. Қалада, мешіт, шіркеу, синагога сияқты діни нысандар, алып ипподром тұрғызылады. 

Бас жоспарға қарасаң, Алатауға барып тұрғың келеді (фото: ашық дереккөзден)

Ең бастысы, Алатау қаласы – казинолар қаласы ретінде дамытылады. Бұл оның бас жоспарында жеке аталып өткен. Одан бөлек, қалада «Диснейленд» ашу көзделген. «Формула-1» автожарыстар тасжолы болады. Бас жоспардың амбициясының таудай болғаны соншалық – әкімдік туристерді тарту үшін F1 жарыс трассасын сонда ірі жарыстарды өткізбек екен.
Бас жоспарға қарасаң, Алатауға барып тұрғың келеді. Бірақ осыған әкімдік қаражатты қайдан алғалы отыр?

Урбанистер не дейді?

Урбанистерді құлақ түрсең, ауылдың қалаға айналуы – игі шаруа. Жұрттың тұрмысы түзеледі, жаңадан әлеуметтік нысандар салынады. Мәселен, урбанист Толқын Сағалова Жезқазғанды мысалға келтіріп, ондағы халықтың Қарағандыға дейін жетуі проблема болғанын атап өтеді.

– Меніңше, мұның екі себебі бар, бірі экономикалық, екіншісі саяси сипатқа ие. Жалпы, меніңше, ауылдың қалаға айналуы жақсы-ақ. Жаңа мәртебе, инвестициялар. Ірі қалаларға жаппай көшкен халықтың да біраз бөлігі бәлкім, жаңадан құрылған қала немесе аудандарға барар. Еуропаны араласаңыз, кішкентай ғана ауылдардың қалалық статусы барын көресіз. Ол ауылдарда музейлерге дейін бар, - дейді ол.

Алматы мен Қонаев қаласының арасы 70 шақырым. Алатау екеуінің ортасында. Осыны ескерсек, бұл шешім алып шаһарды кеңейту жобасына ұқсайтын секілді.

Оқиы отырыңыз: Алатау кімнің бизнесі немесе жаңа қала салу кімдерге тиімді?

Урбанистің айтуынша, қала статусы берілгеннен кейін билік бәрібір ол шаһарға аурухана немесе мектеп салуға мәжбүр болады. Мәселен, Астананың іргесіндегі Қосшыда қала болғаннан кейін ғана жаңа ауруханалар мен мектептер салына бастаған. 

Жаңа қала ашу үлкен қаражатты талап етеді

Экономист Расул Рысмамбетов аудандарды қайтару – қалыпты құбылыс екенін айтады.

Расул Рысмамбетов

– Бізде аудан әкімдері сайлауы жүріп жатыр. Осы арқылы бәлкім, басқару тетіктерін күшейтуге болады. Кішкентай аудан болсын, өзін-өзі басқару құқығына ие болуы керек. Аудандардың өз бюджетін өзіне жұмсағаны да дұрыс. 

Ал жаңа қаланың құрылуы үлкен сұрақ туғызады. Кезінде Нұркент қаласын салуға күшті көп салған. Қазір Ақкөлді саламыз дейді. Алатау бар. Енді бюджетке қатысты сұрақ туындайды – олардың бәріне қаражат қайдан бөлінеді? – деп сұрақ қояды ол.

Экономист Астана тек қазір өзін-өзі қаржыландырған деңгейге жеткенін, ол үшін 20 жыл кеткенін айтады. 

– Біздің бюджетте ақша бар ма? Ол қалаларға қанша ақша бөлгелі жатыр? Тағы спорт кешендерін сала бастай ма? Қаржы министріне осы сұрақты қояр едім. Түркістанды алайық. Қаншама ақшаны жұмсап, нысанды салды – солардың жартысы жабық. Астананың өзінде салынған спорт нысандарын ұстап тұру үшін әкімдік ақша бөліп отыр – себебі олар өз-өзін ақтап тұрған жоқ. Қалаларды аша берсін – тек басқа өңірден жырып, артық бөлмесе екен. 
Ауыл қалаға айналдырып, бәлкім, тұрғындардың өмірін жақсаратпақ шығар. Марқакөл, Катонқарай, Мақаншы секілді шекарадағы аудандардың ашылуы құба-құп. Бірақ жаңа ауданнан бөлек, жаңа қала ашу үлкен қаражатты талап етеді. Шынымды айтсам, сол шешімді түсінбей отырмын. «Қаланы құруға негіз болған осы» деп нақты есепті көрсетсе дұрыс болар еді, – дейді Расул Рысмамбетов.

Экономикалық белсенділік арта ма?

Тағы бір экономист Жарас Ахметов 1939 жылы 5 желтоқсанда ҚазақКСР сталиндік конституция күшіне енгелі бері облыстардың шекаралары қаншама рет өзгергенін еске ала келе, ол жерде экономикалық мақсат неде болғанын табу қиын дейді. 

Жарас Ахметов

– 19 облыс па, 16-ма, 15-пе – сан жағынан ешқандай мән көріп тұрған жоқпын. Ашылды – бітті. 1939 жылғы конституцияны текке еске алып отырған жоқпын – содан бері облыстардың шекаралары көп өзгерді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында да мұндай өзгерістерден адамдардың өмірі тағы жақсарып кеткен жоқ. Бұл жерде бюджет құрылымының маңызы зор. Бізде ол үш деңгейлі: республикалық, аймақтық және аудандық бюджет бар. Аудандық бюджет аймақтық, аймақтық республикалық бюджетке тәуелді, – дейді ол.

Жарас Ахметовтың айтуынша, қаланың құрылуы белгілі бір деңгейде серпін береді. Бірақ сарапшы оны «қысқа мерзімді серпін» деп атайды. Яғни ауыл қалаға айналғаннан кейін бюджет ақшасы көбірек аударылады. Жарас Ахметов одан экономикалық белсенділік уақытша ғана артатынын айтады.

Екі жылда қанша облыс, қала және аудан құрылды

2022 жылы Қазақстанда үш облыс – Абай, Жетісу және Ұлытау облысы құрылған болатын. Ал Алматы облысының орталығы болып бұрынғы Қапшағай – қазіргі Қонаев қаласы белгіленген. Ізінше, Шығыс Қазақстан облысында Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылынан Ақжар ауылына көшірілді. Ал Көкпекті ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Самар ауылында орналасатын Самар ауданы құрылды. Шығыс Қазақстан облысының құрамында солайша, екі аудан ашылды.

Ал 2023 жылы шығыста жаңа 4 аудан құрылды. Қатонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен Үлкен Нарын ауданы құрылса, Күршім ауданынан Марқакөл ауданы бөлінді. Ал Абай облысында Мақаншы мен Жаңа Семей ауданы құрылды. Биыл жыл басында Жетіген ауылы Алатау қаласы болып құрылды. Алда Нарынқол ауданы ашылады.

P.S Материалды әзірлеу барысында жасатқан коллажға назар аударсақ жаңа елдімекендердің басым бөлігі елдің Шығысында құрылған. Мұның бірден бір себебі шекаралық аумақтарды қымтай түсу болса, екінішіден дәл сол Қытайдан келетін инвестицияға үміт артылуы да мүмкін.